08 қар, 2016 сағат 08:22

Қаламгер саған айтам, үкімет сен тыңда...

Әлқиса, бір нәрсені ескертіп алайын: мен қаламгер (жазушы, ақын, драматург, т.б.) емеспін, сондықтан әде­биет туралы тек «Оқыр­ман» ста­ту­сым­ды пай­даланып қана сӨз сӨй­лей аламын.

«Бізде неге Нобель жоқ?», «Әлем неге Толстой мен Айтматовты оқи­ды?» «Пәлен ел бізді қашан сөй­летеді?» деп жылаймыз да жатамыз. Өкпеміз басылған соң, саналы түрде бір сұрақ туады: «Әдебиетімізді әлемге таныту үшін не істеу керек?» деген.

Олимпиада үшін үкімет қалай жанталасады, сол жанкештілікті әдебиетке арнау керек, бітті. Спортта қалай ұлардай шуласақ, әдебиетте де солай жанкүйер болсақ қой. Тілегіміздің бағы жанып кетіп, үкімет жанталасты, жанкүйер де жанықты дейік. Дәл осы істің алдында бізді бір үлкен міндет күтеді. Ол – әлемде елдің туын көтеретін қаламгерді алдымен өз ішімізде анықтап алу. Оның бәріміз көріп жүрген бір ғана жолы – байқау, иә.

Осыған орай жазушы Аягүл Мантайдың фэйсбуктағы постын жаза кеткім келіп отыр. «Осыдан біраз уақыт бұрын бір әдеби байқауға қазылар алқасының мүшесі болуға шақырды. Қаншама шығарманы оқисың, ой қорытасың, еңбек пе, иә, еңбек. «Жүз адамнан келіп түскен шығарма­ларды оқуға қаншама уақытым, қаншама энергиям кетеді» деп қаламақы туралы сұрадым. «Қаламақысы несі? Жұрттар қазылар алқасының мүшесі болғанға қуанады. Сізге жүз адамның шығармасын оқу­дың қажеті жоқ. Жүлде алатын қыз-жігіттердің ғана шығармасын оқы­саңыз жетеді. Сіз тек қазылар алқа­сының мүшесі болуға келісіп, қол қой­саңыз болды», – дейді еш саспас­тан. «Сіздер жүлдеге лайық деп таныған адамның шығарма­шылығын мен мүлдем мойын­дамасам ше…» десем, «ол жағын сосын келі­семіз ғой, сіз бірінші келісіміңізді беріңізші» дейді. «Менің принципім мен сіздердің әдебиетке деген көзқарастарыңыз мүл­дем сәйкес келмейді» деп бас тарт­тым. Кім біледі, ол да «жаудан құтыл­дық» деп жеңілдеп қалған шығар. 

…Кеше өзім жеке басын қатты қадірлейтін бір ағам әдеби байқаудың қазылар алқасының мүшесі болуға ұсыныс жасады. Бас тарттым. Шы­нымен, қазір уақытым жоқ. Әйтпесе, ол кісінің шынайы­лығына сенем.

…Кейде шын таланттардың қуа­ныштан көзіне жас алуына себепкер болғым келеді. Кейде таланттарды сындырып жатқан кезде күрессем де жеңіліп, олардың көз жасына қалам ба деп қорқам. Өзімді Мәскеуде өте еркін сезінем. Еркін тыныс алам. Мен біздің әдеби ортадан қатты қорқам…».

Ал, ол әлгіндей әділетсіздікпен өтсе, не өнеді? Қайтпек керек? Онсыз қалай анықтаймыз? Байқау болмасын демеймін, болсын. Бірақ, ЖАРЫС ЖАЗҒЫШ­ТАРДЫҢ ЕМЕС, ОҚЫР­МАНДАРДЫҢ АРАСЫНДА ӨТУІ КЕРЕК! Міне, сонда ғана жазғыштар түптің түбінде бір парақ қағазға емес, оқырманға таласуы керектігіне басы жетеді. Қаламгердің әр медалі – оның ОҚЫРМАНЫ.

Әлемдегі кез-келген елдің әдебиеті мықты қаламгерінен бұрын (жазушы, ақын, драматург, т.б.) оқырман­дары­ның қаншалықты кітап оқиты­нымен өлшенеді. Оның себебін: «Автор кітап шығарса да, оған баға беретін – көп­шілік. Демек, автор кітап жасаушы да, көпшілік – оның тағды­рын шешуші», – деп, В. Гюго баяғыда-ақ айтып қойыпты.

