19 шіл, 2017 сағат 08:30

Британдық музей Өзбекстанда ұрланған жәдігердің қайтарылуына көмектесті

Британдық музей Өзбекстанның Бұхара облысы Вабкент ауданында орналасқан ортағасырлық Чашмай-Аюб кесенесінің алдыңғы бетінен ұрланған тақтасын Өзбекстанға қайтаруға көмектесті. Бұл жайлы The Guardian басылымы жазды.

Биіктігі жарты метр арабша каллиграфиялық жазбасы бар көгілдір түсті плитка 2014 жылы жоғалып кеткен. Бұхарадан он шақырым қашықтықта орналасқан ХІІ ғасыр кесенесінің жоғарғы жағында тақта орны содан бері үңірейіп тұр.

Қабырға бөлшегін лондондық Mayfair галереясында сатылымға қойылғанға  дейін мұндағы жұрт енді қайтып табылмайды деп есептеп келді. Таяуда ғана Өзбекстанға келген оксфордтық ғалым аталмыш плитканың суретін Саймон Рэй галереясының каталогынан байқап қалған. Қабырға бөлшегін сатып алған Рэй бірден Британдық музейге хабарласқан, олар коллекция жинаушының бұл әрекетіне ризашылығын білдірді.

Рэйдің айтуынша, сатушылар плитканың көп жылдар бойы Германиядағы коллекциялардың қатарында сақталып келгеніне сендірген. Музейдің аға кураторы Сент-Джон Симпсон тарихи кесенедегі плитканың ұрлануын қылмысқа балап, оны Вестминстер аббатындағы мемориалдық тақтаның ұрлануымен салыстырды.

«Бұл ең керемет, ірі және ең көне жазбалары бар Орталық Азияның діни ескерткіштерінің бірі», - деді музей өкілі.

The Guardian басылымы Өзбекстанның премьер-министрі Абдулла Арипов тарихи ескерткіштің отанына қайтарылғандығына байланысты Британдық музейге шексіз алғысын білдіргендігін жазды. Кесене қабырғасының бөлшегі қалай ұрланғандығы және Өзбекстаннан Еуропаға қалай шығарылғандығы әзірге белгісіз.