08 мау, 2022 сағат 15:15

Бұған армия ғана кінәлі емес - Қорғаныс министрі сарбаздардың өлімі жайлы

© Sputnik / Владислав Воднев

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған сарбаздар арасында неге өлім-жітім жиілеп кетті деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Біріншіден, мұндай жағдайлар көп емес. Екіншіден, сіздер білесіздер, Мемлекет басшысы әр жағдайды егжей-тегжей анықтауды тапсырды. Біз комиссия құрдық. Ең алдымен, біз мұның себебін түсінуіміз қажет: жастар неге өз-өзіне қол жұмсайды? Бұған тек армия ғана кінәлі емес қой", - деді Жақсылықов мәжіліс кулуарында.

Ол әскери қызметшілердің өмірі үшін жауапкершілік командирлерге жүктелетінін атап өтті.

"Бірақ адам әскерге азаматтық қоғамнан пісіп-жетіліп, өз проблемаларымен бізге келіп отыр. Біздің міндет – осы проблемаларды барынша жойып, оны әскери қызметтен өтуге бейімдеу. Өйткені армияның басты мақсаты – жас ұрпақты дайындау, оған жауынгерлік міндеттерді орындау үшін әскери-қолданбалы дағдыларды сіңіру, солай емес пе?", - дейді министр.

Айтуынша, комиссия құрамына қарулы күштердің жетекші мамандары кірген. Сонымен қатар, білікті психологтар, әлеуметтанушылар тартылды.