Жоғары санатты дәрігер-пульмонолог Саттар Ералиев қазақстандықтарды коронавирус инфекциясына қарсы вакцинацияға белсенді қатысуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Пульмонологтың айтуынша, вакцинация – коронавирус ифекциясын жеңудің жалғыз жолы.
«Вакцинация - көптеген инфекциялық ауруларды жеңді. Бұл ғылыми дәлелденген дүние. Қазір КВИ-ге қарсы дәрі жоқ. Тіпті, болмауы да мүмкін. Бұл әлімдік медицина тарихында бар дүние. Мысалы, шешек ауруына дәрі табылған жоқ. Осы ауруға байланысты кезінде қаншама пандемиялар болды. Жер шарында мыңдаған адам көз жұмды. Шешектi тек вакцинациялау аркылы жеңдiк. Сондықтан, вакцинация – коронавирус ифекциясын жеңудің жалғыз жолы. Негізі, аурумен адамның ағзасы күреседі. Біз беріп жатқан дәрі-дәрмектер ауруға төтеп беру үшін адам ағзасының қорғанысына сеп болады. Мысалы, оттегі жетпей жатса, оттегін береміз, қан қоюланса, соны сұйылтатын дәрі береміз. Яғни, симптоматиялық ем жүргіземіз. Жалпы, біз зақымданған ағзаның қызметін қалпына келтіруге тырысамыз», - деді ол.
Сонымен қатар, ол Қазақстанда жаппай вакцинация басталған кезде адамдарды белсенді түрде қатысуға шақырды.
«Коронавируспен ауырған науқастар вакцина салдыру керек, өйткені аурудан кейін иммунитет 3 айдан 6 айға дейін қалыптасады. Осы уақыт аралығында олар тағы да жұқтырып алуы мүмкін. Мен тұрғындарды вакцинацияға белсенді қатысуға шақырамын. Қазір көптеген елдер вакцинаға қарсылық танытуда. Десек те, вакцинация қарқынды жүріп жатқан елдер де бар», - деді дәрігер.
Сөз соңында дәрігер халық барлық санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін атап өтті.
«Ең алдымен үлкен кісілерге ерекше назар аудару керек. Біз егде жастағыларды үйде отыруға шақырамыз, алайда оларға отбасы мүшелері сырттан коронавирусты алып келуi мүмкін. Сондықтан, жастар барлық санитарлық талапты қатаң сақтауы тиіс. Бұл әлеуметтік қашықтықты сақтау, маска кию, қолыңызды жуу. Респираторлық инфекцияның белгілері болған кезде үйде шықпаған абзал. Себебі сіз өзіңізді ғана емес, өзгелерді де қорғайсыз. Егер оптимистік тұрғыдан қарасақ, менің ойымша, 2021 жылдың соңына дейін пандемия мәселесі шешіледі. Бұл әрине тиімді вакциналардың жасалуымен байланысты», - деп түйіндеді ол.