12 мам, 2026 сағат 14:17

Шетелдік туристердің қызығушылығын сақтап қала аламыз ба?

Фото: instagram.com/amebeverly
Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы

Байқағаным соңғы жылдары Қазақстанға шетелден туристер көптеп келе бастады. Өзім оқитын трэвел блогерлерді біздің жерде жүргенін көргенде таң қалып, қуанып, "қандай әсер алып жатыр екен" деп уайымдап қаламын.

Шетелден келетін туристер ағынын көбейе бастауына бірден бір себеп – визалық режімнің көп ел үшін ашықтығы. Одан соң коронавирустан кейін, жылдан жылға халықаралық бағыттағы түрлі авиарейстер саны көбейді.

Қазақ жерінің тұмса табиғатының ерекше әдемілігін әуелден естіп, көргісі кеп жүрген Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Түркия, Еуропа елдерінің азаматтары үшін қақпа ашылды. Әлеуметтік желіде қалдырған сурет, видео контенттері арқылы көп жағдайда шетелдік туристер Шарын шатқалы, Көлсай көлдері мен Маңғыстау жыраларына саяхаттап, этно кафе, мейрамханаларда елдің дәмін татып гастротуризмді де елеусіз қалдырмағанын байқауға болады. 

Елімізге туристердің көптеп келуі бір жағынан қуантып, бір жағынан уайымдатады.

Қуаныш қайдан, уайым неден?


Ішкі туризмде жұрт айтпаса да өзімізге белгілі шешілмеген мәселелер бар. Жол жағдайы кей аймақтарда өте қиын. Кей нысандарға жету алыс, әрі күрделі. Жол бойындағы дәретханалардың болу-болмауы және тазалығы қатты алаңдатады. Этно ас мәзірі бар тамақтану орындары стильді, әдемі келгенмен, ағылшын тілінде қызмет көрсететін адам саны үлкен қалаларда болмаса, өңірлерде аздау. Әрі былайша кезде жолдарында "келген қонақтардың қалтасын пайдаланып қалсақ" деген таксист кездеспесе екен деген үміт бар.

Пайым


Әрине шетелге шыққан әр саяхатшы барған елдің өз ерекшелігі, өз ырғағы, өзіне тән қиындықтары болатынын түсініп келуі керек. Саяхатшы болғандықтан оның бәріне моральдік тұрғыда дайын болуы шарт. Алда тұрған белгісіздік, жол, жөн сұрасу, кей қиындықтарға тап болу саяхаттың ең қызық бөлігі десек те болады.

Дегенмен жергілікті халық келген қонаққа ізеттілік көрсетіп, ал билік туризм саласында бар мәселелерді шешуге тырысуы керек. Басқа елге бергісіз өзіміздің ұлттық болмысымызды, ғажап табиғатымызды сақтай отырып, оны әдемі ұсына алсақ бұл – тұрақты дамудың негізі болмақ. Кеткен қонақ барған жерінде Қазақ елі туралы тамсана айтып жүретіндей, оның әңгімесінен әсерленген шетелдіктер артынша бізге келетіндей жағдай жасауымыз көреген саясат болар еді.

Динара Болат