Журналист, жазушы Есболат Айдабосынның жас қаламгерлердің жай-күйі төңірегінде көтерген мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Алғаш боп белгілі саясаттанушы Айдос Сарым пікір білдіріп, көтерген мәселеге келіспейтін тұстарын ашық айтқан болатын. Артынша Есболат Айдабосын қайтара жауап берді. Тақырыпқа қатысты журналист, жазушы Қанат Әбілқайыр, шығыстанушы-журналист Ғалым Боқаш та өз ойын айтты. Бүгін танымал ақын Ерлан Жүніс фейсбуктағы жеке парақшасында пікір білдірді.
***
Сен мұңайма!..
Стивен Фрайдың "Гиппопотамында" кейіпкер: "Бүкіл Англияда, Ирландия, Шотландия, Уэльсте тұратын барлық ақын бір түнде жойылып кетсе де ешкім байқамас еді. Бəлкім, 14 күн өткеннен кейін кенеттен аңғарар" деуші еді.
Жалпы, ақын я жазушы адамдарға (қоғамға) керек пе? Оның мəселесі, өзі қажет пе? Өзгені алаңдата ма? Əлде, азап шегуші, күйзелуші, қорлық көруші, қайыршылық халдегі ханзада бейнесіндегі кейпі ұнамды ма? Мүмкін, катарсис əлеуметтік қажеттілік пен мəжбүрлік арқылы жүзеге асады деп саналатын болар?.. Жан азабы жыртық шекпеннен анық көрінер? Мүмкін, Муза жалдамалы пəтер мен жылаған баланың даусына үйірсек деп түсінілетін болар?.. Мүмкін, өз тағдырының быт-шыты шыққан адам ғана ұлт, адамзат тағдырына алаңдар?.. Мүмкін, өлі ақындар анағұрлым сүйкімді болар?..
Лев Толстой "Менің ең сүйікті ақыным кім екенін білесіз бе?" деп сұрақ қояды да, өзі жауап береді: "Ол - Тютчев, онсыз өмір сүруге болмайды".
Менің ойымша, өзгелер сырт айналса да, қаламгерлер бір-біріне қамқор болуы керек. Əсіресе, жас қаламгерлерге. Олардың қаламнан басқа ештеңесі, бізден басқа ешкімі жоқ!.
Ерлан Жүніс