Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто мен ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизен Қазақстанда қашықтан оқыту үшін таңдалған тетіктер туралы өз пікірлерін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі таңда елде 3,2 млн астам оқушы қашықтан оқыту форматына көшті. Негізінен телесабақтар мен арнайы мамандандырылған білім беретін интернет-платформалар қолданылуда. Оқушылармен кері байланыс «Күнделік», «Mektep.edu.kz және «Bilimal.kz электронды журналдары, сондай-ақ «Google Classroom», мессенджерлер, электрондық пошта және пошта қызметі арқылы жасалады. Барлық телесабақтар Интернетте қолжетімді. Бұл қажет болған жағдайда видеосабақтарды қайта көруге мүмкіндік береді. Қосымша ретінде телесабақтардың радио нұсқасы да ұсынылған.
Дүниежүзілік банк өкілі атап өткендей, бүгінгі күні барлық елдер жаңа жағдайларға бейімделуге тырысуда және білім беруде Интернетке қосылу деңгейіне байланысты түрлі тетіктерді қарастыруда. Дүниежүзілік банк көптеген елдерге үздіксіз білім беру процесін қамтамасыз ету мақсатында қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді шаралар бойынша ұсыныстар берді.
«Жалпы, Қазақстанның таңдаған тәсілдері, телесабақтар мен радиосабақтарды пайдалануды қоса алғанда, біздің ұсыныстарымызбен сәйкес келеді. Өйткені, ең маңыздысы – қиын жағдайларда барлық оқушылардың білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Сол себепті, Сіздер барлығын дұрыс істеп жатырсыздар. Барлығы да басынан бастап 100 пайыз жұмыс істеп кетеді деп күтуге болмайды, себебі барлығының осы жағдайға бейімделуі қажет», – деп атап өтті ДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто.
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі өкіл Артур ван Дизеннің атынан Қазақстанның Білім және ғылым министрлігіне ресми хат жолдап, онда COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай кезеңіндегі табысты ынтымақтастығы үшін алғыс білдірді.
«ЮНИСЕФ ҚР Білім және ғылым министрлігінің карантин мен қашықтан жұмыс істеу режиміне қарамастан, оқу процесін қамтамасыз ету бойынша басқа мемлекеттік органдармен әріптестікте танытқан күш-жігерін құптайды. Сондай-ақ, министрлік қалыптасқан ахуалды назарға ала отырып, қабылданатын шешімдерін жағдайға қарай бейімдеу үшін қажетті қадамдар жасауда, әдістемелік және техникалық мәселелер, қолда бар оқыту платформалары мен арналарды жандандыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда», - делінген ресми хатта.
Аталған халықаралық ұйымдар төтенше жағдай кезінде ҚР Білім және ғылым министрлігіне қашықтан оқыту мәселелерінде қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.