12 нау, 2025 сағат 18:29

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: «Өгейлік өктем болмас үшін «Болмаған балалық шақ» фильмінің атқарар қызметі айырықша»

Фото: Тыныштықбек Әбдікәкімұлының жеке мұрағатынан

Көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімұлы жазушы Ақберен Елгезектің  «Болмаған  балалық шақ» повесіне негізделіп түсірілген фильмді көргеннен кейінгі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Ult.kz.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: "Өткен ғасырдың ортасында жарыққа шыққан әйгілі «Менің атым Қожа» повесі секілді, Ақберен Елгезектің бұдан оншақты жыл бұрын үзінділері әлеуметтік желі арқылы кеңінен таралған «Болмаған  балалық шақ» повесі де бестселлерге айналды. Оның драмалық нұсқасының еліміздегі театрлар кеңістігін де оңай жаулап алар мүмкіндігі барын Астанадағы, Алматы мен Семейдегі аншлагтар динамикасынан анық көреміз. Ал, аталмыш шығарманың экрандалған нұсқасы ақпан айының 27-нен бастап еліміздің барша кинотеатрларында жаппай көрсетілуде. 

Бір ғана шығарманың дәл солайша әрқайсысы өзінше мазмұндық, идеялық, көркемдік ерекшеліктерге ие әдебиеттік, сахналық, экрандық озық үш нұсқаға айналуы руханият әлемінде сирек ұшырасатын құбылыс. Ал, туындының экрандық нұсқасының өмірді өнер түрінде шынайы көрсете білу мүмкіндігінің жоғарылығы тұрғысынан да, техникалық, жанрлық, т.т. параметрлері жағынан да озық болмағы өзінен-өзі түсінікті. 

 Аталмыш фильмнің бәсекелік артықшылығының басты жеті факторы бар. Олар – бірмезетте ересектің де, баланың да қабылдауына лайықтылығы, ұлттық құндылықтар колоритіне діни әдет-ғұрыптар насихатының  араласпауы, актерлық құрам шеберлігі мен сценарийдегі  күрделі драматизм һәм режиссурадағы нәзік психологизм, сондай-ақ, көркем мистицизм мен магиялық реализм. 

Соңғы екі фактор туралы бір-екі сөз айтқымыз келеді арнайы. Мысалы, ең құдыретті ақыл-ес иесі ретіндегі Түп Тәңірінің өзі де – Маг. Ең құдыретті Маг. Оның «Бол!» десе  болдыратын» хикметімен, яки Абай айтатын «қаріпсіз-дауыссыз Сөзімен» ұдайы жаралып, таралып, Түп Тәңірінің өзіне үнемі қайыра оралып жататын Космос та – шетсіз-шексіз магиялық жасампаз кеңістік. Күн астындағы жарық Дүние де, өмірдің өзі де – магия. Кемелденбеуіміздің, ізденбеуіміздің кесірінен біз олардың құпия құбылыстарын еш байқамаймыз. Байқасақ та, сенбейміз.

Кемел адамның ақыл-есі де – магиялық әлем. Ол «Бастағы Бақ» (Бастағы Жұмақ Ес) деп аталады. Оның иесі – де Маг. Бақ (Жұмақ Ес-Күн, Құдай) сөзінің құбылғы Маг үлгісі «Бастағы Бақты басқарушы Рухтың» да Маг екенін Сөзтаным арқылы нақ растап тұрады. Ол ғажаптың фольклорлық көркем формулаларының бірі: «Оқыған – қара суды теріс ағызар. Ошаққа қара тастан май тамызар». Тіпті, қатардағы пенденің сөзі де – қуаты өте аз болса да, магиялық құбылыс. «Би айтқанды құл да айтар, аузының жоқ дуасы» деген – сол. Немесе, «Сиқыр сөзбен арбасаң, Табиғат басын иеді. Кәрленіп кімді қарғасаң, қатесіз оғың тиеді» (Шәкәрім).

