«Қазақстан» ұлттық телеарнасы көктемгі жаңару маусымында көрермендерге тың және жаңа жобалар, оның ішінде ақпараттық-сараптамалық, ойын-сауықтық бағдарламалар мен отандық төл телехикаялар ұсынады, деп хабарлайды аталған телеарнаның баспасөз қызметі.
Таңғы «Таңшолпан» бағдарламасы бүгін жаңа форматта жаңа жүргізушілермен эфирге шықты. Енді таңғы эфир бұрынғыдан да көңілді әрі танымды болмақ. Таңғы бағдарламаның жаңа жүргізушілері - Данияр Есен, Баян Бақкелді, Ирина Тен және Дәулет Бижанов.
Бүгіннен бастап «Қазақстан» Ұлттық телеарнасындағы жаңалықтар жаңа форматта әрі «Басты ақпарат» деген жаңа атаумен эфирге шығады. Жаңалықтар легі өзгеріп, елімізде және әлемде болып жатқан өзекті жаңалықтарды объективті түрде беруге акцент қосады. Еліміздің басты жаңалықтарын танымал журналистер Қымбат Досжан мен Данияр Меңлібеков жүргізетін болады. Ақпараттық-сараптамалық блок «Басты тақырып» атты күнделікті жобамен толығады. Жоба авторлары хабар барысында күннің негізгі жаңалықтарын егжей-тегжейлі қарастырады. Бағдарламаны Мейіржан Әлібек жүргізеді.
Ал, әлеуметтік-сараптамалық «Мәселе» бағдарламасының журналистері өз зерттеулерін жүргізіп, студия қонақтарымен бірге еліміздегі және шет мемлекеттерде болып жатқан ірі оқиғаларға сараптама жасайды. Бағдарлама тізгіншісі Нартай Аралбайұлы өзекті мәселелерді қарастырып, қоғамда орын алып отырған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу жолдарын іздейді.
25 наурыздан бастап сенбінің кешінде жаңа музыкалық «Ән салады мамандар» жобасы эфирге шығады. Аталмыш жобаның ерекшелігі, жобаға қатысушылардың музыкаға еш қатысы жоқ, олар әр саланың мамандары. Алайда, қатысушылардың барлығы ән салғанды ұнатады, әрі музыкаға бейім. Жоба барысында қатысушылар ән салудан сайысқа түсіп, өз мамандықтарының ерекшелігімен де бөлісіп отырады.
20 наурыздан бастап, балалардың демалысы кезінде телеарнаның кішкентай көрермендеріне арналған «Дисней» компаниясының үздік анимациялық фильмдері қазақ тілінде сөйлейді. Айта кету керек, барлық мультфильмдер «Қазақстан» телеарнасының көмегімен соңғы технологияларды қолдана отырып дыбысталған. Алғаш рет халықтың сүйіктісіне айналған мультфильм кейіпкерлері түрлі дауыста қазақша сөйлемек. Себебі, дыбыстауға 10-ға тарта дубляж актерлері тартылған. Мультфильмдердегі музыкалық безендіру оркестрмен сүйемелденген, ал, әндерді дубляж актерлері орындайды.
Сенбі күндері телеарна эфирінде жекеменшік киностудиялар түсірген отандық заманауи көркем фильмдер легі көрсетілетін болады. Бүгінгі таңда отандық киноөндіріс қарқынды дамып келеді. Жыл өткен сайын прокатқа шыққан қазақстандық фильмдер саны артуда. Бұл фильмдер көрермен арасында кең танымалдылыққа ие болуда. Оған халыққа толы кинотеатрлар дәлел. Мұндай көрсетілім отандық кинотуындыларды қолдау, өзіміздің заманауи фильмдерімізді көруге жол ашады.
«Қазақстан» телеарнасы бірнеше жыл көлемінде төл телехикаяларын түсірумен айналысып келеді.
27 наурызда «Көзайым» телехикаясы эфирге жол тартады. Хикаяның мақсаты - екі отбасы арасында өрбитін оқиғалар негізінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қатысты маңызды сұрақтарды қозғай отырып, елдің экономикалық өсімін, мәдени, әлеуметтік жетістіктерін насихаттау.
2017 жылы прайм-тайм уақытта отандық телехикаяларға арналған жеке уақыт бөлінбек.
Әр сенбі сайын телеарна эфирінде әлемнің үздік өндірушілерінің қолынан шыққан көркем фильмдер көрсетіледі. Сенбілік кешті комедия, фэнтэзи, блокбастер, мелодрама сынды жанрлардағы отбасылық фильмдер құрайды.
Түнгі эфирді танымал режиссерлердің картиналары, классика және заманауи бестселлерлер, әлемдік кинематографтың шедеврлері толтырады.
18 наурыздан бастап соңғы жылдардағы ең үздік британдық сериал Бенедикт Камбербэтч басты рөлді сомдаған «Шерлок» туындысы эфирге шығады. Бұл туынды қазақ тіліндегі субтитрлермен ағылшын тілінде көрсетілетін болады. Түпнұсқа негізінде көрсету - көрермендерге сүйікті актерлерінің шынайы дауысын естуге, сондай-ақ, фильмнің атмосферасына түбегейлі еніп, ағылшын тілін үйден шықпай-ақ үйренуге мүмкіндік береді.
22 наурыздан бастап «Тең мүмкіндіктер уақыты» атты деректі тележурнал эфирге шығады. Бағдарлама қазақстандық бизнестің үздік жобалары мен success story турасында әңгіме өрбітеді.
Сонымен қатар, жаңа сайт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сайт жаңа дизайнмен ерекшеленіп, пайдаланушыларға барынша түсінікті, әрі жарқын түстерге толы болмақ.