Осы тұста тағы бір проблема қы­лаң береді. Мойын­дайық­шы, бізде қазір жазармандардың оқырманы – жазар­ман­дардың өзі немесе соның айна­ласындағылар. Былайғы оқыр­мандар жоқ демеймін, бар, бірақ, аз, тым аз. Сонау кітап жет­пейтін кезең­нің өзінде бір-біріне жармасып, егінші мен мал­шысы, жалшысына дейін кітап кемірді, қазір бәрі қолжетімді. Интер­нетке кітапты 4-5 мыңдап, басылым­дардың бәрін енгізді. Түкіріктеп тұрып оқығым келеді десеңіз, мен барған кітапха­налардың әрдайым орындық­тары бос тұрады. Жағдай жасалған делік. Бірақ, неге әлі оқырманның қарқы­ны бұрын­ғыдай емес? Міне, біз осының «диагнозын» табуға тиіспіз.

Фольклоры бар, Абайдан бері жалғасқан жазба сөз өнері бар – қазақ ешқашан әдебиеттен қол үзбеген ғой. Неге? Себебі: әдебиет ол – тарих; ол – саясат; ол – қоғам; ол – дін; ол – дәстүр; ол – білім; ол – ғылым; ол – тереңдік; ол – тіл; ол – идеология. Сайып келгенде, әдебиет – әмбебап. Е-е, бабалары­мыз «бір оқпен сан қоян атуды» білген екен ғой.

…Өткен жылы бір әдеби жиында:

– «Әдебиет – ардың ісі» деген жаттанды сөзді неге қай­талай береді? – дейді біреу. Сонда бір ұлттың тарихын, саясатын, қоға­мын, дінін, дәстүрін, терең тілін, білім-ғылы­мын, әрбірден соң сол ұлттың идеоло­гиясын арқалап жүру, арқалап өту оңай іс дей ме екен? Осы сөздің салмағын сезін­бейтіндердің де әдебиетте жүргенін көру не деген өкінішті десеңізші?…

Әгәрәки, басқасын емес, тек оқыр­мандар арасындағы ашық пікірталас, ойталқыда дара шыққан, «медальға» (оқыр­маны) ең бай қалам­гердің (жазу­шы, ақын, драматург) абыройын асқақтата берсек, жан дүниесіне жанкүйер болсақ, үкімет қанатына су бүркісе, «Әдебиет – ардың ісі» деген сөз­дің салмағын сезінбейтіндер өздігінен-ақ ығыса берер еді де, мен секілді оқырманның көңіліне анадай өкініш орнамас еді.

Сөз соңының алдында бір сөз: Жүлдеге жүгірмеген кешегі арыс­тарымыздай жарыссыз-ақ әдебиетті жасауға болады, бірақ, оқырмансыз әдебиетті жасау – кешіріңіз, қиял­дың ісі. Қайталасам, айып етпеңіз, ұлты­мыздың осы уақытқа дейінгі тари­хын, саясатын, қоғамын, дінін, дәстүрін, терең тілін, білім-ғылы­мын, иә, ұлтымыздың идеологиясын бір өзінің өн бойына сыйғызып, арқалап кеп, жеткізгені үшін бізге дейінгі әдебиетке алғысымызды айтуымыз керек. Ал, осы күнімізді ертеңге аманаттау үшін дәл қазірден бүгінгі әдебиетімізге, оның «тағды­рын шешетін» оқырманға жанымыз ашу керек. Жай емес, шыр­қырап тұрып  сөз бен іс қабысып келеді.

Егер анау хабарландыруда: «Оқыр­мандар арасында жарыс. Өз қалам­геріңді таңда!» – деп тұрса, аттандап ап жүгірер едім.

Байқау болмасын демеймін, болсын. Бірақ, ЖАРЫС ЖАЗҒЫШ­ТАРДЫҢ ЕМЕС, ОҚЫР­МАНДАРДЫҢ АРАСЫНДА ӨТУІ КЕРЕК! Міне, сонда ғана жазғыштар түптің түбінде бір парақ қағазға емес, оқырманға таласуы керектігіне басы жетеді. Қаламгердің әр медалі –

оның ОҚЫРМАНЫ.

 

Сәлеммен, әдебиетін әлемде көргісі келетін оқырман –

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ.