14 мау, 2022 сағат 15:19

Ғылымды қайта дәріптеп, ғалымдардың мәртебесін көтеруіміз керек – министр


ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстан ғылымын танымал ету қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, жаңа министрліктің басты бағыттарының бірі – ғылымды дәріптеу. 

«Қазір ғылымды қайтадан танымал, қызықты ету, ғылыми мансаптан үлкен мансаптық трамплин жасау өте маңызды. Бүкіл Marvel фильмдерін қарасаңыздар: Брюс Бэннер – Халк – ғалым, Тони Старк – ғалым. Барлық кейіпкерлер – ғалымдар. Инноватор ретінде, әлемді және елімізді алға жылжытып, жақсартатын адам ретінде ғалым мәртебесін қайтаруымыз керек», - деді Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейін журналистерге.

Өз сөзінде Ғылым министрі Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің мұғалім мәртебесін қайтарғанын еске салды. 

«Дәл осылай ғалымның мәртебесіне де назар аудартқымыз келеді. Ғалым – болашағы зор мансап. Ғалымдар расында да әлемді өзгертеді. Және ең бастысы, ғалымдар қолданбалы форматта экономикалық және әлеуметтік дамуға, ЖІӨ-нің өсуіне және басқа факторларға әсер етеді. Яғни, ғылым әлеуметтік-экономикалық дамудың серіктесі және көмекшісі ретінде де маңызды», - деді Саясат Нұрбек.