«...Чувствую себя также в долгу и перед
товарищами акмолинцами, прекрасная
музыка которых заслуживала бы
специального исследование на месте,
где, между прочим, еще
живы такие выдающиеся старые акыны,
как Ибрай и Естай.»
А. В. Затаевич
Естай (азан шақырып қойған аты Есмағанбет) жайында жазылған еңбек көп емес. Бірақ, мүлде жоқ деуге де болмас. Ауызша жеткен естеліктер, жазбаша жеткен сұхбаттар, өмірі мен шығармашылығына байланысты бірліжарым ғылыми, танымдық мақалалар бар. Естайға байланысты материалдардың дені тоталитарлық режим тұсында жазылғандықтан, шындыққа жанаспайтын тұстары да жоқ емес. Баспадан жарық көрген кітаптарда да, ел аузынан жиналған әңгімелерде де «Естай парасатты адам еді», – деген сөз жиі кездеседі. Қазір тоқсанға келіп отырған әншінің немересі Зекен Жанәбілқызы он сегізге келіп ұзатылғанша, кіші немересі Сарыторғай да Естайдың қолында болыпты. «Естай туғаннан өмірінің соңына дейін Ақкөл-Жайылмада тұрды. Тек 1931–1932 ашаршылық жылдарында жан сауғалап Омбы шаһарында тұрып қайтқан. Елдегі бауырлары, ағайындары: «Естай, сен жақсылармен көп жүрдің, елдегі ылаң басылғанша Омбы жаққа бара тұрсаң дұрыс болар еді», – деп ақыл берген сыңайлы. Домбыраны солақай тартатын, «Бір мысқал» («Қорланның сипаты» – әннің екінші аты) әнін айтардың алдында домбыраны ұзақ шертіп, шалқытып «қара шертіске» басып-басып алатын», –дейді. Зекен әжеміз композитордың балалық шағы, боз бала кезі, елге есімі жайылған, сайран салған жігіттік дәуірі, егде тартып халық құрметіне бөленген кездері жайында айтқан әңгімелерін Естайдың өз аузынан естіген екен.
Бала кезімде «бұла боп өстім», – депті Естай ақын. – Ағам Нұрмағанбет көрші ауылға тойға бармақшы еді, мен де барамын деп қиғылық салдым. Он-он бір жастардағы кезім. Нұрмағанбет мені ертпей, ауылдың бір топ жігітімен бірге атқа мініп тартып кетті. Ерегесіп артынан жаяу шықтым. Төңіректің бәрі – қамыс, қопа. Қас қарая адастым, зәрем кетті. Көз байланды. Қамыстан шыға бере жанып тұрған екі көз көрдім. Қасқырдың көзі түнде жанады дегенді естігенім бар, жылап жібердім. Бірақ сол жанып тұрған көзге қарай жүре беріппін. Жақындай келе үйдің терезесінен көрінген шам екенін түсіндім. Есік алдында Жеміс әулие жүр екен.
– Естай, қайдан жүрсің? – деді.
– Ағамның соңынан тойға келдім, – деймін.
– Сен енді оларды таппайсың, бүгін осы үйге қон. Таңертең ауылыңа қайтарсың деді. Ұйқыдан тұрған соң Жеміс әулие: – Естай, сені жел есіп өтеді, ескен желде несібең бар, атақты адам боласың, – деді.
«Ауылдың бір аттылы адамына мінгесіп ауылға қайттым. Жолда самал жел есіп өткендей болды, аттан түскенде әуендетіп, ән салып түстім», – деген екен немересіне айтқан естелігінде әнші.
Естай 1873 жылы Павлодар уезі, Ақкөл болысы, Бұрымтал ауылында дүниеге келген (кей деректерде Қаражар, Итмұрынды бес төбе деп те жазылған), Немересі Зекен апа: «Естай Бұрымталда туған», – деді. Ақкөл-Жайылма жалпы алғанда Екібастұз бен Ақтоғай ауданын алып жатқан үлкен алқап. Ал, Екібастұз ауданының Ақкөл совхозының (Кеңес заманында осылай аталды, оқырманға түсінікті болсын деп беріп отырмын) ескіше аты Елтай ауылы.
Тарихшы ғалым Ж. Артықбаев Ақкөлді «Қазақ өнерінің ордасы болған жер», – деп жазды.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының шешуші уақиғалары Қарабайдың
«...Қызымды жетім ұлға бермеймін», – деп, Аяғын Өлеңтінің өрлей көшті... Өлеңтінің бойынан көшкен күн, Сарыбайдың сабасы жарылады... Сарыбайдың сабасы жарылған жер, Ақкөл мен Жайылма сонан қалған», – деп тоқсан мың жылқыны айдап көшуімен басталады. Өлеңтіні өрлей көшсе, Қарабайдың елі өзіміздің Қараөткелге келеді».
Ж. Артықбаев онан ары Ақкөл-Жайылманың тарихи маңызын аша түсетін пікір білдірген:
«Ақкөл-Жайылма – ұлан-байтақ қазақ жерінің орталық бөлігіне орналасқан әдемі аймақ. Ақкөлді жергілікті қазақ қариялары Әулиекөл деп те атайды және ортағасырлық шежіре деректері мен тарихи жазбалардан бұл аймақ туралы аздаған мәліметтер кездеседі. Соларға қарап отырып Ақкөл-Жайылманың қазақ тарихындағы орыны Баянаула, Қарқаралы, Ұлытау сияқты тарихи орталықтардан бір де кем емес екенін аңғарамыз» – дейді ғалым. Одан әрі Өтеміс қажының «Шыңғыс-наме» кітабына сүйене отырып, «Өтеміс қажының жазуына қарағанда Шайбан (Сыбан, Шибан) ұлысы Ақкөл-Жайылмаға Сайын ханның (Бату) бұйрығымен ие болған»
[Ж. Артықбаев «Ақкөл-Жайылма хандар мекені» Астана ақшамы газеті]
Ақкөлдің төңірегінде көл көп, көлдерді айнала қалың қамыс өскен. Бұл жердің қамысы ұзын өседі, елдің қыс қыстауына қолайлы. Көлде құстың неше алуан түрі бар, аң да бар, балық та мол. Біз айтып отырған Қаражар, Бұрымтал ауылдары Ақкөлге жақын орналасқан. Ақкөлдің арнасын толтырып жатқан қайнар – Шідерті, Өлеңті өзендері. Арнасынан асқан көл суы Дуана өзеніне құйылады. Дуананың бірінші сағасы Бәсентиінге, онан Қылды көл, Сасық көл, Өмірзақ көлдеріне, екінші сағасы Бозайғырға құяды. Бозайғыр Тоққұлы көлін толтырады. Естай бала кезінде Жеміс әулиені кездестіретін Тайпақ (көлшік) осы Бозайғыр мен Тоқұқұлының ортасында. Қаражар мен Тайпақтың арасы шамамен
7-8 шақырым. Тоққұлыдан шыққан су Ащы көл Көктөбе көлдеріне кетеді. Көктөбеден Жалаулы көліне құяды (Жалаулыны теңіз деп те айтады).
Бұл елде аңшы мергендер көп, бір қызығы мергендер отырған құсты атпай, ұшқан құсты қана атады. Балықшылықты кәсіп қылатындар да бар.
