30 қаң, 2024 сағат 18:04

Қазақстанда комедия жанрындағы фильмдер неге көп түсіріледі?

Фото: ашық дереккөзден

Отандық кинематография дамып, фильмдер саны жылдан жылға артып келеді. Алайда соңғы жылдары шығарылып жатқан фильмдердің басым бөлігі комедия жанрында түсірілген.

Қазақстанда комедия жанрындағы кинолар әдетте ең көп касса жинайды. Ауқымды қаражат тапқан фильмдердің үштігінде комедия жанрындағы өнімдер көп. Атап айтқанда, продюсер Нұрлан Қоянбаевтың “Түркиядағы қазақша бизнес” фильмі 1,185,801,720 теңге табыспен көш бастап тұр. Ал екінші орынға танымал вайнер Жахан Отарғалиевтің “Джохан” фильмі тұрақтап отыр. Оның кассалық табысы 856,167,410 теңгені құраған. Табысты үштікті “Келінжан” фильмі түйіндеп тұр. Оның табысы 694,231,731 теңгеге жеткен.

Жыл өткен сайын Қазақстанда түсірілетін толықметражды фильмдердің саны артып келеді.  Zakon.kz  порталының дерегінше, 2022 жылы жалпы есеппен 38 фильм жарыққа шыққан. Оның 27-сі комедия жанрында түсірілген.

1Түркиядағы қазақша бизнес1 185 801 720
2Джохан856 167 410
3Келінжан694 231 731
4I GO TO SCHOOL556 844 180
5Күшік құда544 794 274
6Бойдақ күйеу551 224 990
7Бишарашки533 941 570
8Пацанская история 525 941 180
9Моя большая казахская семья325 557 220
10Донор317 487 180

Дереккөз: zakon.kz


Киносыншы Әлімақын Жанболат комедия жанрындағы фильмдерді түсірудегі басты мақсат – көрермен сұранысына қарай касса жинау деп түсіндірді. 

“Кино көрермен талғамын ғана көздеп, көрсетілім санын көбейту мақсатында түсірілсе, ол жерде өнер ұғымы жоғалады. Қазіргі таңда ұлттық идея, биік авторлық шешімдер, өнер мен кино тілі деген дүниелерді коммерциялық жобалардан іздеу мүмкіндігі болмай тұр”, – деді Жанболат. 

АҚШ-тың кино өндірісінде де комедия жанрында көп картина шығады. Бірақ одан өзге жанрлар да кенде қалмаған. Америкалық продюсерлердің фильм түсірудегі негізгі мүддесі оның табыс табу мүмкіндігін анықтау болып саналады. Бұл жағынан олардың өнерге қарағанда бизнестік мотиві жоғары екені көрінеді. Фильм сәтті шықпай қалса, оның жалғасы түсірілмейді. 

Ал еуропалық кинорежиссерлер көбіне авторлық фильм түсіруге тырысады. Десе де, оларда америкалық өнім секілді жаппай танымал болу ықтималдығы төмен. Себебі режиссердің авторлық шешімдері бизнеске қарағанда, өнерді алға қою есебінен шығады. 

Режиссер әрі сценарист Қағанат Мұстафиннің айтуынша, комедиялық фильмдерді түсіру арзан. 

“Комедия жанрында фильм түсіру үшін бар болғаны бір не екі локация және бір не екі үй ғана керек. Ал тарихи кино болатын болса, костюм тігу, реквизит табу дейтін тұстары көп. Оның бәрін жалға алу қымбат. Одан да режиссерлерге комедияны 50,000,000-70,000,000 теңгеге түсіріп тастаған оңай. Ол өз қаражатын ақтайды”, – деді Мұстафин. 

Ticketon.kz сайты апта сайын ең көп касса жинайтын фильмдердің тізімін ұсынады. Тізімнің жоғары санатына былтырғы желтоқсаннан бері 46 қазақстандық фильм ілінген. Олардың басым бөлігі – комедия жанрындағы фильмдер. 

Фото: egemen.kz

Астана тұрғыны Аяна Мырзахмет Қазақстандағы фильмдер жанрының аясы тарылып кеткенін айтты. Оның ойынша, отандық кинематографияда салмақты фильмдер жеткіліксіз.

“Бізде комедиялық фильмдер өте көп. Оның ішінде келін мен ене, әйел мен күйеу қарым қатынасы жиі қозғалады. Соның салдарынан келінді құл көру деген сияқты таптауырындардан айырыла алмай жүрміз”, – дейді Мырзахмет.

Тағы бір елорда тұрғыны Алуа Рысқожаева бұл пікірмен келіспейді. Оның ойынша, комедиялық фильмдерде ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты әзіл арқылы көрсетеді. 

“Бұл мәселе өте өзекті. Қазіргі қазақ қоғамында ене мен келіннің бастары сыйыспай қаншама отбасының шаңырағы шайқалып жатыр. Сол үшін осындай тақырыптағы фильмдер көп болғаны абзал. Себебі сол арқылы отбасы мүшелері бір-біріне түсіністікпен қарап, көздерін ашады”, – деді Рысқожаева.  

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкеновтың айтуынша, 2022 жылға дейін Қазақстанның прокат нарығы 20,000,000,000 теңгені құраған. Ол оның 40%-ы отандық фильмдерге тиісілі. 

