14 нау, 2017 сағат 19:54

Қазақстанда құны 200 миллионнан асатын мешіт сатылымға шығарылды (Фото)

Қостанай облысы Арқалық қаласында құны 220 млн теңгелік мешіт сатылымға шығарылды. Бұл туралы NUR.KZ порталы krisha.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

"Арқалық қаласында 600 адамдық мешітті сатамын. Ғимарат 85-90%-ға әзір. Жері - 300 сотық. Жалға беру ұсынысын да қарастырамын. Жылына 200 мың теңгеге. Ғимаратты өзге бизнеске өзгертуге әзір серіктесті де іздестірудеміз. Құрылыс материалдары бар", - деп жазған мешітті сататынын мәлімдеген азамат.

Ал, tilshi.kz сайтының мәліметіне сәйкес, мешіт 220 миллион теңгеге сатылмақ. Ғимарат "иесі" нысанның 2000 жылы кірпіштен тұрғызылғанын айтуда. Жағдайы жақсы. Интернет жүйесі бар. Сонымен бірге, қауіпсіздік мақсатында терезелерінің торланғаны айтылған. Сигнал беру қондырғыларымен жабдықтылған. 

Хабарландыру соңында нысанды саудаға шығарып отырған адам иесі емес екендігін, онымен тек электронды хат жазу арқылы байланысуға болатынын айтқан. Хабарландыру 12 наурызда орналастырылған.