09 ақп, 2024 сағат 19:30

Көктемде иммунитет түссе не істейміз?


Фото: tr.pinterest.com

Көктем-күз айларында денсаулықты сақтау және иммунитетті нығайту өте маңызды. Алда көктем келе жатыр. Осы орайда Ult.kz порталының тілшісі иммунитетті көтеру жолдарын қарастырып көрді.

 

Сізде жиі суық тию, температураның ұзақ уақыт түспей қоюы, үнемі шаршап жүру, буындар мен бұлшықеттердің ауыруы, ұйқының бұзылуы, жиі бас ауруы, терідегі бөртпелердің пайда болуы сияқты белгілер байқала ма? Бұның бәрі иммундық жүйенің жұмысының бұзылуының көрінісі. Егер иммунитет түсіп кетіп, оны көтеру керек болса, алдымен оның неге түскенін анықтау керек.

 

Иммунитетті сақтауға ықпал ететін 3 нәрсе:
*дұрыс ұйқы;
* физикалық белсенділік;
* дұрыс тамақтану.

 

Дұрыс тамақтануға күнделікті рацион ет пен балық тағамдары, сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидектерден тұруы тиіс. Көпшілікте дәрумен жетіспеушілігі байқалады. Мысалы, Д дәрумені жетіспесе адам бойында ұйқышылдық пен әлсіздік пайда болады. Сондықтан әркім өзіне қажетті витаминдерді ішіп, спортпен айналысуы тиіс. Дәрумендерді ғана ішіп, дұрыс тамақтанбау не болмаса құнарлы тамақтана отырып, денешынықтырумен айналыспай қоюға болмайды.

 

Демалыс пен физикалық еңбектің үйлесімі бұзылғанда, үнемі депрессия, стресс, ұйқының бұзылуы иммунитетті әлсірете түседі. Саламатты өмір салтын сақтау, физикалық белсенділік, таңғы жаттығу, жүгіру, жаяу жүру, жүзу, серуендеу, зиянды әдеттерден аулақ болған маңызды.

 

Денені шынықтыру иммунитетті көтеруде өте маңызды екені рас. Көп қимылдаған дұрыс, қимыл-қозғалыс кезінде адамның қан айналымы жақсарып, бұлшық еттері қалпына келеді. Дененің ырғалуы ішектің де бұлшық еттерін реттеп, қызметін жақсартады. Иммунитетті күшейту үшін кебектен жасалған нан, қырыққабат, сәбіз, аскөк және қызылшаны көбірек пайдаланған жақсы. Ал ақуызға бай тағамдар, әсіресе ет ішектің жоғарғы бөлімдерінен бастап сіңеді де, зиянды бактериялар  әлсірейді. Түрлі тұздықтар бұл процесті күшейтеді, сондықтан етке бұрыш немесе дәмдеуіштер қосып жеуге болады. Тамақтан соң 2 ас қасық өсімдік майын ішу де өте пайдалы.