ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин «ҚазАгро» холдингіндегі шығындарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Мен министрмен (ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров – "Ұлт ақпарат") келіспеймін. Бәрі жақсы, бәрі керемет дейді. Бірақ негізгі проблема мынада, "ҚазАгроның" кредиттері қайтарылмай жатыр. Оңды-солды беріп қойды да, енді қайтара алмай отыр", - дейді Нығматулин.
Осы орайда Мәжіліс төрағасы холдингке бюджеттен қыруар қаражаттың бөлінетінін ерекше атап өтті. Себебі ҚазАгро ауыл шаруашылығы саласындағы қаражаттың негізгі операторы болып саналады. Холдинг арқылы маңызды жобалар қолға алынады.
"Мысалы, соңғы бес жылдың ішінде компанияның жарғылық капиталына 500 милллирд теңгеден астам қаржы құйылды. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша холдингтің шығыны 400 миллиард теңгені құрады. Сонда компания табысты емес, шығынды жинап отыр ғой. Бұл жұмбақ бір құрылым, "Бермуд үштағаны" сияқты. Ақша кіреді де, ізім-ғайым жоқ болып кетеді. Енді, тағы 60 миллиард сұрап отырсыздар", - деді Нығматулин.
Осыдан кейін спикер кредит ретінде берілген миллиардтаған қаржыны қайтару мәселесіне баса назар аударды. Себебі әзірше ешқандай нәтиже жоқ. Ал ол ақшаны тарату жүйесі сын көтермейді.
"Заң жағынан не керек? Біз өз тарапымыздан бәрін жасаймыз, көмек береміз. Шаруалар да өз наразылықтарын білдіріп жатыр. Холдинг ірі компанияларға ғана ақша беріп отырады. Артынан сол екі-үш компания " Аллаху әкбар" болып кетеді, өздері де, ақша да жоқ", - деп атап көрсетті Нығматулин.
Ал "ҚазАгроның" басшысы Ербол Қарашөкеев проблеманың бар екенін мойындады, біраз қаржы қайтарылмай жатыр. Бүгінде арнайы жоспар бар. Сол бойынша проблемалық жобалардың мәселесін шешу қарастырылған.
"Холдингтің өзінде трансформация бағдарламасы бар. Біз ҚазАгроны шағын құрамда жасақтайтын боламыз. Шығындардың бәрін қысқартып жатырмыз. Келесі жылдың басында 7 еншілес компанияның үшеуі ғана қалады. Жалпы, 1 000 адам қысқартылады. Осылайша, әкімшілік шығындар да азаяды. Ал директорлар кеңесіне тәуелсіз сарапшылар тартылады. Біз ол кеңесті толығымен жаңартамыз. Осылайша, 2020 жылдың нәтижесінде холдингті шығынсыз дәрежеге шығаруды көздейміз", - деп атап көрсетті Қарашөкеев.
Айта кетейік, «ҚазАгро» қызметіне ауқымды реформалар жүргізіледі.
Холдинг өз қызметін реформалау нәтижесінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша таза пайдаға шығуды жоспарлап отыр.