Фото: "Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының" баспасөз қызметінен
Жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы Ult.kz-те.
Бұрынғы заманда қазақ ересектері қартаюға асыққан сыңайлы. Қарттық басталса «бала шағаны асырау бейнетінен құтылып, қу басымыз сыйлы болып, тезірек қазыналы ата-әже санатына өтіп, бала-келіннің қамқорында боламыз, жанымыз тыныштық табады» деп түсінетіндер көп болған. Кейін қоғам, түсінік өзгере бастады. Жастар бұрынғыдай балаларын ата-әже қолына қалдырмай, бірі үлкен қалаға оқуға, кейбірі шетелге кетеміз дей бастады. Жастардың өз жолы, жетер мұраты бар екені айтылатын болды. Түсінуге болады. Ата-ананың мақсаты қай баланың да амандығын тілеп, тілекші болып қалу.
Тек бір мәселе, бұрынғы қариялар сияқты емес, қазіргі егде жастағы кісілердің жүздерінде тұрмыс тауқыметінің ізі аз, ақжаулықты әже, ақсақал деуге келмейтін әлді-қуатты жас зейнеткерлер екі ортада әрі қарай қалай өмір сүрерін білмей қалды. Бірі жалғыз қалғысы келмей бала мен келіннің ортасына түссе, бірі жалғыздықты, жұмыссыз үйде қалуды қабылдай алмай, іштей өзін жеп шаршады.
Зейнетке шығу, қарттыққа аяқ басу ̶ өмірдің соңы таяп қалды дегенді білдірмейді. Мысалы зейнет жасындағы ересектердің дәл осы мәселесін шешу мақсатында дамыған шет елдерде арнайы орталықтар мен үйірмелер, оңалту орындары әуелден көптеп ашылған.
Шүкір, көштен кейін болса да біздің елімізде де егде жастағы зейнеткерлерге физилогиялық, психологиялық қолдау көрсететін «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ашылды. Әрі бұл орталықтың соңғы жылдары еліміз бойынша филиалдары көбейді. Бір өкініштісі, бұл орталықтар туралы көп адам хабарсыз.
Фото: "Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының" баспасөз қызметінен
Осы орайда Астана қаласы Әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» Әлеуметтік қызметтерді ақпараттық ілгерілету бөлімінің басшысы Меруерт Нұрғалиевадан орталық мүмкіндіктері туралы айтып беруін сұрадық.
«Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша алты «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» бар. Негізгі жұмысымыз ̶ қала зейнеткерлерін әлеуметтік сауықтыру. Әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-еңбек, бос уақыттарын өткізу бағыттарында үйірме, секция, клуб аясында зейнеткерлерге түрлі тегін қызмет көрсетеміз. Ағымдағы жылдың басынан бізге бір мыңнан астам зейнеткер келіп тіркелді. Ал жалпы күні бүгінге дейін Астана қаласы бойынша 15 000-нан аса зейнеткер түрлі белсенділікке қатысып жүр. Жалпы күніне 2500 зейнеткер түрлі тегін қызмет түрін алады. Зейнеткерлер біздің клубтарға келіп, үстел теннисі, волонтерлар клубы, егде жастағы киім үлгісі, кунг-фу, вокал, домбыра мен гитарадан сабақ алады. Үйірмелерге тоқталар болсақ, оңалту гимнастикасы, егде жастағы адамдарға арналған фитнес, йога, айкуне, емдік тұзды шахта, ағылшын тілі, шахмат, еңбек терапиясы, қолөнер, кескіндемеге қатысады. Сонымен қатар, біздің орталықта үлкендерімізге арналған физиологиялық релаксация кабинеттері, психологиялық кеңес және топтық тренингтер бар», ̶ дейді Меруерт Нұрғалиева.
Бөлім басшысы бұл қызметтердің барлығы тегін көрсетілетінін айтып отыр. «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» келетін зейнеткерлердің басым көпшілігі денсаулықтарын сауықтыру үшін келеді екен.
«Белгілі уақыт бойы бізде өткізілетін шараларға тұрақты қатысып келген зейнеткерлер денсаулықтарында, психологиялық жай-күйінде оң өзгерістер байқап, алғыстарын айтып жатады. Өмір бойы өзін қызметке арнап, армандарын кейінге ысырып қойған қариялар көп. Мұндай жандар біздегі түрлі үйірмелер арқылы өз қабілеттерін шыңдап, армандарын орындап жатады. Біздің орталыққа келіп бір бірімен танысып, дос-құрбы тауып, тіпті отбасы құрып кетіп жатқандар бар. Жалпы орталығымыздың мақсаты ̶ зейнет жасындағылардың өмір сүру деңгейінің сапасын жақсартып, өмір сүруге құлшыныстарын арттыру. Нәтиже бар. Осы мақсатта әлі де жұмыс істейміз», ̶ дейді «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» Әлеуметтік қызметтерді ақпараттық ілгерілету бөлімінің басшысы.
«Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары» бүгінде еліміздің көп қаласында бар. Бұл орталыққа тіркелу үшін бар болғаны зейнеткерлік куәлігі, жеке басының куәлігі мен тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеу анықтамасы қажет.
Фото: "Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының" баспасөз қызметінен
ПАЙЫМ
Жылдан жылға қарттық кешігіп, жастық ұзарып жатыр. Зейнеткерлеріміздің көбі әлі қуатты. Тек төрт қабырға ортасында жалғыз қалып, өзін ешкімге қажетсіз сезініп, көңілдері күпті болмас үшін ең әуелі өздерінің тарапынан әлі де белсенді, әдемі өмір сүрсем деген ниет керек. Ол ниетін іске асыруда көмекке келер орталықтар дайын. Әр зейнеткер өз ортасын, сүйікті ісін тауып, армандарын орындап, екінші жастығын әдемі өткізсе құба құп.
Динара Болат