2011-жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің жанынан құрылған фольклорлық орталықтың басшысы Базарәлі Мүттекеевке Ақкөл-Жайылмада Естайдың көзін көрген әнші, қиссашы Кәкен Тәшімов деген ақсақал бар, сол елде болған өнерпаздар жайында, Естай туралы көргенін, естігенін таспаға түсіріп алу керек деген ұсыныс айттым. Базарәлі (марқұм) өзі де Жетісу мен Сарыарқаның даласын кезіп жүріп ел ішінде танылмай қалып қойған талай өнерпаздың үнін алтын қорымызға табыстаған жан еді, мені бірден қолдады. Көненің көзі Кәкен ақсақалдан Ақкөл-Жайылма өнерпаздары туралы ел арасында сақталған деректерді алып қайттым. Ақсақалдың айтуынша Ақкөлде өнерпаз көп болған. «Әнші – Ахметтің Мұфтиі, Писақтың Ақышы, Төлеубайдың Шаяхметі, Сәбіттің Қожаны, Досмақтың Ғаппасы (пұшық Ғаппас), күйші әрі домбыра шебері Әлхамбек, қиссашы Ыбырайдың Темірболаты, ағайынды Әбдірахманның Тәшімі, Әшімі бар. Тәшімнің орындауында «Жер мен көктің жаралғаны», «Еңлік-Кебек», «Әзірет Әлі», «Ермек», «Қалқаман-Мамыр», «Кесік бас», «Күлше мен Назымбек» жалпы жиырма бес қисса білуші еді. Ағаш шебері, ұста, етікші Жазықбайдың Елемесі, Мақылбай (Сарыноғай), ұста, өрмеші Оралбайдың Әбіші, зергер Көжебайдың Төлеулісі, төрт ағайынды Тәшім, Әшім, Қасым, Насыр бар. Тәшім бүркіт салған аңшы, Әшім ұста, Қасым ісмер, етікші, Насыр ағаш шебері және төртеуі де мерген болған. Ағаш шеберлері Шәріпбай, Аябай, ағайынды Сүлейменнің Мұхаметжаны, Кенжетайы, Ырымжаны, ұста Жамал, Серікбайдың Төлегені, Асайынның Сейітжаны, етікші Іргебай, шешен Кәмал (турашыл мінезін білетін ел Тескіш деп атап кеткен) бар», – деді ақсақал. Кәкен ақсақал сол жолы бізге «Күлше мен Назымбек», «Кесік бас» қиссаларын және «Балғадиша», «Қарғам-ау» әндерін айтып берді. Домбыраны ғажап тартады, Байғабыл арқылы жеткен Естайдың ән бастардағы «қара шертісін» сұлу қайырды. Сексеннен асқан қарияның әнді жас адамша жинақы, қалықтатып салғанын көргенде таң қалдым. Мін жоқ! «Мен ән салуды Мүфтиден үйрендім, Естайға ән салғызу қиын еді» – дейді қария. «Есекең, қисса айтпайтын, тыңдағанды ұнататын. Бірде қораның артына шықсам Естай мен Ахметтің Мүфтиі көгалда көрпе төсеп әңгімелесіп отыр екен, жақындап келгенімде, әй, бала, жүгіріп барып домбыра алып келе ғой деді Естай. Домбыраны Мүфтиге ұстатты. Мүфти әнді малдасын құрып отырып айтты. Ән әуені жоғарылап көтерілгенде ол да орынынан тұрып кете жаздап, ән салқындап бәсеңсігенде орынына қайта отырады екен. Ұзақ шырқады. Естай, «па шіркін!», – деп Мүфтиді қоштап отырды. Писақтың Ақышын талай тыңдадым. Естайдан әнді кем салмаушы еді. Осыны көзім көрді», – дейді көнекөз. Бұлар Естаймен табақтас, дәмдес болған өнерпаздар.
Ақкөл-Жайылмада ертеден қалыптасқан әншілік дәстүрдің бар екеніне бір дәлел Мұстафа Бүркітбайұлының «Бүркітбай» әні. Мұстафа Баянаула жақтан келіп осы өңірден өзіне ұнаған тамаша әншілік үлгі көргенін былай баяндайды:
– Ақкөлге барғанымда әнге салдым,
Елінен Қанжығалы өрнек алдым.
Баласы Сүйіндіктің әнге құмар,
Уілін, ырғағымен алып қалдым.
Бұл ән салу шеберлігіне, вокал мәдениетіне, ән композициясына бас иію.
Мұстафа – Естайдан әлде қайда бұрын туған композитор. Оның Ақкөлдің әншілік мектебін өзіне үлгі тұтып, мұнша жоғары бағалауынан сол өңірде қалыптасқан, тамаша әншілік дәстүр болғанын бағамдауға болады. Мұстафа Бүркітбайұлының «Бүркітбай» әні екінің бірі шырқап салатын жеңіл туынды емес. Әншінің шебері ғана айта алатын күрделі ән.
Осыдан-ақ, Естайдың, онымен замандас әншілердің Ақкөл-Жайылмада ежелден қалыптасқан ән ордасының түлегі екені айқындала түскендей.
Мұстафаның әні осы дәстүрдің тамаша ескерткіші ретінде Қали Байжановтың айтуымен А. В. Затаевичтың «Қазақтың 1000 ән-күйі» жинағында хатқа түскен және Бісіміллә Балабековтың орындауында үн таспасы сақталған.
Композитордың туған жылына байланысты әртүрлі жазылып жүр. 1940-жылы композиторлар одағының мүшелігіне өткен кезде «личный листогына» 1868 жылы туған деп берілген. Павлодар облысына белгілі журналист, өнертанушы Айтжан Бәделхан бұл деректің шындыққа жанаспайтыныны туралы деректер келтіреді.
«...1868 жылы туды деушілердің ұсынатын құжаттары бар. Ол – Естай Беркімбаевтың
1940 жылы Қазақстан композиторлар одағына мүше болып түсу үшін жазған өмір баяны мен «Личный листогы». Бұл екеуінде Естай Беркімбаевтың туған жылы-1868 жыл деп көрсетілген.
Бір қарағанда бұл ден қоярлық құжат сияқты. Ал, зердеге салып ойлана келсек, ақиқаттан алыс екені бірден байқалады. Ең алдымен бұл құжат Естайдың өз қолымен толтырылмаған. Сырттан біреулер толтырып, соңынан арап әріпімен «Естай Беркімбаев» деп қол қойған. Күдіктің басы осы жерден басталады. Ешқашан адам қол қойғанда аты-жөнін толық жазбайды ғой. Тек қана фамилиясын жазуы мүмкін. Бұл құжаттардың соңында «Қойылған қолды растаймын» деп сол кездегі Мәдениет жөніндегі обылыстық комитетінің бастығы Сәрсембаев деген азамат қол қойыпты. Бұл да түсініксіз. Қойылған қолды растаудың қажеті қанша. Ол нәрсе алуға берілген сенім хат емес қой. Мұның өзі құжаттардың сырттай толтырылғандығын анық айғақтап тұр емес пе?!
Бұл – бір. Екіншіден, Естай қолды басқаша қойған. Мәселен, 1938 жылы жазушылар одағына жіберген «Қызыл әскерге-20 жыл» деген өлеңінің сыртына өзі арап әріпімен орағытып тұрып қол қойған.
Әлде біреулердің сырттан толтырған қағаздарын Естайдың туған жылын растайтын құжат деп қабылдауға болмайды. Ол кезде жасын өсіріп жазып, екі заманның куәгері деп көрсету салтқа айналған еді, бұл құжатта да сондай ниет болғаны байқалады».
Ал, ұзақ жылдар бойы қатар көрсетіліп келе жатқан 1872, 1873 жылдардың жөні басқа. Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің 1946 жылғы 26 наурыздағы нөмірінде жарияланған қазанамадан (некрологта) «1946 жылғы 15 мартта Қазақстанның өнерге еңбегі сіңген қайраткері, композитор Естай Беркімбаев жолдас қатты науқастан кейін Куйбышев ауданы «Ақкөл» колхозында 73 жасында қайтыс болды» деп жазылған. Зират басындағы құлпытасқа да осылай жазылыпты. Ақынды 1873 жылы туды деушілер осы уәжді сөзіне дәлел етеді (Айтжан Бәделхан «Естай қай жылы туған?»).
«Естай атам 1946 жылы 73 жасында қайтыс болды» деп немересі Зекен апа да 1873 жылы туғанын растайды. Естай өмірден өткенде нешеде болғанын басқа-басқа немересі шатастырып алатындай елеусіз біреу емес қой. Естай өзі «Исаның Қабышымен түйдей құрдаспын» деп отыратын дейді. «Алаш партиясына Серәлі Лапинмен бірге қабылданған. Қабыш Исаұлы 1873 жылы туған озық ойлы, ұлтжанды азамат 1937 жылы ату жазасына кесілген» (Тілеке Жеңіс «Ертіс-Баянауыл өңірі шежіре» 1995 ж).
Әкесі Беркімбай өмірден ерте өткенмен, туған ағасы Нұрмағанбеттің панасында өскен Естай жоқшылық көрмейді. Ауылдағы Жақып деген молдадан сауат ашады. Анасы Күлипа «...ақын, адуын мінезді жан» («Өзіңдей боп жан тумас»
Р. Тоқтаров) болыпты. Немере ағасы Төлеубай қажы ел ішінде абыройлы, төңірекке белгілі адам болады да, Естайдың ел алдына шығып өнерпаз болуына үлкен ықпал етеді.
«Он бес-он алты жастар шамасында Төлеубай ағама еріп Қоянды жәрмеңкесіне бардым», – деп немере інісі Қыздарбек Әміреновке айтқан екен. Сол сапарда ақын Шөже мен әнші Жарылғапбердіні көріпті.
«Шөже соқыр, көзі көрмейді. Жарылғапберді бірнеше ән шырқады, ішінде «Ағаш аяқ» әні де бар. Ел әншінің өнеріне тәнті болды. Осы жерде Төлеубайдың әнші інісі бар, шығарсын топ алдына деп Ертіс мырзасы Бердалының Исасы бейіл білдірді. Қолыма домбырамды алып, «құласаң- нардан құла» – дегендей мен де «Ағаш аяқ» әнін шырқап салдым. Сол жерде отырған біреу «қайсысы жақсы айтты?» – деді. Иса мырза: «Естайдың бір қайырымы артық болды», – дегені бар еді» (Естай. Ақынның ақырғы сапары. Жұмағали Қоғабаев) Ақсудың болысы Бердалының Исасы жас әншіні меселі қайтпасын деп көтермелеп жіберсе керек.
Алысқа шыққан алғаш сапары, өнердегі алғашқы қадамындай есінде қалады. Елге келген соң, Жарылғапбердінің алдында сүрінбей ән шырқап, көңілі тасып тұрған Естайға қажы ағасы екі жүйрік атының бірін берген екен.
Естай он жетіге келгенде әйгілі Біржан салмен кездескені туралы әңгімені Ақкөл-Жайылма төңірегіндегі ақсақалдардың көбі біледі. Тым әсірелеп жіберетіндері де бар. Біржанның атақ-даңқына Естай қанық. Елдегі әңгімеге қарағанда «Ақкөл-Жайылмаға, Шыман қажының шаңырағына, сал Біржан түсіпті», – деген сөз ел ішін дүр сілкіндірген сенсация болса керек. Сол сауық кешке қажының тапсырмасымен Естайды алдырады. Естайдың бар арман-тілегі сал Біржанның ән салғанын тыңдау болған. Бірақ, жағдай ол ойлағандай болып шықпайды. Біршама әнді сілтеп болып, Біржан сал: – мен жолдан шаршаңқырадым, енді кезекті сіздерге берейін, – дейді.
Р. Тоқтаровтың жазуына қарағанда ауыл әншілерін Біржанның мысы басып кеткендей. Ол да мүмкін. Ауыл арасындағы мықты әншілер тізесі қалтырап, ән салуға бата алмай қалды ма? Ұлы әншінің тегеуірініне шыдай алмаған болар?... Сонда Ақкөл-Жайылма ән ордасы, өнер баптаған ел дегені қайда? Мұстафаның Ақкөлге барып ән салудың жаңаша түрін үйреніп қайттым дегені қайда? Осының бәрі де шындық. Үлгі аларлық әншілер ел ішінде баршылық-тын. Ақкөл әншілерінің Біржан салдың алдында ән салмауы – ұлы әншіге көрсеткен ел өнерпаздарының құрметі емес пе. Бұл қазақы мәдениеттің нышаны. Мысалы, италиялық жазушы Мария Тебальди Кьезаның «Паганини» деген кітабында, Никола Паганини жеке концерт берген концерт залында, бес жылға дейін жеке концерт берілмеген деп жазады. Және осы жағдайды, еуропалық жазушы, өнерпаз қауымның киелі сахынаға, шын өнерпазға деген құрметі деп түсіндіреді. Біржан салдан қалмаймыз деп, ел ішіндегі әншілер өнер таластырғандай, бірінен соң бірі ән салса қалай болар еді? Өйтпейді, әннен алған әсерді бұзбайды.
Сол жерде отырғандардың біреуі Төлеубайдың жігіті келді дейді. Қажының тапсырмасы бойынша Естай, сал Біржанның келуіне байланысты арнау өлең шығарып, әндетіп сәлем береді.
– Ассалаумағалейкүм, Біржан аға.
Сыналдық қажы үйінде бар ма шара?
Көрсетпей қалай қызмет тұра аламын,
Жол берсе кезек сұрап сіздей дара,
– деп, зор дауысты жас жігіт асқақтатып ән салады. Сұлу үн отырғандарды елең еткізсе керек. «Үлкендердің бірі «бала қалай?» – депті Біржанға. Біржан: «дауысында аруақ бар, заманында әнге басқалы тұр екен», – деп баға берген екен. Бұл шамамен 1889, 1890 жылдар болса керек. Ақкөлден аттанғанда Біржан сал Естайды өзімен ертіп ала кетеді. Үш ай қасында ұстайды, ән үйретеді. Ұлы әншінің: «Дауысында аруақ бар», – деп баға беруі жас әншінің есімін Павлодар уезінің Баянауыл дуаны, Ақсу болысына, Ертіс, Ереймен төңірегіне мәшһүр етеді. Алыс-жақын тегіс естиді. Сол кездің атқамінер, болыс, билері салиқалы жиын-тойларға Естайды арнайы алдыруды жиілетеді. Жиырма жастар шамасында Ақан серіні көреді. Жас өреннің өнерін шыңдауда Біржан сал мен Ақан серінің ықпалы зор болған. Академик Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» атты монографиясында:
«...Жасы жиырмаға келмей жатып Естай, жоғарыда айтылған, әннің екі алыбын да көреді. Біржан салдың қасында бір жылдай еріп жүреді. 1889 жылы сондай-ақ Ақан серіге шәкірт болады. 1893 жылы екеуінен де тікелей ән үйренеді. Бұл жағдай Естай үшін үлкен бақыт болады. Айтушылар Естай Ақанның «Нұриласын» халық арасында бірінші жаюшы болды дейді. Екіншіден, Естайдың Біржан мен Ақанды көруі, бірге болуы, олардың орындауын естуі, әндерін үйренуі үлкен мектеп болды. Ол мектеп Естайдың ән шығару әдісіне әсер етті». (Замана бұлбұлдары 253 бет) Бұл арада А. Жұбанов Естайдың қазақтың екі ұлы әншісі Ақан мен Біржанға шәкірт болған уақытын ауыстырып алған. «Өмірімде Біржан салды төрт рет көрдім. Әндерін үйрендім. Ақан серімен жиырма жастардағы кездерімде кездесіп, бір жыл қасына ердім», – деп Қайым Мұхаметхановқа айтқан.
(Қ. Мұхаметқанов «Екі кездесу»).
Ол дәуір бір әнді он әнші айтса он түрлі құбылтып жіберетін, көп вариантты әндердің дәуірі болған, орындаушылар (насихаттаушылар) шығармаға өз мәнерін қосып отыратын. Әрине, Естай да Біржан мен Ақаннан үйренген әндерін өзінше құбылтып, өзгеше мәнермен айтқаны белгілі. Егер естігенін қайталап көшірме жасаса ұлы әншілердің жоғары бағасына ие болып, оң батасын ала алмасы анық. «Услышит казах новую для него песню какого-нибудь акына, понравится она ему, и понесет он ее в свой, может быть, и очень отдаленный аул, – понесет такую, как подскажет ему память и чуткость музыкальной восприимчивости. Кое-что перезабудет, кое что изменит по личному вкусу, подставит другое слова, и вот уже вариант готов!» (А. В. Затаевич «Қазақтың 1000 әні» жинағына жазған алғы сөзінен.) Естай бала жасынан тыңдап өскен Ақкөл-Жайылма төңірегіне кең тараған Жаяу-Мұса, Жарылғапберді, Балуан-Шолақ әндерімен қоса Біржан мен Ақанның репертуарын толық игереді.
