Қазақстанда билік өкіліне бағынбағандарға қатысты жауапкершілік күшеюі мүмкін, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын таныстыра отырып, депутат Гүлнар Бижанова Мәжілістегі отырыс барысында қаңтар оқиғасы "азаматтардың, оның ішінде қызметкерлердің және олардың туыстарының құқығы мен бостандығын қорғау басымдығымен құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша шаралар қабылдау қажетін" көрсеткенін атап өтті.
Қылмыстық кодексте ТЖ жағдайындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде және терроризмге қарсы операция жүргізу аймағында билік өкіліне бағынбағаны, оған қатысты зорлық-зомбылық қолданғаны, өміріне қол сұққаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Сондай-ақ, осы жағдайларда қауіп пен зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейеді.
"Екінші блок құқық қорғау органдарының шешім қабылдаудағы дербестігін нығайту және басшылар жауапкершілігін арттыру мәселелерін қарастырады. Біз бірқатар заңға, атап айтқанда Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне, "Төтенше жағдай туралы", "Әскери жағдай туралы", "Ұлттық ұлан туралы" және басқа да заңдарға өзгерістер енгізуді ұсынамыз. Жаңа құрам үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп жатыр", - деді Бижанова.
Келесі 370-2 бап - "Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындаудан бас тартуы немесе жалтаруы". Онда 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салудан үш жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі неғұрлым қатаң жаза қарастырылған.
"452-1-бапқа тоқталғым келеді - "Басшының қызметтегі әрекетсіздігі". Бұл бап бойынша төтенше жағдай кезінде бейбіт халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төнген, ғимараттарды басып алу, мүлікті талан-таражға салу, тонау болып жатқан жағдайда жергілікті басшылардың әрекетсіздігі үшін жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделеді. Мұның бәрін қаңтарда байқадық. Бұл жауапсыздық және қылмыс. Әсіресе, лаңкестікке ұласқан жаппай тәртіпсіздіктер кезінде", - деді депутат.
600 рет оқылды