Көрнекі фото: egemen.kz
Есте жоқ ескі замандардан сауда-саттық пен қолөнердің орталығына айналған Тараз қаласы 2022 жылы Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енген-ді. Мақсат – тізімдегі қалалардың қатарын көбейту емес, облыстың туристік имиджін көтеру, халқымыздың мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтарымыздың қадіріне жетіп, көздің қарашығындай сақтап жүрген қолөнершілерді қолдау.Содан бері Тараз қаласында туризмнің ажырамас бөлігі саналатын қолөнерді дамытуға айрықша көңіл бөлініп, оған дейін де атқарылып келген жұмыстар тіптен жандана түсті.
Cөзіміз дәлелді болуы үшін, өткізілген іс-шаралардың ауқымдыларына тоқталар болсақ, өткен жылы Тараз қаласында Швейцария, Болгария, Тәжікстан, Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Моңғолия, Үндістан секілді шет мемлекеттерден келген 200-ден астам шебердің тәжірибе алмасып, туындыларын жергілікті жұрттың назарына ұсынуға мүмкіндік берген «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты III халықаралық көрме өтті. Тараздық қолөнер және қолданбалы өнер орталығының шеберлері Өзбекстан Республикасының Қоқан қаласында ұйымдастырылған Халықаралық халықтық қолданбалы шығармашылық фестиваліне қатысып қайтты. Жуырда ғана Индонезия мемлекетінде өткен «INACRAFT-2025» халықаралық көрмесінде жамбылдық қолөнер шеберлері көздің жауын алатын туындыларын көпшілік назарына ұсынып ғана қоймай, төл мәдениетіміздің дамуына да зор үлес қосты. Жамбылдық делегацияны бастап барған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, төрт күнге жалғасқан халықаралық көрмеге Орта Азия, Оңтүстік Азия елдерінің және Дүниежүзілік қолөнершілер тізіміне енген қалалардың қолөнершілері қатысыпты. Сонымен қатар биыл Тараз қаласындағы «Достастық жәрмеңкесін» өткізу жоспарланып отыр екен.
Фото: kaztag.kz
«Бүкіләлемдік ЮНЕСКО-ның шығармашылық (креативтік) қалалар желісіне Тараз қаласын қосу үшін жұмыстар жүргізілуде. Жобаның шарттарына сәйкес Тараз қаласы әкімдігі тарапынан қолөнер саласына қатысты ақпараттар жинақталып, тиісті құжаттар ұсынылды. Биыл қаламыздың туристік тартымдылығын арттыру және әлемге таныту үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Тараз қаласында «Достастық жәрмеңкесін» өткізу жоспарлануда. Іс-шара жалпы екі бағытты қамтымақ. Нақты айтқанда, жәрмеңке ауылшаруашылығы және қолөнер саласы бойынша өтеді. Айтулы іс-шараға 15 мемлекеттен туристер келеді деп күтілуде. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде», – дейді Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Әкек.
Ал Жамбыл облысы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының «Тараз – Туризм» туристік-ақпараттық орталығы «Ішкі және кірмелі туризмді дамыту» бөлімінің басшысы Мадина Әбіш қолөнершілерді халықаралық деңгейге шығару, танымал шеберлер мен қолөнер әлеміне енді қадам басқан жастарды қолдауға ерекше назар айдарылып отырғанын жеткізді.
«Қазіргі таңда облыста барлығы 200-ге жуық қолөнер шебері бар. Қолөнершілік бағыт бойынша ұлттық киім үлгілері, кәдесыйлар мен ұлттық аспаптар, ат әбзелдері, ағаш және зергерлік бұйымдар, киіз басу, жалпы тоқыма өнері, кішігірім тоқыма ойыншықтары және тағы да басқа әртүрлі қолөнер бұйымдары жасалады.
Тараз қаласы Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгелі «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігі, «Өшпес мұра» облыстық қолөнершілер ассоциациясы, «Жамбыл облысы қолөнершілер одағы» қоғамдық бірлестігі, «Qoloner Taraz» қоғамдық бірлестігі және «Ala'ns Qoloner» мүгедектер қоғамдық бірлестігі ашылып, бүгінде алға қойған мақсаттарына сай жұмыстар атқаруда.
Қолөнершілер қауымдастығына Тараз қаласы әкімдігі және «Тараз – Туризм» туристік-ақпараттық орталығының қолдауымен Төле би №18/1 мекенжайында орналасқан «Туризм және қолөнер орталығы» ғимаратынан қызметтік кабинеттер берілді. Сонымен қатар, киіз өнімдерін жасау үшін қажетті шикізатпен қамтамасыз ету ісі «Мирас» жеке кәсіпкерлігі арқылы жүзеге асырылуда» – дейді Мадина Әбіш.
«Көп нәрсе тек сөз жүзінде қалады»
Бірақ, осы айтылғандарға қарап «бәрі жақсы екен, жамбылдық қолөнершілердің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып жүр» деп ойлап қалуға тағы болмайды. Атқарылған жұмысты жоққа шығара алмаймыз. Алайда қолөнершілердің арқасына аяздай батып жүрген мәселелер де аз емес. Мәселен қолөнершілер орталығын ашу туралы талай жылдан бері айтыла-айтыла ақжем, жазыла-жазыла жауыр болғанымен, мәселе әлі де өзекті күйінде қалып отыр.
Фото: youtube -Тараз город ремесленников
«Тараз – қолөнершілер қаласы» деп мақтанамыз. Онда неге әлі күнге дейін қолөнершілер орталығы жоқ. «Орталық ашайық» деп талай жерге хат жазылды, талай табалдырықты тоздырдық. Амал не, тыңдайтын құлақ жоқ. Барлығы уәде берумен шектеліп, арқамыздан қағып шығарып салады.
Қолөнершілердің жан-жақта тарыдай шашылып, әркімнің өз білгенімен, қалағанымен айналысып жүргені алаңдатады. Егер бір орталық ашылып, барлық қолөнершілер шеберханада қоян-қолтық жұмыс істеп, бір-бірімен тәжірибе алмасып, апта, ай сайын жеке көрмесін өткізіп жатса, қандай керемет?! Өкінішке қарай, бізде көп нәрсе тек сөз жүзінде қалады», – деп ашынды Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші, суретші Қазым Аманқосов.
Ал Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, суретші Рахат Сапаралиева қолөнершілер қалаларының тізіміне ендік екен деп арқаны кеңге салмай, қолөнерді дамытудың барлық мүмкіндігін қарастыру керек екенін жеткізді. Осы ретте суретші мектептерде, жоғары оқу орындарында қолөнер үйірмесін ашу туралы ұсынысымен бөлісті.
Тыңдар құлақ болса, қолөнершілердің басқа да ұсыныс, талап-тілегі көп. Бізден де бір ұсыныс болсын, биыл Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы басталды. Мүмкін келесі жылды «Қолөнерді қолдау жылы» деп жариялап, жетімнің күйін кешіп жүрген қолөнершілерге көңіл бөлген дұрыс шығар. Әйтпесе, «Қазақстандағы алғашқы Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» деген дардай аты бар аймақтағы қолөнершілердің мәселелері шешілудің орнына, қордаланған үстіне қордаланып жатыр.