1893–1894 жылдар шамасында Исаның Қабышы Маралды жеріндегі Сұңкар болыстың ауылына күйеу болып барады. Сұңқар мен Сұлтан бірге туған, Сұңқары болыс, Сұлтаны би болады. Руы қыпшақ. Осы құдалықтан хабардар Сұңқардың жамағайыны Павлодар уезі басшысының кеңесшісі Арынғазин Бәстеми деген адам болған. Бәстеми Ақсудың болысы бәсентиін Бердалының Исасымен қыл өтпес дос болған деседі. Жазушы Рамазан Тоқтаровтың айтуына қарағанда: «Сол Бәстеми Исаға кісі салып: – Балаң ол елге өнерлі жігіттерін ертіп алып барсын. Сынға ұшырап қаласыңдар, – деген соң ... Қабыштың қасына Біржан салдан бата алған жас пері Естайды қосып жіберуді лайық көреді» («Өзіңдей боп жан тумас» Р. Тоқтаров). А. Жұбанов «Замана бұлбұлдары» монографиясында Естай Маралдыға Шошан мырзамен барады деп жазған. «Ақкөлден жүз елу шақырымдай Ертіс деген жерді (кейін Ертіс ауданы болды) жайлайтын Сүлеймен деген бай болған. Оның баласы Шошан мырзаның айттырып қойған қалыңдығы Маралды елінде екен. Шошан қайынына барарда, бұрыннан атын халық білетін, өзінің үйінде бірнеше рет қонақ болып, ән салған Естайға қос атпен кісі жібереді. Ел аралауды жақсы көретін әнші, мүмкін Маралды жақтан жаңа ән олжалап қайтар, күйеу жолдасы болып емес, елдің ардақты әншісі болып, жайы келсе менімен барып қайтсын дейді» (Замана бұлбұлдары 254 бет). Көз көргендер Естай Маралдыға Исаның Қабышымен сапарлас болып барды десе, А. Жұбанов Шошан мырзамен барды дейді. Неге? Мәселе мынада... Академик Ахмет Қуанұлы Жұбановтың туған ағасы Құдайберген Жұбанов халық жауы ретінде ұсталып, атылып кеткеннен кейін Ахметтің әр сөзі, әр қимылы аңдулы болған. Ал, Исаның Қабышы Павлодар қаласындағы Алаш партиясының төрағасы,
1937 жылы халық жауы ретінде атылған кісі. Сұңғыла Жұбанов Павлодардың белгілі адамын және Естайдан көп кіші адамды жазуының себебі осы. Ертеңгі ұрпақ ақ, қарасын айырып алар деп сенген тәрізді. Егер де Шошанның орынына Қабышты қойсаңыз бәрі дұрыс болып шығады. Естайды арнайы алдыртқаны рас, күйеу жолдас емес, елдің ардақты әншісі ретінде барғаны да рас!
Осыдан бірнеше жыл бұрын Қаражарда Қуат Есімханов ағамыз Естай туған үйге ескерткіш белгі қойды. Ел әңгімесіне жүйрік Қуат аға Шошанның да жайын бір кісідей біледі. Оның айтуынша Шошан 1907 жылы өмірге келген... Сонда Шошан ерте аяқтанып он бес жасында үйленгеннің өзінде шамамен 1922–1923 жылдарға тура келеді. Естай ол кезде елу жаста болады. Елу жастағы әншінің ұрланып барып, қызды ауылды торып жүргені қисынға келер ме екен?! Шошан мен Естайдың жас шамасы едәуір алшақ екенін білетін кей ағайынның Қорлан мен Естайдың арасында еш махаббат болмаған, бәрі өтірік деп жүргендері де бар. Қорыта айтқанда Шошанмен барды деп А. Жұбановқа заманы жазғызып тұр.
Естай мен Қорланның кездесуі, олардың арасындағы махаббат туралы деректер Ахмет Жұбанов, Сапарғали Бегалин, Қайым Мұхаметханов еңбектерінен кездеседі. Сапарғали Бегалин мен Қайым Мұхаметханов Естаймен бір күнде, бір поезда кездескен екен. Сол сәтті С. Бегалин 1939 жылдың июнь айында Алматыдан демалыс алып, Семейге баратын поезға отыруға келдім», – деп жазады («Естен кетпес ешқашан» С. Бегалин). Қайым Мұхаметханов: «Июнь айының» (1939 ж.) аяғында Алматыдан Семейге бірге аттандық поезда да Семейлік жолдастар бар, Естай келе жатыр дегенді естіп, басқа вагондардан әдейілеп келгендер бар, әнші ақынды ортаға алып, құрметтеп, силап әңгімесін айтқызып, әнін тыңдаудан тынған жоқ», – деп еске алған. Ең қызығы екеуі де Қорлан мен Естайдың арасындағы махаббатты әншінің өз ауызынан жазып алыпты. С. Бегалин мен
Қ. Мұхаметхановтың естеліктерінде көп айырмашылық жоқ. Әңгіменің барысы былай болған:
«Естай бастаған жолдастарымен келген күйеуді қайын жұрты құрметпен қарсы алады. Күйеу келген ауылда ойын-сауық басталады. Маралдының ел билеушілері, руы қыпшақ Сұңқар деген болысы, Сұлтан деген биі болады екен. Сұлтанның бой жеткен Хұсни, Хорлан атты екі сұлу қызы бар екен. Осы екі бойжеткен құдашалар той-думанның ортасында болады. Той-думанның гүлі әрі әншісі, әрі ақын сегіз қырлы жас жігітке Хорланның көңілі ауады. Естай да қызды ұнатады. Сөйлеседі, сырласады. Хорланның айттырып қойған жері бар екен. Сүйіскен екі жас сол жолы серттесіп сөз байласады. Естай келесі жылы Хорланды алып қашпақ болып, Қожахмет деген жолдасымен Хорланның көрші ауылына жасырын келеді. Сұлтан ауылының Естайға тілектес Әбділдә, Нұрғазы деген жігіттері де бар екен. Үшқамыс көлін жайлап отырған Сұлтан ауылын қанша қорыса да қызға жолыға алмайды. Ақыры істің сәті түспейді. Бұлардың сырын сезіп қойған Сұлтан құдасына хабар айтып, Хорланды тездетіп ұзатып жібереді. «Хорлан» әнінің тарихы қысқаша осылай екен» («Екі кездесу» Қ. Мұхаметханов 52 бет Естай)
Қорлан сұлуға қолы жетпей шерменде болған Естай ақын «Айрылдым ғашық жардан Құдай алмай, Құр ішім толғай беред жылай алмай», – деп күңіренеді. Жас жүрегін ән тербеткен Естайдың тұла бойын өкініш, қайғы билеп кетеді. Ақкөлден Маралдыға жеткенше қиялында мәпелеп келген Қорлан сұлу алып жүректен ән болып туады.
Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын,
Құдайым берген екен күн мен айын.
Мұратқа іздеген жан бәрі жетпес,
Дариға жете алмадым не қылайын.
Қайырмасы:
Ахоу, арман,
Құсни-Қорлан!
Екі-ай бағлан,
Екеуі туған екен бір анадан.
Боз бала қалма қапы бұл жалғаннан,
Жігіттің арманы жоқ сүйгенді алған.
Өзіңдей боп жан тумас,
Туса туар, артылмас.
Бар ғаламда шарықта,
Уа, дариға, ләулік тас.
Бағдат, Мысыр, Шын, Машын,
Іздесем Хорлан табылмас.
