30 сәу, 2019 сағат 10:08

Головкин-Роллс айқасының андеркартында Әли Ахмедов шаршы алаңға шығады

Жеңіліп көрмеген қазақстандық кәсіпқой боксшы Әли Ахмедов (14-0, 10КО) 8 маусымда Нью-Йоркте өтетін Геннадий Головкин (38-1-1, 34КО) - Стив Роллс (19-0, 10КО) айқасының андеркартында рингке шығады.

Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының ВКонтакте парақшасында жазылды.

«Ахмедовтың айқасы BoxRec.com сайтының профилінде тіркелді. Қазақстандықтың қарсыласының кім болары әлі белгісіз. Әли - GGG Promotions промоутерлік компаниясының клиенті екенін атап өткім келеді», - делінген хабарламада.

Сонымен бірге, Головкин-Роллс айқасының андеркартында орта салмақтағы америкалық Брайан Себальо (8-0, 4КО) пен жеңіл салмақтағы Марио Рамос (8-0, 7КО) өнер көрсетеді. Олардың да қарсыластары алдағы уақытта белгілі болады.

Қазақстандық боксшы 8 маусымда Нью-Йорктегі (АҚШ) Madison Square Garden аренасында 35 жастағы канадалық боксшы Стив Роллспен (19-0, 10 КО) кездесетінін бұған дейін жазған едік

Стив Роллс кәсіби боксқа 2011 жылы ауысып, екінші орта салмақта (76,2 келі) өнер көрсете бастады. Жекпе-жектердің басым бөлігін өз елінде өткізген. Алты рет АҚШ-та жұдырықтасты. С.Роллс осы уақытқа дейін бірде-бір рет жеңілмеген. 19 жекпе-жекті 10 рет нокаутпен аяқтаған.