Өзгесі өзге-ақ, біз үшін бұл тақырыптың оңайға соқпағанын сіз де бірден пайымдаған боларсыз. Өгіз де өліп, арба да сынардай күй кешпек бар мұнда. Сана да сан сақ, көңіл де сарсаң. Себеп – біреу. Көптің көмейіндегі көл сауал – «әйел» деп айту дұрыс па, жоқ, әлде «қатын» деп айтқан тура ма?.. Ең қиыны – бұған келгенде бейжай қарап, әдеттегідей сөзді сіздің ырқыңызда түгестірер жан жоқ болмайтыны анық. Бәрінің құлағы түрік секілденеді. Бұлай айтуымызға да алабөтен себеп бар. Газетіміздің өткен сандарында желілес жарық көрген «шал» мен «кемпір» атауына байланысты жазылған зерттеу материалынан соң, арнайы редакцияға хабарласқан оқырмандарымыз болды. Ондағы уәж мынау: «Әйел» сөзі шынымен парсыдан шыққан ба? Оның түпкі мағынасы расында «жезөкше», «сайқал» деген мәнді білдіре ме? Осыны барынша байыптай зерттеп, былайғы жұртқа бір байлауын айтсаңыздар» деген-ді. «Аманатқа қиянат жоқ». Тағы да сөз алдық.
Әуелі, «әйел» сөзіне тоқталсақ. Бұл атаудың парсыдан бұрын арабта да қолданылғанын еске сала кеткенді жөн көрдік. Ол үшін белгілі жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың осы тақырып төңірегінде айтқан тұшымды пікіріне құлақ түру ләзім. Онда ғалым: «Бүгінгі тіл айналымдағы «әйел» ұғымның арап тіліндегі мағынасы – күңсі, яғни, күңнен де төмен, бас еркі жоқ, өлсе – құнсыз, еңбегіне жалақы төленбейтін, туған баласы да есепке алынбайтын, басыбайлы үй салмасы», – делінген дей келіп.
– Кеңестік теңгерме саясат тұсында сауаты төмен ортадан төмен, тәрбие мен әдеп сіңбеген белсенді қазақ әйелдері: «біз меншік иесі – қатын емеспіз, мал-мүліксізбіз, басыбайлы крестиянкалар сияқты біз де әйелдерміз», – деп таптық астар беріп, 1927 жылдан бастап шыққан журналдың атын «Әйел теңдігі» (кейінгі «Қазақстан әйелдері») деп атады. Содан бастап «әйел» ұғымы жазба әдеби тілдік термин ретінде қалыптасып қалды. Ал өзбек, түркімен, қырғыз, татар, ноғай, қарақалпақтар «әйел» терминінен саналы түрде бас тартты», – дейді.
Иә, бұл Алаш тарихын, тұп-тұтас қазақ тарихын індете зерттеген Тұрсын Жұртбайдай алдүзік ғалымның сөзі. Сүйекті лепесі. Ал бұдан соң бұл сөздің парсы тіліндегі жағымсыз мәні жайлы айтудың өзі артық болса керек. Ендеше, көптің талқысына көп түскен, көрнеу мәні ашыла қоймаған «қатын» атауына назар аударсақ, әуелгі сұрақтың мағынасы да барынша айқындала түспек.
Бәрі де сол осыдан ХV ғасыр бұрынғы көктүріктер заманына тіреледі. Сол айбынды ата-бабаларымыздың атақты сына жазуларында да осы «қатын» сөздері кездескен. Тіпті, мұнан бөлек, сол дәуірде ерте көктемде гүлдейтін бәйшешек гүлінің хош иісін «хотун» деп, сол иіске әйел затын теңестіргені жайлы да тәп-тәуір әфсана бар-ды. Бақсаңыз, түгел тамыры терең деректер. Осы орайда, бір ғасырдың өзінде үш рет әліпбиін өзгерткен өз тіліңізге үңілсеңіз, «бұл сөздің кешегі мәні ондай болмаған» деп басты «қатыннан» алып қашудың да еш реті жоқ-тұғын. Әгәрәки, олай деп тағы біздің тараптан тың дерекке сұрау салсаңыз, келесі бірін айталық.
Онда белгілі ғалым, этнограф Ахмет Тоқтабайдың Қатонқарағай барған сапарындағы бір сөзін еске салғымыз келеді. Арнайы айтулы бір іс-шараға барған ғалым бұл жердің арғы-бергі тарихынан тың мәлімет қаузай келіп: «Көктүрік қағанаты қазақ мемлекетінің алғашқы іргетасы болды. «Күшті», «айбынды», «ержүрек» ұғымдарын білдіретін көктүріктердің мемлекет басшысы – қаған, қағанның жәрдемшісі, елдің ұйытқысы – қатын аталды. «Қатын» сөзі ол заманда анағұрлым кең мағынада – Ел анасы» дегенді білдірген. Көне түріктер суға табынған. Яғни, Қатын өзені, Қатын қарағай атауы – Ел анасының өзені, Ел анасының жайлауы дегенді білдірді», – деген пікірін ортаға салған.
Түйсінсеңіз, түйсеңіз, шашауы шыққан, шындығы суалған бір ой жоқ мұнда. Олай дейтініміз, сөз арасында айтқанымыздай түркі ескерткіштерінде «қатын» сөзі туралы аз-кем құнды мәліметтердің болғаны рас. Солардың ең сойлысы сонау Орхон-Енисей балбалдарында кездесетін «анам – қатын» деген әспеттеу, мадақтау түріндегі жолдар-тын. Демек, бұнда да тарихшы айтқан пікірдің түпқазығы жатыр деуге толық негіз бар.