Жиырма жасына дейін арқаның айтулы әншілерінің бірегейіне айналған Естай «Қорлан»-дай шедевр әнді осылай өмірге әкеледі. «Қорлан» Естайдың тырнақалды туындысы. Ән, Естай есімін әйгілеумен қатар, қазақ халқының ән мәдениетін бір белеске көтерген теңдесі жоқ музықалық шығарма ретінде мойындалады.
«...Музықалық теориядан құр алақан болған күннің өзінде Естай осы бір шығармасымен ән шығарудың классиктерінің қатарына бір-ақ секіріп шықты деуге болады. Өйткені, жоғарыда айтылғандай «Хорлан» байырғы түсініктегі: біз естіп, біліп жүрген ән құрылысынан өзгеше. Музыкалық мазмұнының тереңдігінің, тілінің аса өткірлігін былай қойғанда, «Хорлан» түр жағынан айта қалғандай мүсінді, сымға тартқандай әсем, ал басталғаннан кейін дамуы, өсуі де композиторлық қағиданы оқығандай заңды. «Хорлан»-Естай шығармашылығының шыңы, жүрегі десе қателеспейміз. Әңгіме әннің қай кезде шыққанында емес, қалай шыққанында. Сондықтан композитордың жас, тәжірибесі әлі байымаған кезінде жарық көрсе де, «Хорлан» шынайы, үлкен жүректен шыққан рухани перзент» (Замана бұлбұлдары А. Жұбанов 256 бет).
«Песня «Корлан», сочиненная Естаем в началье творческой деятельности в простом традиционном виде, с развитием композиторского и исполнительского мастерства автора преобразовалась в новую высшую форму казахской национальной песенной лирики» /Стилевые черты песен Естая Беркимбаева Б. Г. Ерзакович/.
«Қорлан» әнін айтып шығу үшін кантиленаның шебері болу керек. Яғни кең төгілтіп, дыбысты үзбеу қажет. Бұл біріншіден Естайдың сол кездегі хал-күйі ыза мен өкінішке толы болғанымен, Біржанның да, Ақанның да тәрбиесін көрген әншінің кемеліне келгенінің белгісі. Диапазоны кең «Қорлан» әні үзбей шырқауды қалап тұрады. Сол себепті бұл әнді орындауға көп әншінің батылы бармайды, шеберлігі жетпейді. «Қорланды» тамылжытып айту үшін Естайдың әншілік мектебін терең меңгеру керек, күшті әншілік форма керек. Осы әннің табиғатына қарап отырып-ақ жиырма жастардағы Естайдың қай деңгейде ән салғанын тұспалдауға болады.
«Қорлан» тумысы бөлек жанның бітімі бөлек туындысы, қазақ әнінің көкжиегін кеңейтіп поэма деңгейіне көтерген шығарма. Композициясы қазақ әндерінің көне үлгісінен бөлек. Әннің бір тональностен екінші тональноске уақытша көшетін отклонениесі бар. Бірінші шумақ қайырмаға ұласады, қайырма әдеттегі ән қайырмасының шарттарын толық бұзып, қайырма мен шумақ араласып кеткендей өзгеше форма құрайды.
«Корлан – /имя/- ААА1В+cda2в+c1def. Мелодия характеризуется волнообразным движением вопросно-ответных предложений, повторносьтю, ритмической энергией. Схема песни раскрывает, кроме вариантной разнообразности, превалирование припева над запевом не только свой протяженностью, но и высокой эмоциональной настроенностью в передаче текста. Так, если в запеве в спокойно повествовательном тоне воспевается красота Корлан, то припев в драматических интонациях передает страдание певца от утраты любимой. Это особенно проявляется в кадансе в патетических интонациях на слова «Уа дариға ләулік тас, Багдат Мысыр, Шын, Машын» («О священный камень, в Багдаде, Кайире, Китае, Индии буду искать»), завершаемых смысловой кульминацией на слове «Корлан табылмас» («подобной Корлан не найду») в умиротворяющих торцовых движениях, нисходящих к тонике. Он отличается от любовных 3–4 куплетных песен однакуплетностю, полностю завершающей содержание несчастной любви ее автора» (Б. Г. Ерзакович «Стилевые черты песен Естая Беркимбаева»).
«Әннің қайырмасының өзі жәй түсініктегі «қайырма» деген ұғымға сыймайды. Ол әннің біте қайнаған бір бөлімі, тек шығарманы қорытындылап тұрған себепті ғана, сырттай «қайырма» деп айтылады. «Қорлан» Естайдың басқа кейбір әндері сияқты қоңыр дауыстан, домбыра тілімен айтсақ бас пернеден басталады. Жүрегіңді қозғайтын жылы әуен салған жерден тыңдаушыны еркін билеп кетеді. Бірақ сол бір қоңыр үн сызылып, баяу басталған музыкалық «сөйлемдердің» өзі жай көрінгенімен, дауыл алдындағы кенет басылған желдей, ішінде тынып тұрған күш, эмоция бар екендігі сезіледі. Ән осындай жайда тыңдаушыны күттіреді, созылған байыпты бастапқы шумақтың әуені саспай жүріп отырады. Осыдан кейін қайырма басталғанда әннің екпіні де өзгере бастап, үні де қатайып, дыбыс та баспалдақтап жоғары тырмысып, шығарманың шыңына жақындап келе жатқаны білінеді. Ал шыңға шыға сала кейін қайтпай, сол жерде әнші біраз тоқтап қалады. Тек: «Іздесем Қорлан»... деген сөздердің тұсында ғана дыбыс төмен жылжи бастайды. Біздің «Қорланның» қайырмасы жәй түсініктегі қайырма емес (А. Жұбанов «Замана бұлбұлдары» 256 бет).
Қорланға қойылған құлпытаста 1878 жылы туған деп жазылған. Қорлан 1893 жылы он бес жаста, Естай жиырма жаста болады. Естайдың туған жылын шатастыру себепті, тіпті, Қорлан жиырмаға келгенде Естай қырыққа келген дегендей негізсіз пікірлерді естіп қаламыз. Егер Естай мен Қорлан махаббатын жоққа шығарсақ, «Қорландай» қазақ халқының ең көркем музыкалық туындысы кімге арналған болып шығады?! Қорлан ұзатылып басқа адамға тұрмысқа шыққан, бұл мәселені әрі қарай қазбалай берудің қажеті шамалы. Академик Жұбановша айтқанда «мәселе әннің қашан шыққанында емес, қалай шыққанында».
Халық арасына кең тараған «Қорлан» әнінің тағы екі варианты бар. Ол екі түрі жоғарыда сөз қылған «Бас Қорланға» қарағанда форма жағынан қарапайым. Мелодиясы бастапқы бетте «Бас Қорланмен» өзектес келгенмен дами келе өзгеріп кетеді. Ол екі әнді «Бас Қорланның» варианттары деп қарастыруға болар, тек диапазоны жағынан кішірек. Өнертанушы, ғалым Саида Елеманова кандидаттық диссертациясында «Қорлан» әнінің
19 вариантын талдап жұмыс істеген екен.
«Қорлан» әнін 1936 жылы Алматыда Темірболат Арғынбаев филармонияның кезекті бір концертінде айтады. А. Жұбанов: «Темірболат соңғы нөмірінде Естайдың атышулы «Қорланын» айтты. Оның сағыздай созылған әдемі баритон дауысына арнап шығарғандай «Қорлан» әні де көріктене қалды», – деп баға берген ғалым. ... Көрермен әдетінше, көбіне елпілдеген, жүрдек немесе ішінде күлкі араласқан әндерді көп сұрап, дуылдап кететін. Бұл сапар «Қорлан» сияқты өзінің бір өзі 6–7 минут жүретін, баяу екпіндегі әннің өзін қайта сұрап, әнші енді қайта соза бермейін деді ме, биске «Қорланның» бір шумағын ғана айтып берді» (Ахмет Жұбанов «Замана бұлбұлдары»). Осыдан-ақ Темірболаттың әншілігіне академик Жұбановтың ерекше тәнті болғаны байқалады.
Б. Ерзакович те Темірболат жайында көңілден кетпес бір естелік жазған екен. «...Бір күні маған Темірболат келді.
