25 мау, 2022 сағат 15:44

Ердоған орманға өрт қойғандарға жазаны күшейту идеясын қолдады


Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған орман өртін ұйымдастырушыларға жазаны күшейту идеясын қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолыға сілтеме жасап.

Бірнеше күн бойы орман өртімен күресіп жатқан оңтүстік-батыстағы Мугла провинциясында журналистермен кездесу барысында Мемлекет басшысы Мармарис туристік аймағындағы өрттен ешкім зардап шекпегенін және хабар-ошарсыз кеткендер жоқ екенін айтты. 

Айтуынша, өрт аймағына іргелес елді мекендерден 435 адам эвакуацияланды. Өртті сөндіруге 15 ұшақ пен 46 тікұшақ жұмылдырылған. 

Президент Даламан, Фетхийе, Кейчегиз және Сейдикемер аймақтарындағы орман өрттерін бақылауға алғанын жеткізді. 

Сондай-ақ, Түркия президенті орман өртін ұйымдастырушыларды жауапқа тарту мәселесіне тоқталып, мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейту идеясын қолдайтынын білдірді. 

«Түрлі ойлар айтылып жатыр, тіпті өлім жазасын қолдану туралы да. Бұл мәселені талқылау керек деп ойлаймын», - деді Ердоған. 

Ол орман ғана емес, жануарлардың да жаппай қырылып жатқанына назар аударды.