Видеоконференция форматында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің қорытындысы бойынша ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мүшелері, мемлекеттеріміздің арасындағы тығыз саяси, экономикалық, әлеуметтік және тарихи байланыстарды ескеріп, 2014 жылдың 29 мамырындағы ЕАЭО туралы шартта көрсетілген мақсаттар мен қағидаттарға адал екенімізді қуаттай отырып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия деп жариялап, қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай ретінде сипатталған COVID-19 – коронавирус инфекциясының халықаралық деңгейдегі маңызға ие болып, халықтың қозғалысын шектеп, тауар және қызмет саудасын қиындатып тұрғанын, жаһандық қаржылық және шикізат нарығында құбылмалылықты туындатқанын, COVID-19 пандемиясы кезінде ЕАЭО мүше мемлекеттердің азаматтарын қолдау және адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз етуде ұжымдық күш біріктіру қажеттігін ерекше атап өтіп, әлемдік және аймақтық экономика үшін дезинтеграция қаупі туғанын назарға ала отырып, бұл қауіпке бірлесе отырып, қарсы тұру туралы шараларды біріктіруге дайын екенімізді хабарлаймыз», - делінген ЕАЭО көшбасшыларының бірлескен мәлімдемесінде.
ЕАЭО ұйымының мемлекет басшылары COVID-19 пандемиясының жағымсыз салдарын жою бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға, қол жеткізілген интеграциялық ынтымақтастық пен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің экономикалық дамуын қолдауға, мемлекеттеріміздегі әлеуметтік және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, іскерлік және инвестициялық белсенділікті қолдауға дайын екендерін мәлімдеді.
«COVID-19 пандемиясымен күрес аяқталмай қалған кооперациялық байланыстардың үзілуіне, халықаралық сауданың тоқтауына, инвестициялық тартымдылықтың бәсеңдеуіне алып келмеуі керек деген нық сенімдеміз», - делінген құжатта.
ЕАЭО басшылары сонымен қатар мемлекеттердің бәрін халықаралық ынтымақтастықты қолдауға, сенімді нығайтуға, қарулы қақтығыстар мен сауда соғыстарын тоқтатуға, халықаралық заңдарды қатаң сақтауға шақырды.
«Біз халықаралық қауымдастықтардың бірлігі мен әлемдік экономиканың тұрақтылығына, тауарлардың, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тамақ өнімдерінің, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен дәрі-дәрмектің, жеке қорғаныс құралдарының қозғалыс еркіндігі қағидаттарының сақталуы жөн деп есептейміз», - деді ЕАЭО мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесінде.
Сонымен бірге, құжатта ЕАЭО елдерінің жедел және жүйелік сипаттағы шаралары COVID-19 пандемиясының интеграциялық бірлестіктегі елдердің экономикаларына ықпалын азайтуға және біртұтас экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталғаны да аталып өткен.
«Біз бүкіл әлемде COVID-19 пандемиясынан туындаған шектеулер мәжбүрлі шара екенін және пандемия тоқтағаннан кейін адам өмірі мен денсаулығына төнген қатерлердің бәрі жойылады деп санаймыз», - делінген бірлескен мәлімдемеде.
ЕАЭО көшбасшылары COVID-19 пандемиясымен күрес аясында бір-біріне қажетті көмек көрсетуді жалғастыруға, денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға, инфекциялардың алдын алып, диагностикалау және емдеу құралдарын құру саласында бірлескен зерттеулер жүргізуге, эпидемияға қарсы әрекет ету алгоритмдерін жетілдіруге ниетті екенін атап өтті.
Осы мақсатта ЕАЭО және ЕЭК мүше мемлекеттерінің үкіметтеріне, орталық (ұлттық) банктеріне COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау және алдын-алу, экономикалық ынтымақтастықты нығайту, ішкі, соның ішінде азық-түлік, нарықтар жұмысының тұрақтылығын сақтау және мемлекеттер азаматтарына қолдау көрсету міндеттері тапсырылды.
«Интеграцияның артықшылығы біздің мемлекеттерімізге және халықтарымызға осы сынақты лайықты түрде еңсеруге мүмккіндік беретініне нық сенеміз», - делінген құжатта.