30 мау, 2022 сағат 14:53

Қазақстандық депутаттар жазда қалай демалуды жоспарлап отыр?

Аветик Әмірханян, Ләззат Сүлеймен, Альберт Рау, Гүлнара Бижанова. Коллаж: Tengrinews.kz

Қазақстан Парламенті VII шақырылымының екінші сессиясының жұмысы аяқталды. Депутаттар алдағы демалысқа не жоспарлап отырғанын бөлісті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Айта кетейік, депутаттар қыркүйекке дейін демалысқа шықты.

"Қазір сапарлар, халықпен кездесулер жоспарланған. Кездесулер өте белсенді өтеді. Қазір халық шешілуге тиіс мәселелерді көп қойып отыр. Қаңтар оқиғаларынан кейін шешімін күтетін мәселелер көп. Демалыс уақытында бұл кездесулер жалғасады. Қазақстанда отбасыммен шағын демалыс болады, бірақ жұмыс жалғасады. Күзде депутаттық сауалдарға дайындық жүреді. Қазір халықты толғандырып отырған түйткілді мәселелер Үкімет алдында шешіліп, құрылымдалып, ұсынылуы тиіс", - деді сенатор Ләззат Сүлеймен Мәжіліс кулуарында.

Депутаттардың көбі Қазақстанда демалуды жоспарлап отыр.

"Қазір Баянауылда бірнеше күн демалғым келеді. Негізі Алматы облысында боламын, кейбір облыстарда халықпен кездесу өткіземін. Шағын демалыс болады", - деді сенатор Сүлеймен.

Мәжіліс депутаты Аветик Амирханян демалысын отбасымен өткізуге ниетті.

"Алдымен халықпен жұмыс істейміз. Өңірлер бойынша 10 күн жұмыс істеп, содан кейін ғана демалысқа шығамыз, келесі сессияға дайындаламыз. Үйде отбасыммен, балалармен, немерелеріммен демалуды жоспарлап отырмын. Батыс Қазақстан облысында, Оралда боламын", - деді Амирханян.

Мәжілісмен Гүлнара Бижанова демалысқа шықпақ емес. Оның айтуынша, жазға арналған жұмыс кестесі дайын. Онда көптеген кездесу мен шұғыл жұмыстар бар.

"Өңірде жазда жасалатын жұмыс көп. Біріншіден, қазір біз өңірлерге кездесулерге аттанамыз, кесте жоспарланған, адамдар күтіп отыр, реформа өтті, мәселе көп. Парламентте біз алған мәселелер бақылауда, күзде заңдарға кіреміз. Бұл мәселелерді шешу керек. Негізі, жоқ (демалмаймын. - Автор.)", - деді Гүлнар Бижанова.

Альберт Рау да демалысын босқа өткізгісі келмейді. Мәжілісменнің айтуынша, алда көп жұмыс күтіп тұр.

Бұған дейін Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов жетінші сайланған Қазақстанның Парламенті екінші сессиясының жабылғанын және депутаттар демалысқа шыққанын мәлімдеген еді.