Өнер - бөлек, искусство - басқа
Қазақ халқының сөз бен саз өнері негізінен импровизацияға негізделген. Бұл жағынан алғанда мұны далалық өнердің басты ұстанымы дей отырып, оның батыс (дәлірегі – отырықшы елдердің) искусствосынан ерекшелігін пайымдаған жөн. Отырықшы өркениеттің искусствосы адамның өзін қоршаған ортаға қарым-қатынасынан туындаса, далалық өнер адамға КӨК-тің немесе ғарыштық құдіреттің ықпалынан немесе көшпенділердің КӨК-ке қатынасынан өнеді. Сол себепті де, қазақ халқы өнерді кие тұтып, Жаратқанның сыйы деп қабылдап, өнер иесін сол құдіреттің кәдесіне жараушы ретінде қадірлейді. Сондықтан да, көшпендінің өнері мен тамашалаушының арасында сахна жоқ, кулуар секілді қуыс-қолтықсыз, делдалсыз, өнердің туу сәтінен бастап, оның орындалуына дейінгі барлық процесс тұтынушысының көз алдында ашық өтіп жатады. Бұл жағынан алғанда, қазақ өнеріне жететін демократиялық сипаты бар өнер аз, бірақ, бұл – искусство емес. Өйткені, искусство адамға ғана тән болса, ал импровизация Көктің төрінен «тартылатын» (суырылатын) және «өнетін» құдіреттің бір бөлшегі болып табылады. Сол себепті де, далалықтар саз өнеріне қатысты «тарту» ұғымын пайдаланады: домбыра тарту, қобыз тарту, сырнай тарту. Мұның түбінде, саз сарынын Көктің төрінен суыртпақтап тарту үдерісін мағыналау жатыр. Бұл жағынан қарағанда көшпенділердің өнер турасындағы түсінігі отырықшылардан әлдеқайда бөлек. Себебі, отырықшы халық саз аспабымен «ойнайды»: «играть на гитаре», «играть на балалайке», «играть на домбре», т.б. ұғымдары осыны көрсетеді. Олар үшін өнер өнер емес – искусство, адам қолынан жасалатын өнериеттік өнім. Ал, өнер – бұл далалық өмірде ғана барынша сақталатын және Көк пен өнерпаздың бірлесу процесінің нәтижесі, алайда, қазіргі отырықшыға айналған қазақтардың мұндай өнерге ие болуы аса сирек. Сондықтан да, суырып салып күй шығарған қазаққа қазір жолығуымыз екіталай. Бұл – қазіргі қазақтың отырықшы үдерісіне ұшырағанының белгісі. Отырықшы өркениеттің искусствошылдығы сонда – адамның кеңістікте бір ғана қоныспен шектеліп, айналаның (қоршаған ортаның) ғарышпен қатынасына мүмкіндік жасайтындай экологиялық кедергіге тап болуында, құдіретті өнерді қабылдауға қажетті, бойдағы қабылет көздерінің бірте-бірте бітелетіндігінде.
Жалпы, о бастағы далалық өнердің туындысы қазір искусство ретінде мойындалып жүргенімен, оның арналу мақсаты адамның көңіл-күйін білдіруі емес, Адам мен ЖАРАТУШЫНЫҢ арасындағы қарым-қатынастан туындайтын болуы керек. Бірақ, мұндай қатынас адамзат мойындаған киелі жерлерде іске асуы ықтимал. Біздің пайым бойынша, сондай киелі жерлердің бірі ежелгі түркілердің кие тұтқан Қайлас тауы болуы ғажап емес. Әрине, ондай құдіретті мекендерді экологиялық жағынан әлгіндей қатынасқа қолайлы болатындығымен киелі деп есептеу керек болар. Бертін, далалықтардың бойындағы бұл қатынас дами келе, өнердің (күйдің, жырдың, айтыстың, әннің) туындау процесіне айналған болса керек те, сонымен бірге, көшпенділердің бойына сіңген экологиямен арадағы тығыз қарым-қатынас, олардың тірлігінің мәніне айналған. Міне, сондықтан да көшпенділердің өнері секілді, ішкен асы да соншалықты қарапайым, әсіре өңдеуден ада, барынша табиғи. Симфония мен күйді, қымыз бен шарапты салыстыра отырып, осындай ойға амалсыз келуге болады. Симфония өңдеусіз қалмайды және оның бір ноталық ноқатын өзгерту мүмкін емес. Ал, күй қалай шықса, солай тартыла береді, бірақ, әр күйшінің өзінше орындау мүмкіндігі бар, өзінің қосары мен өзгертері бар. Былайша айтқанда «жабайы». Егер, «жабайы» сөзінің ұғымына адамның қолына қатысы шамалы айналаны жатқызатын болсақ, отырықшы халықтардың көшпенділерді о баста осылай атауының мәні – оларды мәдениетсіздікке жатқызғандығында емес, тірлігінің табиғатпен сіңісіп кеткендігінен атаса керек. Яғни, далалықтар жасандылыққа емес, бар болмысын табиғилыққа (натура – жабайы) арнаған. Алайда, отырықшы саясаттың нәтижесінде аталмыш көшпелі болмыс бара-бара келемеж бен күстәнәға айналған. Алайда, отырықшылар қай нәрсені де өңдеуге қабілетті, ал, көшпенділерге басқы туындатушылықпен шектелу тән.
