05 сәу, 2023 сағат 14:17

Депутат ұлтаралық араздық үшін сотталған Боранбаев пен Намазбаевты босатуды талап етті

видеодан алынған кадр

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи алғашқы депутаттық сауалын Бас прокурорға жолдады. Мәжілісмен ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін сотталған Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевты босатуды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ермұрат Бапидің айтуынша, Петропавл қаласындағы жағдайдан кейін ел ішіне жік салу синдромы қоғамның қатты алаңдаушылығы мен зығырданын туғызып отыр.

"Иә, ел Конституциясы мен тиісті мемлекеттік заңдар кез келген сепаратизмге қарсы тұра алады. Бірақ халықтық мүдденің қасиетін қорғайтын "ұлттық намыс" деп аталатын тағы бір құдіретті күш бар. Дегенмен, біздің елдің намысын қорғаған ұлтжанды азаматтар Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаев "ұлтаралық араздықты қоздырды" деген желеумен әрқайсысы 5 жылға сотталып кетті. Анығында, бұл азаматтар "ұлтаралық араздықтан" бұрын, қазақ халқының намысын жыртып, ұлттық мүддені қорғап, әлеуметтік желілердегі сепаратистік көзқарастарға қарсы шыққаны үшін сотты болды", - дейді Бапи Бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, бұл азаматтарға өрескел қиянат жасалған.

"Бір ел неге өзінің сыңарезу саясатшыларына тыйым салмайды, біздің ел неге өзінің елдік мүддесі мен халықтық намысын қорғаған азаматтарын соттайды? Бұған дейін Қазақстанда болып келген сепаратизм синдромын және Петропавл қаласында жуырда болған жағдайды ескеріп, Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты үкімді қайтадан қарайтын уақыт та, саяси себеп те, ұлттық қауіпсіздік мұқтаждығы да туды деп есептеймін!", - деп мәлімдеді мәжілісмен.

Осыған байланысты Ермұрат Бапи бас прокурордан "елінің ұлттық мүддесін қорғау жолында сотты болған намысты жігіттер Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты қылмыстық істердің заң талаптарына сәйкес жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қайта қаралып, әлеуметтік әділеттіктің орнауына ықпал етуін" сұрады.

"Азаматтық мінез көрсететін уақыт келді", деп түйіндеді сөзін Бапи.

Айтуынша, оның депутаттық сауалына әріптесі Абзал Құспан да қосылған.