Өкінішті әрине, қағидалары қат-қабат күрделі ғылымдар жиынтығы ретіндегі магияның құпия заңдылықтары – әлемде әлі күнге дейін мүлде зерттелмеген деуге келетін феномендік категориялар. Сондықтан, фильм туралы осы шағын пікірімізде біз өмір үшін де, өнер үшін де, қазақтың бүгіні мен болашағы үшін де маңызы айырықша магизм мен мистицизмнің экранизацияланған көркем көріністерінің біреуінің ғана мәнісін аз-маз талдаумен шектелеміз. 

Мысалы, Ақош (прототипі – бала Ақберен Елгезек) өзінің қатыгез өгей әкесін сиқырлы зұлымдық иесі деп біледі. Өз түсінігі бойынша, әжесі айтатын «қорқынышты алып Бүжәй» сол. Қазақ фольклорында ол «Бөкій» деп те аталады. Қаршадай Ақош магиялық тылсым әлемнен (кинода ол «Теріс» деп аталған) қуат жиып, сол «Бүжәйді» жеңуді армандайды. Армандап қана қоймайды, оның рақымсыздығына еш қорқынышсыз қарсыласып бағады. Бірақ, бір қызығы, біз кинодан Ақош балдырғанның сол «Теріске» деген кәміл сенімі мен «Бүжәйға» деген өшпенділігінің кәмелетке толса да өзгеріссіз сақталып қалғанын байқаймыз. Оның бір белгісі – нағашы ағаларымен бірге аңға шыққан сапарында қайырымсыз өгей әкесін мылтықпен атып өлтіргісі келетіні. Оның дәл солайша «Теріске» ғана сеніп, «аңғал әрі бейкүнә кейіпте өзгеріссіз қалып қоюы» мүмкін бе? Мүмкін емес, әрине. Ондай «өзгеріссіз қалған» аңғалдық пен бейкүнәліліктің, жан тазалығының басты бір сыры ұлтымыздың магиялық фольклорының қуатында. Қазақтың барша ізгі қасиеттері мен қабілеттерінің негізі де, «Теріске» сенуін қоймай, өгейлік өктемдігіне бүгілмей қайсар өскен Ақоштың аса аяулы образы да – құпиясы ғылыми тұрғыда әлі күнге еш анықталмаған сондай фольклорлық ізгі энергетикадан. Сол құбылыс кинода Ақоштың ерекше кітапқұмарлығымен де ишараланып берілген. Тіпті, оның  өгейәкелі өмірінде жат болуға айналған өз шешесіне деген әуелгі елжірек махаббатының отын өшірмей өз көкірегінде аман сақтап қалуы да – жастайынан ұлтының адамгершілік, тәлім-тәрбиелік, танымдық құндылығы мол төл ауыз әдебиетін, озық салт-дәстүрін, әулие дүниетанымын ұдайы оқып үйренуден, үнемі қастер тұтудан.

Қарапайым тілмен айтқанда, фольклормен өскен бала сұңғыла болып қалыптасады. Талантты ақын, жазушы Ақберен Елгезек сондай қайырлы да қатал өткелектерден өтіп барып ержетті. Сол тұрғыдан алғанда, фильм режиссурасындағы тағы бір тапқыр шешімге риза боласың. Ол – бала Ақош пен Дина атты кластас қыз арасындағы қалтқысыз іңкәрлік сезім. Сол сезім – Ақберен мен талантты журналист, белгілі омбудсмен Динаның қиындығы мен қызығы мол жұбайлық ортақ тағдырының  символы.

Қош, өз тілінен жеріген, өз ұлттық құндылықтарынан мақұрым ұрпақ қарасы барған сайын зорая бастаған бүгінгі заманда өгейәкелік, өгейшешелік, өгейтуысқандық, өгейбиліктік, өгейсаясаттық секілді түрлене жойқынданатын алапат өгейлік қасіреті ел тағдырында өктем болмасы үшін, «Болмаған балалық шақ» кітабының, «Болмаған балалық шақ» спектаклінің, «Болмаған балалық шақ» фильмінің атқарар қызметінің айырықша маңыздылығын дәлелдеп айтып жатудың өзі артық", -дейді ақын.

Айта кетейік, «Болмаған балалық шақ» фильмі 27 ақпаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетіле бастады. Екі апта ішінде фильм ең көп көрілген фильмдердің қатарына кіріп, 375 млн. теңгеден артық касса жинады.