– «Борис, менің тамағым ән салуға жарамай қалды, мен саған сыбырлап бірнеше ән айтып берейін, сен нотаға түсір. Біреулерге қажеті болар», – деді. Мен бірден кірісіп кеттім» депті. 1937, 1938 жылдардағы зобалаң Темірболаттың денсаулығын нашарлатып жіберсе керек. 1939 жылы өзі де бір рет қамауға алынған. 1936 жылы «Қорланды» асқақтатып айтып, таңдай қақтырған ұлы әнші не бары төрт жылдан кейін ән салуға шамасы келмей қалған. Қалықтатып енді ән салмасын түсіне тұра, кейінгі ұрпаққа жетсе, ән үзілмесе деп ой түйген. Сол күні сегіз әнді жазып алған. Темірболат
1940 жылы қылтамақ ауруынан қайтыс болған.
«Сандуғаш», «Ақжалмаш», «Қаламқас», «Бір мысқал», (Қорланның сипаты) әндері де Қорланға арналған туындылар.
Көзінің қаралығы қарақаттай,
Сөзі бар ақ қағазға жазған хаттай.
Көзіндей құралайдың ойнақтатып,
Арман не соны құшқан адамзатты-ай.
Гүл жүзді, шырын сөзді, бал сілекей,
Аяғын келер басып некей-некей.
Алмадай беттерінен сүйгенімде,
Суырылар тіл мен қабат сол көмекей.
Болғанда тілі жақұт, тісі маржан,
Еті аппақ жазғұтұры жауған қардан.
Қан шырын, бесті бұрым, лағыл етік,
Қалмайды жүзін көрген пендеде арман.
Ақ көйлек, қызық камзол, лағыл етік,
Отырмын ғашық жарды өлең етіп.
Шіркін-ай, «Хұсни-Хорлан» деген шақта,
Алдымнан шығар ма едің көлең етіп.
Аспайды шам жарығы табағынан,
Қызыл гүл ұялады сабағынан.
Аққудың мамығындай үлбіреген,
Көрінер ішкен асы тамағынан.
«Қорлан» мен «Бір мысқал» әндері Естайдың композиторлық, әншілік өнерімен қоса ерекше дарынды ақын болғанының белгісі. «Бір мысқал» музыкалық формасы жағынан – сол кез үшін ол да Естай еңгізген жаңалық. Ақкөлде қиссашылар көп болғанын мақаланың бас жағында айтқан болатынбыз, сол қисса-дастандар Естай шығармашылығына мол әсерін тигізеді. «Бір мысқал», «Жай қоңыр», «Наз қоңыр» әндері форма тұрғысынан қиссадан алыс емес. Тіпті, қиссаның ықшамдалған түрі деген пікір айтар едім. Әуені ұқсамағанымен пішіні бір.
«Бір мысқал» композитордың жас кезінде 20 мен 25 жас аралықтарында шыққан болса «Жай қоңыр» мен «Наз қоңыр» Естайдың егде тартқан шақтарында шыққан әндер. Естайдың «Қара көз», «Юран-ай» әндері де композитордың жігіттік дәуірінен қалған белгі.
«Қара көз» әнінің басы сазды келіп, қайырмасы ойнақы мелодияға құрылған. Бұл да тыңдаушының құлағынан кетпейтін соқталы туынды. Әннің қысқаша тарихын С. Бегалин автордың өз ауызынан естіген екен. «Естай бірде жолы түсіп Омбы шаһарына барады. Сол жолында Қыпшақ ауылының белгілі адамы Жансары деген байдың үйіне қонады. Үй иесі Естайдың әнші екенін білген соң «қонақ кәде» ретімен өлең айтқызады. Жансарының бой жеткен Қаракөз деген қызы бар екен, сол Естайға ән қолқасын ұсынып, бірнеше ән айтқызады. Естай аттанып кетеді. Бірақ қыздың көркі Естайдың көкірегін кернеп, ой толғанысына жетелейді. Сол Омбы жолының өзінде «Қаракөз» әнін шығарады»
(С. Бегалин «Естен кетпес ешқашан»).
Лағыл тас су түбінде жатады алтын,
Суының беті жылы түбі салқын.
Суынан сол лағылды сүзіп алып,
Азырақ көрер мә еді рахатын?!
«Сандуғаш» әні табиғаты жағынан «Қорланға» жақын. Ол да сызылтып, үзбей салуды қалап тұрады. Әнді түсінбей шошаңдатып айтатындарға қол емес.
Сал кеуде сандуғаштай сайрап тұрған,
Меруерт тас Самарқанда жайнап тұрған.
Бозбала топтан таңдап бір сұлу ал,
Тасындай диірменнің ойнап тұрған.
«Ақжалмаш» әнінің музыкасы Естайдың еш әніне ұқсамайды. Бұл – бір оқшау тұрған шығарма. Бір қарағанда жаңа заман әндерінің басы секілді көрінеді. Әннің ортан белінен асқанда ғана ескішелеп қазақы көне тәсілдерге ауысады.
Мен әніме салайын – Ақжалмашқа,
Отырғанша ерігіп бостан-босқа.
Мен сағындым қалқаны ұмыта алмай,
Барсаң сәлем айта бар қаламқасқа
Ай, Ақжалмаш,
Қалды-ау кейін қаламқас.
Халық арасына кең тараған әнінің бірі «Жай қоңыр».
«Ертістің арғы жағы-Арқанаты,
Әншінің домбырасы-қолқанаты.
Жағалап қара Ертісті Естай ақын,
Деп салған «Жайқоңырға» әннің атын
Әуелі бұл шіркінді бастау қиын,
Екінші көптің сөзін тастау қиын.
Төрт сөзің түгелімен келмеген соң,
Барқырап көп алдында қақсау қиын.
Жиырма бес кеткенің бе бір қарамай,
Мен жүрмін осы күнде ат жарамай.
Отыз бен қырық бестің арасында,
Басушы ем аяғымды генералдай»,
– деп жігіт кезін, жігіт ағасы болған кездерін сүйсініп еске алады. Жиырма бес, отыз бен қырық бес,
– деп келе жатып тоқтағанына қарағанда ән елулер шамасында шыққан. Ән характерінен, сөз мәтінінен серіліктің лебі есіп тұр. «Жай қоңыр» ойнақтатып, желдіртіп айтқанды қалап тұратын ән.
«Наз қоңыр» осы күні айтыс мақамына айналып кеткен халыққа етене жақын ән. Негізінен Байғабыл Жылқыбаев орындауында жеткен.
Естай деп атым шықты қалың елге,
Не көрмес басқа түссе шіркін пенде.
Ән-жырдан сарай салған қайран кеудем,
Енерсің сен де бір күн қара жерге,
– дейді ақын.
«Юран-ай» Майра Шамсуддиноваға арналған ән дейді көз көргендер. Өнертану ғылымдарының кандидаты З. Қоспақов: «Естайдың өмірі мен шығармашылық қызметі» – деген мақаласында 1988 жылы Қызыл ту газетінде шыққан материалға сүйене отыра «Юран-ай» әні жайында мынадай дерек береді. «Көркем, сұлу бейнелі, қазақ әнін асқақтата шырқайтын осы бір ақсары ноғай қызы Естай ақынның жүрегінен орын алады. Ол оған арнап «Юран» әнін шығарады. Майраның бүркеншік аты Нюраны Естай қазақ қыздарының Еран, Гүлжан, Раушан аттарына ұйқас етіп, Юран деп алған».
«Юрай-ай» Естайдың көтеріңкі көңіл күйде келетін әні. Әнге Жаяу Мұса шығармашылығының ықпалы байқалады. Жаяу Мұсаның «Көгершін» әніне мелодиясы да, формасы да ұқсап қалып отырады. Естайдың: «Жас күнінде Жаяу Мұса әндерін орындадым», – дегені бар. Бұл ұқсастық Мұса әніне есі кете ғашық болғанынынан қалған белгі болса керек.