Киносыншы Дана Әмірбек отандық киноның өз деңгейінде дамымай жатқанын білікті сценаристердің жоқтығымен байланыстырады.

“Жанрлық фильмнің түп-негізі – сценарий. Жазылған дүниең әу бастан драматургиялық тұрғыда әлсіз болса, соңында тәуір дүние шығады деп үміттенудің қажеті жоқ”, – дейді киносыншы. 

Әмірбек қазақстандық кинематографияның комедия жанрына ойысуын әрі фильмдердің сапасыз болуын нарыққа түрлі әзіл-сықақ шоулар мен танымал тамадалардың араласуымен байланыстырады. 

“Тамадалар режиссер атанған заманда экранымыздың тойға айналуына таңқалудың қажеті жоқ. Әркім өз өресіне сай сөйлеп, ой айтады”, – деді киносыншы. 

Елімізде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тапсырысы бойынша тарихи фильмдер де түсіріледі. 2019 жылы шыққан Ақан Сатаевтің “Томирис” фильміне мемлекет тарапынан  3 850,000,000 теңге бөлінген. Ал кассадан түскен табыс шамамен 562,000,000 теңгені құраған. 

2022 жылы режиссер Алдияр Байрақымов түсірген “Паралимпиец” фильмі көрерменге жол тартты. Фильм спорт, драма жанрында түсірілген. Кассадан түскен табыс – 44,000,000 теңге. 

Режиссер Мұрат Есжан комедия жанрындағы фильмдердің көп болуын индустрия жағынан прогресс санайды. Оның айтуынша, 5 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда отандық фильмдердің саны әлдеқайда артқан. 

Режиссер фильмдерді мазмұндық жағынан сапасыз деп есептейтінін айтады. Оның сөзінше, сценаристер бір-бірінен көшіріп, кино дайындықсыз түсіріле берсе, ол көрерменнің талғамының төмендеуіне әкеледі. 

“Бізде мемлекеттік тапсырыспен тарихи кинолар, драмалар да түсіріліп жатыр. Бұл жердегі мәселе – олардың жеткіліксіздігі. Мемлекеттік қаржыландырумен түсіріліп жатқан драмалар, артхаустық, фестивальдық фильмдер, тарихи кинолар көбірек жарнамаланып, көбірек үлкен экрандарға шығуы керек”, – деді Есжан MNU Newsroom тілшісіне берген сұхбатында. 

Мұрат Есжан – биылғы ең көп касса жинаған фильмдердің бірі “Міржақып. Оян, казақ!” фильмнің режиссері. Фильм алдымен алты сериядан тұратын нұсқамен өткен жылы шығарылды. Ол YouTube желісінде қолжетімді болса да, жаппай көріле қоймайды. Биыл үлкен экрандарға шығарылғанда, халық сұранысы күрт артты. 

Мұрат Есжан туындысы бір аптада  107,067,000 теңге табыс тауып, көсбасшылардың біріне айналды. Бастапқыда “Міржақып. Оян, казақ!” фильмі прокатқа шыққаннан кейін 1 аптадан соң, кинотеатрлардан алынып тасталған болатын. Кейіннен көрерменнің талабы бойынша кері көрсетіле бастады. 

Фото: ticketon.kz

Chaplin Cinemas кинотеатрлар желісінің коммерциялық директоры Дмитрий Кириенко ұлттық киноны қолдау және дамыту контент тәуекелін бөлудің ұзақ мерзімді саясатының бөлігі екенін айтты. Оның сөзінше, отандық киноның үлесі тұрақты түрде өсіп келеді. 

“2014 жылы небәрі 9 отандық фильм жарыққа шықты. Оның жалпы көрсетілімдегі үлесі 7,6% болды. Ал 2017 жылы көрсеткіш 10%-ға көтерілді. 2018 жылы 16% болса, 2020 жылы 32%-ды  құрады.  Осы жылдың бірінші жартысында отандық кино жалпы кассалық түсімнің 47,5%-ын құрады. Ал биылғы 11 айдың орташа көрсеткіші – 23%,” – деді Кириенко. 

Кинотанушы Баубек Нөгербек комедиялық фильмдердің көрерменге жиі ұсынылуының кері әсері де барын айтады. 

“Әрине, ойын-сауық фильмдері де болуы керек. Бірақ киноны өнер деп қарастырсақ, ойын-сауық комедияларды өнер туындысы деп айта алмаймыз. Бұндай фильмдердің көп болуы – регресс. [Бұл] сценаристерде тақырып пен идея тапшылығы барын көрсетеді,” – деді Нөгербек. 

Елорда тұрғыны Ермахан Рахман кинотеатрға тек миын сергіту үшін баратынын және фильмдердің кемшілігіне аса мән бермейтінін айтты. 

“Кино оң мақсатта түсірілсе және көрерменге пайдасын тигізсе болды. Қалғандарына көңіл аудармаймын. Фильм қарағанда оның жаман тұстарын іздегім келмейді. Сондықтан отандық комедияларға көзқарасым түзу”, – дейді Рахман. 

Chaplin Cinemas компаниясы дерегінше, комедия – жоғары сұранысқа ие, прокатқа берілетін ең ұзақ жарлардың бірі. Қазақстандық драмалар мен экшн-фильмдерге сұраныс төмен. Олар көп жағдайда бір аптадан екі аптаға дейін көрерменге ұсынылады.

Сандуғаш Фазыл,

MNU Newsroom