Ақтөбе облысының басшылығы жаңадан салынып жатқан музейде танымал адамдардың жеке заттарын қоюды жоспарлап отыр. Соның ішінде жас әнші Димаш Құдайбергеннің сахналық костюмдері, сондай-ақ Қытайдағы фанаттары тарту еткен сыйлықтары мен жазған хаттары болуы әбден мүмкін, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Aktobenews.kz сайтына сілтеме жасап.
Димаштың анасы Светлана Айтбаеваның айтуынша, аталған бастама қолдау табатын болса, өнерлі отбасы мүмкіндігінше музейге көмектесуге дайын. «Осыған дейін Ембі қаласындағы Жұбановтар музейінің директоры сахналық киімдерімізді сұратқанда Қанат екеуміздің костюмдерімізді берген болатынбыз. Осы жолы жаңа музей тарапынан ұсыныс түссе, әрине, берер едік. Тіпті, кешегіде Димаштың Қытай сахнасында киген киімдерін де тарту етеміз», - дейді Светлана Айтбаева.
Сонымен бірге, Светлана Айтбаева Қытай фанаттарының Димашқа тарту еткен ерекше сыйлықтарды да Қазақстанға жеткізуге тырысқанын айтады. «Қытай фанаттары хаттар жазған. Ойыншықтар, альбомдар сыйлады. Шамам келгенше Қазақстанға әкелдім. Бүгінде үлкен қорапқа салып жинап қойдым. Егер музейден орын табылса, әрине, кейбір дүниелерді экспонат ретінде беруге дайынбыз», - дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Димаш Құдайбергеннің «Singer2017» ән байқауының бірінші кезеңінде киген сахналық киімі 158 890 юаньға (7,2 миллион теңге) сатылған болатын. Костюм mpaimai.jd.com ғаламтор сауда желісінде аукционға шығарылған. Бастапқы бағасы 188 юаньнан (8 500 теңге) басталған киім соңында 158 890 юаньға сатылып кектен. Сол кезде жеңімпазға Iphone 6S телефоны сыйға тартылған еді.