31 там, 2017 сағат 10:47

Дәурен Абаев ерекше реалити-шоуға қатыспақ

«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты «24 сағат табиғат құшағында» реалити-шоуына қатысуға шақырды. Ұсыныс ұлттық телеарнаның жаңа маусымындағы жоба тұсаукесерінде айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Телерадиокешен басшысының шақыртуын министр ілтипатпен қабыл алды. Ол бұл ретте мұның өзі үшін жаңа тәжірибе болатындығын, жобадағы түсірілімге уақыт бөлу мәселесін шешу керектігін баса айтты.

«24 сағат табиғат құшағында» реалити-шоуына қатысуға шақырту түсті. Әрине, мен дайынмын. Менің қолымнен келеді деп сенемін. Бұл мен үшін жаңа тәжірибе болмақ. Алайда барлығы уақытқа байланысты. Мен жобаның қыркүйек-қазан айларында жүргізілетін түсірілімдеріне тап болғанды қалаймын. Егер оған мүмкіндік болмаса, онда желтоқсандағы түсірілімдерді күтуге тура келеді», - деді Д. Абаев.

«24 сағат табиғат құшағында» экшн реалити-шоуы Қазақстанның сұлу табиғатын көрермендерге таныстырады.Түсірілім еліміздің 14 облысында болғандықтан, соған сәйкес сонша бағдарлама шығарылымы болмақ.

Айта кетейік, «24 сағат табиғат құшағында» - «Қазақстан» ұлттық телеарнасының жаңа маусымдағы жобалардың бірі.