17 мау, 2022 сағат 11:27

Елімізде толыққанды мемлекеттік су кадастры болмай тұр - Ерлан Қошанов


Су шаруашылығы инфрақұрылымының түрлі мемлекеттік органдардың қарауында болуы салада тиімді саясат жүргізуді қиындатады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі кезде су ағындары мен су айдындарының режимін зерделеу үшін небәрі 310 гидрологиялық бекет жұмыс істейді. Жалпы, мұндай бекеттер 800-ден асуы қажет. Толыққанды мемлекеттік су кадастры жоқ деуге болады. Осының бәрі су ресурстарының сандық және сапалық жай-күйіне мониторинг жүргізуді, экономика салаларының сумен қамтамасыз етілуі бойынша анық теңгерімнің болуын қиындатады», - деді Қошанов Мәжілістегі парламенттік тыңдау барысында. 

Сонымен қатар ол су пайдалану саласындағы ведомствоаралық үйлестіру мәселесіне тоқталды. 

«Су шаруашылығы инфрақұрылымы әртүрлі мемлекеттік органдардың қарауында. Бұл су ресурстарына қатысты тиімді саясат жүргізуді қиындатады. Мәселен, сумен жабдықтау көздері (жерасты, жерүсті) мен топтық сутартқыштарға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жауап береді. Елді мекендерді сумен жабдықтауды дамытуға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауапты. Жоспарлау, салу және одан әрі пайдалану жергілікті атқарушы органдардың құзырында. Аудандар мен ауылдық округтердің әкімдіктері арасындағы басқарудың жүйесіздігі бірыңғай техникалық, кадрлық, тарифтік саясаттың болмауына алып келеді», - деді Мәжіліс төрағасы. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2040 жылға қарай Қазақстанда су тұтыну 46 пайызға артады. 

«Ішкі су саясаты күшті болмаса, көрші елдермен тиімді су дипломатиясын жолға қою мүмкін емес. Қазақстан аумағының сумен қамтамасыз етілуі өзен ағысы бойынша жоғары орналасқан көрші мемлекеттердің су саясатына байланысты. Сондықтан трансшекаралық нысандарды бірлесіп пайдалануға, мемлекетаралық су қатынастарын жетілдіруге экологиялық қана емес, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі ретінде қараған жөн. Көрші елдермен өзара тиімді ынтымақтастық орнату Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі фактор болуы тиіс», - деді Мәжіліс төрағасы.