28 нау, 2017 сағат 12:10

«Қазақстанның ашық университеті» алғашқы курстарын бастады (фото)

«Кселл» компаниясы мен «WikiBilim» қоғамдық қоры «Қазақстанның ашық университеті» білім беру платформасындағы алғашқы тегін онлайн-курстардың басталғанын жариялайды. Жоба ҚБТУ, AlmaU, SDU, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Математика және математикалық модельдеу институты сияқты еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының қолдауымен іске асырылып отыр.

«WikiBilim» қоғамдық қорының президенті Нұрбек Матжанидің айтуынша, OpenU білім беру платформасының арқасында қазақстандықтар жобаға серіктес университеттердің үздік профессорларының дәрістеріне еркін қол жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Ашық университеттің алғашқы онлайн-курсының авторы – белгілі қазақстандық ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Асқар Жұмаділдаев.

«Жоғары жылдамдықты Интернетке қолжетімділіктің артуы көптеген салаларды өзгертіп, тиімділікті арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашып отырғаны баршамызға белгілі. Мысалы, жоғары білім беру саласында бұқаралық ашық онлайн-курстарға (MOOC) негізделген онлайн оқыту технологиялары дамып жатыр. Дүниежүзінде миллиондаған тыңдарман осындай курстарға қол жеткізе отырып, білім алады, біліктілігін арттырады немесе жаңа мамандықты меңгереді. OpenU жобасының міндеті – ниет білдірушілердің барлығына қазақстандық жетекші профессорлардың ең үздік дәрістеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету. Бұған әсіресе біздің өңірлік жоғары оқу орындарының студенттері мүдделі. «Қазақстанның ашық университеті» диплом бермейді, ол университеттерге өз қызметтерінің сапасын арттыруға, ал оқушыларға сапалы білім алуға көмектеседі», - деп атап өтті «WikiBilim» қорының негізін қалаушы әрі Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Рауан Кенжеханұлы.

Kcell компаниясының қолдауымен алғашқы 10 онлайн-курс әзірленді. Олардың қатарында келесідей курстар бар:

1)   Матрицалар және анықтауыштар;

2)   Мемлекеттік-жекешелік әріптестік;

3)   Web-бағдарламалау негіздері;

4)   Фурье талдауы;

5)   Робототехника;

6)   Введение в компьютерные науки на языке Java.

Бір курстың орташа ұзақтығы – 5 апта. Бірегей білім беру контентінің 80%-ы қазақ тілінде. Бұған қоса, порталда онлайн-курс авторлары ұсынатын арнайы әдебиеттер орналастырылады. Сонымен бірге, платформада алған білімді тексеруге арналған тесттік тапсырмалар да қарастырылған.

OpenU.kz платформасы Гарвард университеті мен Массачусетс технология институты мамандары жасаған Open edX негізінде құрылған. Сайтта интуитивті интерфейс, ыңғайлы видеоплеер, курс тыңдаушыларының жеке кабинеті, тест тапсырмалары мен конспектілер бар.

«Біз «Ашық университет» жобасы тек колледж және жоғары оқу орындары талапкерлері мен студенттеріне ғана емес, сондай-ақ жұмыс істеп жүрген, соның ішінде, ІТ және телекоммуникациялар саласындағы мамандарға да қызық болады деп сенеміз. Оған қоса, платформа мүмкіндігі шектеулі жандар мен мегаполистерден шалғайда орналасқан аудан тұрғындарын білім беру курстарына қол жеткізді. Аталмыш жоба еліміз үшін шынымен де бірегей жоба болып саналады. Келешекте бұл жобаны экономиканың басқа да салаларындағы біз сияқты білім беруді дамыту мен өз саласы үшін жоғары білікті кадрларды дайындауға мүдделі компаниялардың қолдайтынына сенгіміз келеді», - деді «Кселл» АҚ коммуникациялар бөлімінің жетекшісі Наталья Еськова.

"Ұлт ақпарат"