15 мау, 2022 сағат 18:05

Қаңтар оқиғасын тергеу үлкен қиындықпен өтіп жатыр – Президент


ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасын тергеуге қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматыда мемлекеттік төңкеріске, Мемлекет басшысын лауазымынан ығыстыруға талпыныс болды. Біз мұның тәжірибелі кәсібилердің жақсы ұйымдастырған акциясы болғанын түсінеміз. Олар адамдарды әкімшілік ғимараттарға бастап барды. Сонымен қатар осы оқиғалар кезінде 3 мыңнан астам қару ұрланды. Олардың басым бөлігі әлі күнге дейін қолда жүр. Біз тергеуді үлкен қиындықпен жүргізіп жатырмыз. Себебі, осы оқиғалардың ұйымдастырушылары мен үйлестірушілері өздерін барынша кәсіби ұстап, барлығын әшкерелеуге мүмкіндік беретін өте маңызды іздерді жасыра алды», - деді Мемлекет басшысы ресейлік журналист Андрей Кондрашовқа берген сұхбатында.

Президенттің атап өтуінше, ведомствоаралық арнаулы топ мемлекеттік төңкеріс жасауға бағытталған осынау талпыныстың барлық мән-жайын ашу үшін табанды түрде жұмыс істеп жатыр.

«Алматыға өте қатыгездікпен шабуыл жасалды. Адамдар өте қатты зорлық-зомбылыққа ұшырады, дәрігерлер, қарапайым адамдар. Үлкен базарлардан келген мародерлер өте көп болды. Алматы әкімдігі мен Президент резиденциясының өртенгенін айтып та отырғаным жоқ. Алматыда орын алған оқиғаға жеңіл қарауға болмайды», - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы трагедия ауқымының үлкендігін және қысқа мерзімде барлық мән-жайды ашудың қиындығын баса айтты.