Өнерге сай жағдай қажет
Сонымен, көшпелі қазақтың өнері искусствоға жатпайды, Жаратқанның көңіл-күйі іспетті, шынайы үдеріс туындысы, сонысымен, табиғи кен секілді «олпы-солпы», сонысымен, табиғи да пәк өнер. Сондықтан да, қазақ өнерін тудыру үшін кулуар да, сахна да керек болмаған, керек болған бір нәрсе ол – өнерпаз бен тамашалаушы ортаны біртұтас ететін бірыңғай аудитория ретінде, ғаламдық модельдің аян қабылдаушы үлгісі – қарүй болса жеткілікті болған. Өйткені, екі дүние арасында қыдырушыларға айналасы жұп-жұмыр өнер тудыру міндетті болмаған, соған сәйкес, оның театр деп аталатын шеберханасы да қажет емес, себебі, далалықтар үшін табиғатты жатсыну ұғымы жоқ, олар үшін, театр үдерісі кеңістік пен уақыт аясында туындайтын өнер болып табылады.
Қазақ өнерінің ғаламдық туындылық қасиеті, оны ғарыштық жағымды қуат әкелуімен ерекшеленеді. Осылайша, ғарыш моделі – киізүйдегі өнер Көктен «өнген» күйінде, сол бойда импровизациялық процеспен адам бойына делдалсыз сіңірілген. Мұндай саф өнер – киелі. Жағымды да жасампаз тірі қуатты қазақ кие деп атайды. Кие неғұрлым далаға еркін тараса, соғұрлым оның жасампаздық ықпалы зор болған. Дала құтханаға, ал, қара үй храмға айналған.
Қазіргі кезде Кеңес заманынан бастау алған, қазақ өнерін еуропалау дәстүрі оны «театрландыруды» бастан кешіруде. Сондықтан да, айтыскерлеріміз әртіске көбірек ұқсас, жыршыларымыз болса сахнаға «сыймауда». Сахна – біртұтас болып табылатын қазақ өнерінің орындаушысы мен тұтынушысы арасын ажыратып жіберді. Бұл өнерпаздардың бойына жағымсыз қылық дарытуда. Қазіргі айтыс өнер көзі емес, табыс көзіне айналды, бірақ, айтыс өзінің мазмұны жағынан бұрынғы деңгейіне жете қойған жоқ. Жыр мен терме тек қана фольклорлық маңызы бар дүние ретінде тамсандыруда. Қазақ өнері үшін бұл жеткіліксіз. Аталмыш өнер түрлері фольклорлық шеңберден шығып, заманның классикалық (қадырлы) өнер нұсқаларына айналуы қажет. Ал, ол үшін, сол өнердің табиғатына сай жағдай жасалғаны жөн. Қысқасы, қазақтың төл өнерлерін сахнаға қамауды доғарып, тұтынушымен кіріктіріп, ежелгі өнер үдерісін жасақтау қажет. Бұл жағдай, аталмыш өнерді фольклорлық ауқымнан классикалық ауқымға кеңейту мен өнердің төл сипатына сай жағдай жасауды талап етеді.
Елордамызда еуропаның әрбір саз аспабына, өнеріне (опера театрлары, орган сарайы) сарай сала бастадық. Ал, қазақ өнерінің өзіне тән әлемін жасақтау күн тәртібінде тұр. Себебі, қазақтың сағаттап көсілетін айтысына, жырына, термесіне сәйкес арнайы өнержай қажет, қазіргі еуропалық ғимарат тұрқы қазақы өнердің киесін кетіріп, рухын түсіріп, кеудесін қысуда. Қысқасы, киелі далаға Көк қуатын тартатын және ұлтқа шабыт шақыратын қазақтың сөзі мен сазына арнайы сарай салудың уақыты келді. Оның үстіне, еуропалық әрбір аспапқа бір сарай салу қазақстандық үрдіске айналды, ал, төл өнердің жағдайы сын көтермейді.
Серік Ерғали,
саясаттанушы