02 там, 2022 сағат 13:10

Соңғы екі аптада коронавируспен ауырған адам саны 3,2 есе өсті - министр

Фото: primeminister.kz

Үкіметтің кезекті отырысында санитарлық-эпидемиологиялық ахуал қаралды. Бұл тақырыпта Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндама жасады, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

Әлемде коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың өсуі жалғасуда және зерттелген үлгілердің 95%-ын құрайтын «Омикрон» штамы басым нұсқа болып қалып отыр.

«Ресми статистикаға сәйкес елімізде пандемия басталғалы бері коронавирустық инфекциямен 1 млн 400 мыңнан астам адам ауырып, індеттің 5 толқыны болды. 20 маусымнан бастап республика бойынша КВИ сырқаттанушылық арта бастады. Соңғы екі аптада ауырған адамдардың саны 3,2 есе өсті. Өткен тәулікте КВИ-дің оң нәтижесімен 2021 жағдай, КВИ-дің теріс нәтижесімен 1 жағдай тіркелді, өлім-жітім тіркелген жоқ», — деді Ажар Ғиният.

Эпидемиологиялық жағдайды бағалау үшін Омикрон нұсқасының сипаттарын, денсаулық сақтау жүйесіне жүктемені және саланың дайындығын ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі 15 шілдеден бастап сырқаттанушылық көрсеткішін 100 мың тұрғынға шаққандағы ауруханаға жатқызу көрсеткішіне ауыстырып, ағымдағы матрицаны өзектендірді. 

Ведомство басшысының айтуынша, бағалау матрицасына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласы сары аймақта, Қазақстан Республикасы және қалған өңірлер жасыл аймақта тұр.

Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың өсуі маусым айының ортасынан бастап тіркеліп отыр. Аурудың ең көп өсуі еліміздің 6 өңірінде байқалады, онда соңғы екі аптада сырқаттанушылық 5 есе және одан жоғары өсті, оның ішінде Ақтөбе облысында – 8,2 есе, Батыс Қазақстан облысында – 6,7 есе, Қарағанды облысында – 6,4 есе, Павлодар облысында – 6,3 есе, Ақмола облысында – 6,1 есе, Қостанай облысында – 5 есе көтеріліп отыр. 

Министрдің айтуынша, сырқаттанушылық 3-тен 5 есеге дейін өскен өңірлердің екінші тобына республиканың 5 өңірі енді. 

Сырқаттанушылықтың 3 есеге дейін өсуі еліміздің 6 өңірінде байқалады. Соңғы аптада Алматы қаласында КВИ бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақтанды.

«Бүкіл әлемдегідей Омикрон ВА.5 штамының нұсқасы тудырған COVID-19-дың кезекті толқыны осыжылғы шілдеде елімізде жүргізілген генетикалық зерттеу нәтижелері бойынша зерттелген үлгілердің 70%-да анықталды. Бұл нұсқа жоғары жұқпалығымен сипатталады және Дельта нұсқасымен салыстырғанда ауру әлдеқайда жеңіл өтеді. Бұл науқастардың 94%-дан астам амбулаториялық жағдайда емделетіндігімен де расталып отыр», — деді Ажар Ғиният.

Стационарлық ем қабылдайтын пациенттерді талдау кезінде 36%-ы 18 жасқа дейінгі балалар, 64%-ы ересектер екені, ал ауырған барлық адамдардың 52%-нда қосалқы созылмалы аурулары бар екені анықталды.  

«Өткен жылмен салыстырғанда КВИ күдікті жедел медициналық көмекке шақырулар саны 3,7 есе азайғанын атап айтқым келеді, бұл көрсеткіш те аурудың жеңіл түрде өтіп жатқанын айқындайды», — деді Денсаулық сақтау министрі. 

Бүгінгі күні инфекциялық төсек-орынмен қамту 30%-ды немесе науқастар саны - 1500, реанимациялық төсек-орынмен қамту 7%-ды немесе науқастар саны 47-ні құрайды. 

Сонымен қатар, ДСМ басшысы төсек-орын қорының қозғалысын бақылау онлайн режимде жүргізілетінін атап өтті. 

