30 мам, 2022 сағат 12:40

Джо Байден әйелімен бірге Техас штатындағы атыс болған мектепке барды


АҚШ президенті Джо Байден әйелімен бірге 24 мамырдағы атыс кезінде өлген екі мұғалім мен 19 оқушыны еске алушыларға қолдау көрсету үшін Техас штатының Ювалд қаласына барды. 

Байденнің жары бір ай ішінде осындай екінші сапарға шығып тұр. 17 мамырда Ақ үй басшысы Нью-Йорк штатындағы Буффало қаласына келіп, нәсілшіл қылмыскер оғынан қаза болғандардың отбасыларымен кездескен. Бұл оқиға кезінде афроамерикалық 10 адам өлген еді. 

Ювалд қаласында Джо Байден әйелі екеуі қаралы жиынға қатысып, мемориалға гүл қойды.

Одан бір күн бұрын Байден өзі оқыған Делавэр штатының университетінде сөйлеп, екі оқиға кезінде "жазықсыз адамдар өлгенін" айтып: "Нығайып, күшейе түсуіміз керек. Біз трагедияның қайдан келерін білмейміз, бірақ Американы қауіпсіз ете аламыз", — деген еді. 

"Ювалдтегі қанды оқиға қаруға бақылау орнату мәселесін тағы саяси күн тәртібіне шығарды. Президент пен әйелінің Техасқа сапары құқық қорғау органдарының жедел әрекеті жөніндегі пікірталастар күшейген кезге тұспа-тұс келді" дейді "Америка дауысы".

Ювалд оқиғасында "полицейлер арнаулы жасақты күтіп бір сағат кідірді, бұл кезде қылмыскер мектеп ішінде жүрді" деген сын айтылған.

АҚШ әділет министрлігі құқық қорғау органдарының реакциясын тексеріп, қорытындысын жариялауға уәде берді. 

Ювалд мектебінде оқ атқан 18 жастағы Сальвадор Рамосты сол жерде қауіпсіздік қызметкерлері атып өлтірген. Оның бұл әрекетке не себептен барғаны белгісіз. Мектепке шабуыл алдында әжесін атып кеткен. Бұл шабуыл — Америка мектептеріне жасалған ірі шабуылдардың бірі.