Фото: Ашық дереккөз
Бүгінде қан қысымы мазалайтын адамдардың саны артты. Бұл адамның жасын талғамайтын деңгейге жетті. Жаста да, орта жас, үлкен адамда да кездесіп жатады. Ult.kz тілшісі қан қысымы қалыпты болмаған жағдайда адам не істеуі керек деген сұраққа жауап іздеп көрді.
Қан қысымы сағат сайын бақылап отыруды, уақытылы дәрі-дәрмек ішуді қажет етеді. Медициналық ережеге сай қан қысымын танометр арқылы өлшеп отыруға әркімнің қабілеті де, мүмкіндігі де бола бермейді.
Алматы қаласы Орталық отбасылық емханасының терапевт дәрігері Шолпан Ыдырысқызы қан қысымының жоғарылауы да немесе түсіп кетуі де қалыпты емес екенін, ондай жағдайда адамға алғашқы көмек беру керегін айтады.
«Қан қысымы кенеттен жоғарылап кеткен сырқат адамды дереу жатқызу керек. Басы мен кеуде тұсы көтеріңкі болуы үшін жастықты биік жастаған дұрыс. Сосын терезенің желдеткішін ашып, бөлмеге таза ауа кіргізу қажет. Қан қысымының жоғарылап кетуі ауа райына да байланысты. Күннің ыстығында көтерілсе, желке, мойын тұсына және маңдайға сулы орамал қою керек. Ал салқын күндері көтерілген жағдайда сырқаттың желке тұсына қыпша қағаз (горчичник) қойғаныңыз жөн», – дейді Шолпан Ыдырысқызы.
Егер қан қысымын қалыпты деңгейде ұстаса, бұл аурудан айығуға болады. Қан қысымы жоғары адам есте сақтауы қажет нәрселер:
– Жазда күн сәулесінің тура түсуінен сақтану;
– Тұзды тағамдарды азырақ пайдалану;
– Ішімдік, темекіден аулақ болу;
– Стресс, депрессиядан сақтану;
– Майлы тамақтан және артық салмақтан шектену.
Енді керісінше, қан қысымы төмендеп кететін пациенттер де бар. Төмен қысым қауіпсіз болғанымен, бұл да жақсы емес. Шекаралық деңгей – 90/60 екенін ескерсек, бұдан төмендеп кеткен жағдайда адам әлсіздік пен бас айналуды, көздің бұлдырауы мен жүрек айнуын, қалтырау мен тершеңдікті байқауы мүмкін.
«Артериалдық қан қысымының төмендеуінің себептері әртүрлі: жай ғана организмнің сусыздануы мен стресстен бастап гормоналдық бұзылыстарға, іштен қан кетуіне және миокард инфарктіне дейін болуы мүмкін. Үй жағдайында қан қысымын тез жоғарылатуы үшін тұзды тағам жеуге, кофе ішуге болады. Дегенмен төменгі қысымның жағымсыз симптомдары белгі беріп тұрса, терапевтке барып қаралу керек. Олай етпеген жағдайда жасырын әрі анағұрлым ауыр кеселге ұшырауыңыз мүмкін», – дейді Ш.Ыдырысқызы.
Ал енді қан қысымының кез келген жағдайында пациент өмір салтын аз-кем өзгертіп, организіміне көмектесе аласыз. Гипотония кезінде дәрігерлердің арнайы кеңесі бар.
– Көбірек су ішу;
– Алкгольдік ішімдіктерді тұтынбау;
– Жүйелі жаттығу жасау немесе көп серуендеу;
– Күнделікті рационыңыздағы көміртектердің мөлшерін азайту;
– Аз-аздан жиі тамақтану.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, артериялық қысымның қауіпсіз деңгейі кемінде 140/90 мм с.б., ал қантты диабетпен ауыратындар үшін кемінде - 130/80 мм с.б. Артериялық гипертензия көп жылдарға созылған жағдайда адам ағзасы біртіндеп жоғары артериялық қысымға бейімделеді, алайда жоғарылаған қысым тамырларға және олармен қуаттанатын ағзаларға – ми, жүрек, бүйрекке патологиялық әсер етеді. Ұзаққа созылған артериялық қысым жоғарыда келтірілген патологиялық үрдістер (тіпті шағымдардың болмауы жағдайында да) инсультқа, жүректің ишемиялық ауруына (стенокардия), миокард инфарктісіне, жүрек және бүйрек шамасыздығына әкелуі мүмкін.