«Төсек-орынмен қамтылуды қадағалау үшін интерактивті карта онлайн режимде өңірлер бойынша медициналық ұйымдар деңгейіне дейін ахуалды бағалауға және жедел ден қою шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл әкімдіктерге, денсаулық сақтау басқармаларына қолжетімді және күнделікті шешім қабылдауға ыңғайлы», — деді А. Ғиният.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу және тұрақты негізде уақытылы эпидемияға қарсы шаралар қабылдау мақсатында өңірлермен ахуалды бағалау бойынша штабтар жүргізіп, жағдайды тұрақтандыруға бағытталған шараларды қабылдап жатыр. 

Сонымен қатар халықты ақпараттандыру мақсатында брифингтер, бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде медицина саласындағы жетекші сарапшылардың қатысуымен кездесулер де өткізіледі.

«КВИ медициналық ұйымдардың дайындығы тұрақты негізде қамтамасыз етілуде, бүгінгі күні 189 медициналық ұйымда 5000 астам ковидтік төсек-орын, 620 реанимациялық төсек-орын, резервте 20 мыңнан астам төсек-орын бар. АМСК деңгейінде 5 700 ұйым және 2 400-ге жуық көшпелі мобильді бригада, оның 1000-нан астамы ауылда медициналық көмек көрсетіп жатыр. Резервте 1 610 мобильді бригада бар», — деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.

Ведомство басшысының хабарлауынша, ауырған адамдардың 80%-ы егілмеген адамдар немесе 6 ай бұрын егілген адамдар екенін ескерсек, уақытылы КВИ-ға қарсы ревакцинациямен қамту қажет екендігін көрсетеді.

Қорытындылай келе, Ажар Ғиният республикада ревакцинация одан әрі жалғасып жатқанын айтты. Бүгінгі күні ревакцинацияны 5 млн астам адам алды, бұл тиісті контингенттің 68%-ын құрайды.

Коронавирустық инфекцияның өсуіне байланысты, эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасының өзектенуін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі аймақтар бойынша шектеу шараларын қайта қарады және бұл шараларды Ведомствоаралық комиссия мақұлдады. Мәселен, жасыл және сары аймақтарда шектеу шаралары бизнес объектілерінің қызметін шектемей, инфекция көзін оқшаулауға бағытталған. Яғни объектілерде санитарлық-дезинфекциялық тәртіпті күшейту, қоғамдық орындарда, қоғамдық көлікте медициналық маска тағу ұсынылады.

Қызыл аймақта шектеу шаралары денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесіне байланысты екі кезеңмен қабылданады.

Бірінші кезеңде – R>1 болғанда және 100 мың тұрғынға шаққанда ауруханаға жатқызу көрсеткіші 25,0-ден 50,0-ге дейін болған кезде:

- бизнес шектеусіз жұмыс істейді;

-  жабық үй-жайларда, көліктің барлық түрлерінде міндетті түрде маскалар пайдаланылады.

Екінші кезеңде R-ға қарамастан, 100 мың тұрғынға шаққанда ауруханаға жатқызу көрсеткіші 50,0-ден астам болған кезде:

- объектілерде «Ashyq» қосымшасы міндетті түрде пайдаланылады;

- көпшілік іс-шараларды өткізуге байланысты бизнес объектілерінің толымдылығы 50%-ға дейін шектеледі .  

- білім беру ұйымдарына қосымша шектеулер енгізіледі;

- ұйымдар қызметкерлерінің 30%-ы қашықтықтан жұмыс істеуге ауысады;

Қызыл аймаққа көшу  және шектеу шараларын енгізу бизнестің және халықтың профилактикалық шараларды ұстану жағдайына байланысты болады.

Министрдің айтуынша, сары аймақтағы Нұр-Сұлтан қаласында үй-жайларда көп адам қатысатын көпшілік іс-шаралар өткізіледі және медициналық маска тағу, әлеуметтік қашықтық талаптары сақталмайды, бұл елордада инфекцияның одан әрі таралуына алып келіп отыр.

«Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және бизнестің шектеусіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бизнес объектілерде санитариялық-дезинфекция режимін сақтау және халықтың қызметтер алу кезіндегі қауіпсіздігін сақтау қажеттілігі туралы тағы да қайта еске саламыз», — деп түйіндеді Ажар Ғиният.