Азаматтық авиация комитеті паркінде Boeing ұшағы бар қазақстандық әуе компанияларына нұсқаулық жіберді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті эфиопиялық «Ethiopian Airlines» әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасының паркінде Б-737 (CLASSIC, NG, Max), Б-757/767 санатындағы әуе кемелері бар компанияларына тренинг өткізіп, процедураларды әзірлеуге, сонымен қатар жаттығу дайындығы бағдарламасына экипаждың ұшу кезеңіндегі жылдамдық, биіктік алу және эшелон құрылғылары дұрыс көрсетпеген жағдайда (loss of control in the event of unreliable speed indication - take off, climb, cruise) әрекет ету іс-қимылын қосуға кеңес береді», - делінген комитет хабарламасында.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Эфиопияда 157 адамы бар ұшақ апатқа ұшырады.
Осы қайғылы оқиғаға орай Нұрсұлтан Назарбаев Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасының Президенті Сахле-Ворк Зеудеге көңіл айту жеделхатын жолдады.