Салғаным сал қара атқа жаппай күміс,
Білмеген асыл жайын адам емес.
Осы әнді Юран деген қызға айтқан,
Естайың басқа жанға салған емес.
Қыз бопты Қараөткелде Юран атты,
Аузынан шыққан сөзі балдан тәтті.
Қолға алып домбырамен шырқағанда,
Өзіне тең көрмеген адамзатты.
Негізі ән мәтініне қарағанда Естай Майраның әншілігін жоғары бағалаған сияқты. Себебі ол кезде қазақ әйелі айқайлап, арқыратып әнге салмайтын еді. Майра қазақ әнін қалың көпшіліктің алдында орындаған (сахыналаған) әйел затынан алғашқылардың бірі, тіпті, біріншісі де болуы мүмкін. «...Впрочем, все это относится к манере мужчин, тогда как женшины, – не берусь судить, – по традиции ли, или же в силу своего темперамента, поют гораздо холоднее, чем мужчины, и, при красивом и чистом звуке, нередко удивляют механичностью и безучастностью своего пения. Скажу даже больше и отмечу как характерную особенность, что казахам положительно не нравятся ни особенно высокие женские голоса, ни колоротурные поползновения наших культурных певиц, пробовавших исполнять их песни, а всякая их попытка «переживать» исполняемое и вносить в него элемент сколько-нибудь подчеркнутой выразительности-вызывает в казахской аудитории чуство протеста»
(А. В. Затаевич «500 Казахских песен и кюев»). Бұл айтылғанның бәрі ер адамның манерасына байланысты деп отырғаны жалпы «Қазақтың 1000 әні» мен «500 Қазақтың ән-күйі» жинақтарында ер адамның ән салу манерасын ғана сөз етеді дегені.
Майраның ән салуы қаншалықты өзгеріс әкелсе, ән шығаруы да соншалықты жаңалыққа толы. Гармон аспабының домбырадан спецификасы бөлек, диапазоны кең болғаннан кейін әннің шығуы да, айтылуы да басқаша болады. Майралық стиль толық зерттеуді қажет етеді деген ойдамын.
Естайдың өзі жаңашыл композитор, сол себепті ол Майра бойындағы ерекшелікті, талантты тани білген.
«Юран-ай» әнін Алматыға алғаш жеткізген Рүстембек Омаров. Ол Алматыға он төрт жасында барған. Павлодарлық Ақбай деген әншіге шәкірт болған. Темірболат Арғынбаев, Тоқбай Жұмағұлов, Ақбай, Рүстембек – бәрі бір өңірдің тумасы. Рүстембектің қолы домбыраға жүйрік болған. Естай әндерін айтардың алдындағы ән шақырғы «Қара шертісті» білген, терең игерген. «Юран-ай» әнін орындағанда А. Жұбанов Рүстембектің домбырашылығына тамсанып оркестрге шақырады. Бұл 1934 жыл. Кейін ұзақ жылдар бойы А. Жұбанов құрған ұлттық оркестрдің концертмейстері болды. Құрманғазы, Тәттімбет күйлерін үздік тартып, әсіресе Кетбұғаның «Ақсақ құланын» асқан шеберлікпен шерткен күйші ретінде халық жадында қалады. Күйші Р. Омаровты білмейтіндер осы күні кем де кем.
Б. Ерзакович Т. Арғынбаевтан «Юран-ай» әнін нотаға түсірген. Қ. Байбосыновтың орындауында халыққа кең тараған «Юран-айдың» нұсқасы
Т. Арғынбаев жеткізген нұсқасынан алыс емес.
Қ. Байбосынов Серәлі Әбжановтың үн таспасынан үйренген екен.
Естай жиырма бестен аса ән шығарған. «Қоштасу» соңғы әні.
Сері боп, сайран салып, дүние көрдік,
Сал Біржан, Ақан сері қасына ердік.
Тағдыр сол өткен өмір қайта оралмас,
Шау тартып, тұралайтын халге келдік.
Сақал шаш ол да ағарды басымдағы,
Жолдас жоқ жаны ашитын қасымдағы.
Ән салып домбыра ұстар кезім емес,
Әшейін әдетім ғой жасымдағы.
Ақының, әншің болып еркеледім,
Кешегөр, қош аман бол ардақты елім.
Естайдың болады енді сөзі тамам,
Ақтық сөз, айтылған хош, осы менің.
А. В. Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 500 ән, күйі» жинағында «Қорлан» әнін Ақмола уезінің тумасы Қайып Айнабеков, Атбасар уезінен Нұрмұхамедов Хасейін, Петропавл уезінен Тұяқов Құрбанәлі, Семей уезінен Ербалин Әли, Павлодар уезінен Қаныш Сәтбаев, Қарқаралы уезі Кентау болысынан Қадырбай Танашев орындауында нотаға жазылған. Павлодар уезінен Медеу Қолыбаевтың орындауында «Назымгүл», Ақмола уезінен Бегішев Әбдірахманның айтуымен «Дүние» әні және Омбылық әнші Өтекин Әлікейдің жеткізуімен бір «Терме» («Терме Естая» деп жазылған) хатқа түскен.
Естай шығармашылығына алғаш ден қойып зерттеген ғалым Борис Ерзакович. Естайдың өз ауызынан он сегіз әнді жазып алып хатқа түсірген. Әндерін стильдік тұрғыдан талдаған. Естай әндері халық арасына кең тараған. Десе де Б. Ерзакович тиянақтылығының арқасында «Қара көз», «Наз қоңыр», «Ақжалмаш», «Қаламқас» сынды ғажап туындылар бізге жетіп отыр. Әннің насихатталуына ән айтушылардың еңбегі зор болмақ, ғылым үшін ән ноталарының құны артық. Бұл керісінше де болуы мүмкін. Себебі әннің нотасы сапасыз болса әнді тыңдап отырып талдауға тура келеді, немесе
А. Затаевич, Б. Ерзакович, Талиға Бекхожина түсірген әндер кеш те болса орындала бастады.
Естайдың «Қорланы» баритон дауысқа жарасып тұрады. Естайдың дауыс регистрі де төмен болу керек. «Ал, оның дауысы маған қобыздың қоңырқай, мұңлы үніндей әсер етті», – деп жазған музыка танушы Б. Г. Ерзакович. Мен ауылға осы көктемде барып немересі Зекен ападан Естайдың дауысы жуан ба, шыңғырған жіңішке болды ма? – деп сұрағанымда, ол кісі «қайдан білейін балам, біздің Ерболдың дауысы Естай атаңа келеді», – деді. Ол кісі әнші Ербол Айтбаевты айтып отыр. Ербол жоғарғы бас. Жас келе Естайдың дауыс регистрі көтеріліп лирикалық баритонға, тіпті, тенорға жақындаған болуы мүмкін. Вокалды дұрыс игерген әншілерде жиі кездесіп тұратын жағыдай. Мысалы Серкебаев жас күнінде бас болған. Әйгілі италиялық Паваротти де жас күнінде баритон болған, біз оны лирикалық тенор деп білеміз. Естай да солай болған сияқты. Себебі «Қорлан» баритондардың репертуарын толтырса «Жай қоңыр» тенорларға көбірек келеді.
Павлодар өңірінің әншілігіндегі назар аударатын бір жәйт ол сол өңірдегі әншілікке «баритон» мәнерінде ән салудың үстемдік етуінде (доминирование баритоновой манеры пения Қ. Айтбаев). Кереку қоңыр дауысты әншілердің мекені десе де болады. Қали Байжанов (баритон), Темірболат Арғынбаев (баритон), Жабай Тоғандықов (бас), Шәкен Айманов (баритон), Ербол Айтбаев (жоғарғы бас). Бұл халық әнін айтушылар. Академиялық вокал деп аталатын өнер түрінен Кәукен Кенжетаев (баритон), Шахмардан Әбілов (баритон), Бейімбет Қожабаев (бас). Тенорлардың өзінен баритон мәнерінің табы байқалып тұрады. Мысалы, Павлодарлық тенор Байғабыл Жылқыбаев пен Семейлік тенор Мәдениет Ешекеевты салыстырып көріңіз. Мәдениетке Жүсіпбек Елебековтің, Жүсіпбекте Әміре мәнерінің ықпалы байқалса, Байғабылда сол өңірде болған Естай, Қали Байжановтардың әсері мол болғанын аңғаруға болады. Тіпті, Бісімміллә Балабековтың кей әнді тым созбалақтап алуының себебі баритонша мәнерді көксеуінен болса керек. Бірақ, Балабеков әншілігінде жинақылық жоқ. Тенорға созып айту жараса бермейді.
