26 қараша күні түнде Ержан Максим Алматыға ұшып келеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Достар! Бүгін түнгі 02:45-те Алматы әуежайына Ержан Максиммен бірге қазақстандық делегация ұшып келеді. Жеңімпазымызды құшақ жая күтіп алайық. Барлығыңызды әуежайда күтеміз», - деп жазды әншінің фан-клубының Инстаграм парақшасында.
Мәдениет және спорт министрлігі жас әншінің дәл сол уақытта ұшып келетінін растап отыр.
Бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ержан Максимді ән байқауындағы жүлдесімен құттықтағаны хабарланған болатын. Көк туды желбіреткен жас әншіні Димаш Құдайберген де құттықтап, Instagram парақшасында «Құлыншақ, жеңісің құтты болсын! Екінші орын емес, мен үшін бірінші орын деп білемін!!! Жарайсың балапан!!!» деп жазды.
Өз кезегінде Ержан Максим қазақстандықтарға алғысын айтты.
«Құрметті достарым, апа-ағаларым, ата-әжелерім. Маған дауыс бергендеріңіз үшін көп-көп рахмет! Осы жеңіске сіздердің арқаларыңызда жетіп отырмын», - деп жазды әнші.
Еске сала кетсек, Польшада өткен «Junior Eurovision-2019» ән байқауында бақ сынаған қазақстандық Ержан Максим екінші орын алған болатын. Қазылардың берген бағасы бойынша Ержан Максим бірінші орын алды. Ал онлайн дауыс беру қорытындысымен 79 ұпай жинады. Осылайша қазақстандық әнші жалпы 227 ұпаймен екінші орын болды. Байқаудың бас жүлдесін 278 ұпай жинаған Польша өкілі Вики Габор жеңіп алды.