03 мау, 2022 сағат 16:32

Қарағандылық полиция бөлімшесінен үйіне орала сала анасын пышақтап тастады

© Sputnik / Табылды Кадырбеков

Қарағандыда бұзақылық үшін ұсталған ер адам босатылды. Ол үйіне барған бойда анасын пышақтап тастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.  

Облыстық полиция департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, бүгін түнгі сағат 00:35-те Гапеев көшесінен хабар түскен. 29-шы үйдің тұрғыны ауладағы тоғыз көліктің терезесін сындырып тастаған. Оқиға орнына барған полицейлер 34 жастағы ер адамды ұстады. Ол бұзақылық үшін жауапқа тартылды.

"Наркологиялық диспансерде жасалған сараптама кезінде ұсталған ер адамның сау екені анықталды. Наркологиялық және психиатриялық есепте тұрған жоқ. Бұрын істі болмаған. Ал жасаған қылмыс ауыр емес санатқа жатады. Осыған байланысты оны екі сағаттан кейін үйіне босатқан", - дейді облыстық департамент басшысының тергеу жұмысы жөніндегі орынбасары Ернат Қалиақпаров.

Ал таңғы сағат 07.55-де полиция бөліміне босатылған тұрғынның пәтерінен әйелдің мәйіті табылғаны туралы ақпарат түсті. Марқұм күдіктінің 70 жастағы анасы болып шықты.

Шұғыл іздестіру шаралары барысында күдікті көшеде ұсталды. Оның айтуынша, екеуі көршілердің көліктеріне шығынды төлеуге байланысты жанжалдасып қалған. Сол кезде ол анасын пышақтап тастаған.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.