«Он жеті жасымнан аттан түспедім», – деп айтқан Естай кеңес дәуірінде жазылған еңбектерде кедей етіп көрсетілген. Ол бір жағынан түсінікті де. Советтік әдебиет пен деректі жазбаларда қазан төңкерісіне дейінгі кезең таптық өлшемдерге салынып, бай атаулы жаман, кедей болса бай – құлақтың езгісіне түскен момын, жақсы боп суреттелетіні заңдылық болатын. Сондықтан, сол бір кезеңдегі жазбаларда Естайдан өзге де ел тарихындағы әйгілі тұлғалар кедей тап өкілі боп суреттеліп келгеніне кітапханалар сөрелеріндегі кеңестік әдебиеттер мен өмірбаяндық мәліметтер дәлел бола алады. Тек, ел ішінде ақынның көзін көрген адамдар мен ұрпақтарының естелігі Естайдың сіңірі шыққан кедей емес, өзіне, сыйлы қонағына жетер несібесі болған, орта дәулетті кісі болғандығын көрсетеді.
Осы күні «Естай малшы болған екен» дегендей әңгімелер оқтын-оқтын айтылып қалады. «Ақының, әншің болып еркеледім» деп сайран салып, ел құрметіне бөленіп өткен серілер дәуірінің өкілін кедей, малшы қылып көрсету кімге керек болды екен?!
Естай 1936 жылы Ерейменге барады. «Не бары бір жарым күнде жүріп өтетін жолды тоғыз күн жүрдік», – деп еске алады немересі. Ол кез отызыншы жылдар басында болған ауыр аштықтан кейінгі елдің күйзелісті, күйсіз кезі болатын. Соған қарамастан, Естайдай әнші – ақынын көрген жолдағы ауылдардың үлкен – кішісі зор құрмет көрсетіп, қонақ етіп, күтеді. Жолдың ұзап кетуінің себебі сол.
Әншісін, ақын – сазгерін төбесіне көтеріп, мәпелей білетін елін Естай неге әнге қоспасын, барын да, нәрін де беріп, қазақ дейтін халықтың сән – салтанатын, ұлы махаббаты мен назын өлмес туындыларға айналдырып, халқына тарту етті.
Естай өзінің соңғы әні «Қоштасуда»: «Сәлем де Есіл, Ертіс өзеніме, Жайылма-Ақкөл атты көлдеріме. Жас жаным қарт тәнімді қимай отыр, Білмеймін көремін бе, көрмеймін бе?!» дегені өзін еркелетіп, қадірлеген елін қимағаны еді.
Әлі күнге халықтың әншіге деген ықыласы ерекше. Естайдың есімін ел мақтан тұтады. Бұрынғы Ақтоғай ауданы Чкалов совхозындағы № 1 ауыл Естай атына берілген. Туған жерінде «Естай өткелі» деп аталатын өткел, Павлодар қаласында Естай атында көше бар. Қалалық мәдениет сарайы да Естай есімімен аталады. Облыстық жыр-термешілер сайысынан республикалық әншілер конкурсына дейін әртүрлі іс-шаралар жыл сайын өтіп жатады. Тоқсаныншы жылдардың басында сол кездегі Ақтоғай ауданы әкімі Әбілхақ Түгелбаев ұсынысымен ақынның 125 жылдық мерейтойы аясында Естай шығармашылығына арналған зерттеулерден тұратын ғалым Зейнұр Қоспақовтың «Қорлан» атты жинағы жарық көреді. Қатардағы шен – шекпенділердей емес, ел ішіндегі ескі әңгіме, шежіре – тарихқа жасынан қанық, ұлт әдебиеті мен өнеріне ерекше ықылас танытып, бағалай білетін Әбілқақ Балғабайұлы сол жылдары Естайдың мазарын қайта қалпына келтіртіп, жоғарыда аталғандай, Павлодардың орталық көшелері бірінің Естай атымен аталуына күш салады.
Жетпіс үш жасқа келгенде Естайдың сырқаттануы жиілеп кетеді. 1946 жылдың қаңтар айында ауданға шақырту алады. Естай ауырып жүреді де жолға шықпайды. Шақырту қағазы қайта келген соң, Тоғайбайдың Оқасына ат жектіртіп екеуі сол кездегі аудан орталығы Краснокутскіге жүріп кетеді. «Үстіне киген тұлыбы бар, ағам шанаға отырды. Көшірі Оқас. Олар қозғалып кетті, мен үйге кіріп біршама уақыттан соң қайта шықсам, жеңгем Есекеңнің артынан әлі қарап тұр екен.
– Жеңеше, неге тұрсыз? Салқын тиіп қалады, үйге кіріңіз-дегенімде;
– Ағаңды шығарып салып тұрмын ғой, деп теріс айнала берді, – деп Қыздарбек ақсақалдың естелік айтқаны бар. Естай екі рет үйленеді. Бірінші әйелі ауырып қайтыс болады. Одан екі ұл, екі қыз қалған. Баланың үлкені Жанәбілден және Күләй, Кәнтәй атты қыздарынан тараған ұрпақ бар. Жанәбіл екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған. Кенжесі Жәкөш он сегіз жасында Омбы мен Ақкөлдің арасында қатты боранда адасып мерт болған сияқты. Ол – 1931, 1932 жылдар. Анығы белгісіз. Жәкөштің ақындығы туралы ауызекі айтылған естеліктер бар. Өзімнен асады деп ерекше жақсы көрген екен.
Естай орта жасқа келіп қалғанда әмеңгерлік жолмен Зағишаға үйленген. Зағиша ерекше сұлу адам болды дейді көргендер.
Бір-бірін қадірлеп өткен көрінеді. Немересі; «Естай атам мен Зағиша апамның татулығы, сыйластығы қандай еді... ондай адамдар қайда» – дейді.
Естай аудан орталығына жеткеннен кейін нашарлап қалады. Дәрігерлер жағдайының ауыр екенін ескертеді. Ақкөлге жетудің енді қиынға
түсетінін сезгеннен соң, Чкалов совхозының 1-бөлімшесінде тұратын жақын туысы Жамалдың үйіне апарады. Жамал Естайдың ағасы Нұрмағанбеттің немересі. Сол ауылда Нұрмағамбеттің Кәрібай деген баласы да тұрған. Кәрібайдың әйелі өмірден ерте өткен екен. Сол себепті Естайдың күтімі дұрыс болмас деген оймен Әбікейдің қызы Жамалдың үйіне тоқтайды. Естай өмірден өткеннен соң, ескі салтпен қыздың шаңырағынан шығармас деп Кәрібайдың үйіне әкеледі. «О дүниелік болып кетсем сүйегімді елге сүйремей, осы жерге қойыңдар, Қорлан берген жүзікті де өзіммен бірге жерлеңдер» деп аманат айтқан деседі. 1946 жылы наурыздың 15 күні Куйбышев ауданында (қазіргі Ақтоғай ауданы) қазақ ән өнерінің алыптары Біржан, Ақанға шәкірт, әнші Байғабыл, Жүніс Шәймардановқа ұстаз болған, ұлттық өнерге өзіндік қолтаңбасымен келіп, өлшеусіз үлес қосқан теңдесі жоқ композитор өмірден өтеді. Сол күні ақынның жары Зағиша да Ақкөлде дүние салған екен...
Қайрат Айтбаев
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетің «Философия» кафедрасы,
«Мәдениеттану» мамандығының
1-курс магистранты