16 мам, 2018 сағат 10:34

Дін туралы жаңа заңның жай-жапсары қандай?

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы туралы.

Алматы қаласында республикадағы 18 конфессияның 17 конфессиясынан құралған 179 діни бірлестік жұмыс жасауда.

Қаладағы тұрғындардың негізгі діндар бөлігі мұсылмандар мен православтық христиандар – мешітке тұрақты түрде баратындардың саны 60-70 мыңнан астам, православтық шіркеулер мен храмдарға 30 мыңға жуық адам құрайды. Дін жиналыстарға тұрақты түрде баратын католиктердің саны 500 адам, протестанттарда – 20 мың адам, иудейлерде - 200 адам, буддистерде 100-ден астам адам деп бағаланады.

Осы ретте, дін саласындағы заңнама аталған діни бірлестіктердің барлығына бірдей. Заң аясында жұмыс жасап жатқан діни бірлестіктердің ешбірінің қызметіне негізсіз шектеу қойылмайды.

2017 жылы Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама аясында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді.

Соңғы 6-7 жыл ішінде дінмен және діни қызметпен байланысты кері үрдістер деңгейі артты. Бұның негізінде тұрғындардың діндар бөлігінің діни және құқықтық сауаттылығын жоғарылату және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша шешімдер қабылдау қажеттілігі туындады.

Осы орайда, заң жобасында 12 нормативтік заңнамалық актіге 53 өзгеріс пен толықтыру енгізу көзделген. Қабылданатын өзгерістердің барлығы елімізде тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздіктің сақталуына бағытталған.

Алматы қаласында 2017 жылдан бастап заң жобасына қатысты түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Оның ішінде діни бірлестіктер арасында тұрақты түсіндірілуде. Мәселен, 2017 жылы қалада еркін консультативтік-кеңестік орган болып табылатын Алматы қаласының Діни бірлестіктері көшбасшыларының клубы құрылды және нәтижелі жұмыс жасауда. Клубтың мақсаты мемлекеттік-конфессияаралық қатынастардағы өзекті тақырыптарды талқылау.

Клубтың құрамына қаладағы діни бірлестіктердің 30-дан астам басшылары, мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері енген. Заң жобасын талқылау бойынша бірнеше отырыстар өткізіліп, діни бірлестіктер басшылары тарапынан ұсыныстар айтылды. Заң жобасына қосу үшін берілген ұсыныстар құзырлы органдарға жолданып отырылды.

Сондай-ақ, Алматы қаласы әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысында да заң жобасы кеңінен талқыланды.

Бұдан өзге, заң жобасындағы дін саласындағы ахуалды жақсарту бойынша келесідей маңызды шараларды келтіріп кетсем:

-  дінді кез-келген мүмкін болатын деструктивті мақсатта қолданудың жолын кесуге бағытталған түзетулер енгізілген. «Деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» сынды жаңа түсініктер енгізіледі, бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүругешектеу қою ұсынылған;

-  дін саласындағы жұмыстарды ұйымдастыру кезінде мемлекеттік органдардың құзыреттілігін жетілдіруге, кейбір діни түсініктерді нақтылауға бағытталған нормалар бар;

-  заң жобасы діни бірлестіктердің қызметі үшін анағұрлым түсінікті және қолайлы жағдай қалыптастыруды қарастырады.

Бүгінгі күнде Алматы қаласында ресми түрде 4 діни оқу орны тіркелген. Оның ішінде:

- «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті;

- ҚР ҚМДБ жанындағы Имамдардың біліктілігін жоғарылату институты;

- «Әбу-Ханифа» колледжі (медресе);

- Православтық шіркеудің Алматы рухани семинариясы.

Заң жобасында еліміз жастарының шетелде діни білім алу мәселесіне қатысты бірқатар өзгерістер енгізіліп,алғашқы діни жоғары білімді елімізде алу міндеттелді. Аталған норманы енгізу арқылы екі мәселенің басын ашып алуға мүмкіндік жасалады: біріншіден, отандық діни білім беру мектебі дамиды, екіншіден, еліміздің дәстүріне жат және теріс пиғылды идеялардың елге ену жолдарына тосқауыл қойылады, себебі теріс діни ағымның арбауына ең алдымен шет елге ерте шыққан, әрі діни білімді сол жақтан алған жастар ілінеді.

Сондай-ақ, діни бірлестіктер тарапынан ұсынылған ұсыныстар негізінде заң жобасына бірқатар өзгерістер енгізілді. Мәселен, қолданыстағы заңнама бойынша өңірлік діни бірлестікті құру үшін екі өңірден діни бірлестіктің әрбірінде мүшелерінің саны 250-ден кем емес адам болу керек болса, ал, жаңа заң жобасында бір өңірден болуы жеткілікті болады.

Сонымен қатар, бұған дейін дін саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін айыппұл салу түрінде жаза қолданылып келген болса, жаңа заңнама аясында бірінші рет заңнаманы бұзғаны үшін баламалық әкімшілік өтем түріндегі ескерту жасалынатын болады.

Жалпы, жаңа заң жобасы мемлекеттік-діни қатынастарды жетілдіруге, діни қызмет субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін айқындауға және дін саласын реттеуге мүмкіндік береді.

 А. Есенбеков

Алматы қаласы

Дін істері жөніндегі

басқармасының басшысы