Негіз демекші, осы ретте Тұрсын Жұртбайдың тағы бір негізді ойына тоқтала кеткеніміз артық болмаса керек. «Осы арада мынаны ескерте кетемін: қатын – қазіргі қазақ тілінде архаизмге айналған ұғым, ол әуелгі заңдық құқы мен мағынасы бойынша – дәрежелік атау. Отағасынан кейінгі заңды билік иесі, жерге мұрагерлік ететін, мүлік пен малдың еншілесі, сыбаға басы. Қазақ қоғамындағы қатындар – иерархиялық (әулеттік) орнына қарай: бәйбіше, тоқал, құдағи, құдаша, келін, қыз, абысын, ажын, жеңге, сондай-ақ, өзі теңдес еркектермен тең құқықта – нағашы, жиен, бөле ретінде әрқайсысы өз орнына қарай билікке араласып, енші алып, тиісті сыбағасын бөліскен. Тіпті, күңнің де мұрагерлік құқы болған».
Міне, бұл шын мәніндегі ғалымның сөзі. Әрі ол бұдан әрі осы бір рухты сөздің мәні бүгінде тым жалаңаш, қотыраш күйде қалғанын айта келіп, егер біз қазіргі қалпымызбен Хауана нәсілін әдеттегідей «әйел» деп әспеттеп, «қатын» деп кемсітсек, кезінде империяның тұтқасын ұстаған, құрылтайдың шешімі арқылы «Қатын» (императрица) дәрежесі берілген Тәркен қатынды, Өгіл-қаймыш қатынды, Тайдулла қатынды, Шәби қатынды, Сорақ қатынды «күң» есебінде кемсіткен болар едік деп ескерту жасайды. Өз оқырмандарына.
Сосын да орыс ғалымдары Р. Ю. Почекаев пен И. Н. Почекаеваның пікірін түпнұсқа бойынша алға тартады. «Хатун – титул представительницы ханского рода. Им обладали даже те дочери ханов, которые состояли в браке с представителями менее знатных семейств. Супруги ханов из числа дочерей беков не имели права на этот титул и назывались обычно уджин (фуджин) или беки (бегім – Т.Ж.), впрочем, в летописной традиций их также могли называть хатун, несколько повышая их статус».
Тағы да айталық. Түркі тарихына қатысты жазбаларда озық ойымен, озан қабілетімен аты шыққан М. Қашқари сөздігінде «Қатын» сөзі – әуелде хан, бек, төре мағынасында қолданылып, кейін келе ерге шыққан ұрғашы мағынасында пайдаланылған деп тәпсірленген. Осы тұрғыдан келгенде көп аузында көп айтылып жүрген «қатын – күйеуге шыққан адам» деген пікірдің тегін айтыла салмағанына иланатындайсың. Бұл туралы тағы әлеуметтік желілерде тез тараған «ертеректе, ортағасырларда өз ұлтынан қалап алған жарларын қатын атап, ал тоқалдары мен соғыста тұтқынға түскен, сатып алған, жаудан тартып алғандарына ғана «әйел» атаған», – деп келетін тағы бір тұжырымды айта кетуді жөн көрдік.
Байыптап қарасаңыз, мұнда да «қатын» сөзінің әуелгі мағынасының бүгінгі жұрт ойлағандай дөрекі, дойыр мінездің «құрбаны» емес екенін, оның, тіпті, дәрежелік атауға ие болғанын көре аламыз.
Ол ол ма, атақты «Игорь полкі туралы жырда» да тақырыпқа тұздық болған атаудың кездесетіні айтылады. Бұл туралы журналист Марат Ақторғайұлының «Игорь полкі туралы жырдағы кейбір атаулардың түп-төркіні» деген зерттеу материалында толық баяндалады. Әрі онда ерте заманда қатын алудың – саяси одақ құру екенін, саяси одақта билікке жеткен адамның қос титулға қол жеткізген, яғни, толық билік иесі екенін деректейді. Мысал керек десеңіз, көрші мемлекеттерден қыз алып, қыз ұзатқан ерте дәуірлік тарихты бір парақтасаңыз жеткілікті-ақ.
Мынаған қараңыз, тіл мамандарының зерттеуінше, бұл сөздің бастапқы дауыссыз дыбыстарында айырмашылығы бар екі фонетикалық варианты кездесті: qatun және ҳatun. Осы екі сөзден башқұрттарда катын, қазақтарда қатын, қарақалпақтарда қатын, қырғыздарда катын, әзірбайжан тіліндегі гадын, татарлардағы хатын, түркімендегі хатын, якуттердегі хотун сынды бірқатар атаулар қалыптасқан. Осындай түркі халықтарындағы тіл бірлігіне қарап-ақ, «қатын» сөзінің бекер құнын түсіріп жүргенімізді байқаймыз. Бұл – дәлел. Бұл тарих. Ол үшін, тіптен, «әйел» сөзін парсыдан іздеп, оған әлгіндей жағымсыз мағына үстеп «әуіре» болудың да қажеті шамалы болса керек. Мәселенки, ақ пен қараның қайсысы таза деген талас туса, қараның кемшілігін тізбей-ақ, ақтың артықшылығы арқылы пікіріңізді тым тез әрі тым тиянақты дәлелдей алатыныңыздай.
Біздің ой жұрт айтқандай көзді жұмып, «әйел» сөзіне күйе жағудың, сол арқылы «атың шықпаса, жер өртенің» әлпетін істеп бағу емес-ті. Керісінше, екі атауды қатар ала отырып, сұраған оқырманға тарихи деректерге орай өз пікірімізді жеткіздік. Сол арқылы оқырманға әр сөзді, әр ойды айтарда абай болудың, орынсыз бір пікірдің өзінің ұлттың ұятына жасаған қиянаты екенін ескеруді дұрыс деп таптық.
Қозыбай ҚҰРМАН,
"Жетісу" газеті