26 мам, 2022 сағат 16:54

Біріккен Араб Әмірліктерінде маймыл шешегі вирусын жұқтыру оқиғасы тіркелді


Біріккен Араб Әмірліктерінде маймыл шешегі вирусын жұқтыру жағдайы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Сонымен қатар жұқпалы дерт Еуропа елдерінде жылдам таралуда. Сәрсенбі күні маймыл шешегі вирусын жұқтыру фактілері Чехия мен Словенияда анықталды, Ұлыбританияда қазірдің өзінде 78, ал Португалияда - 50-ге жуық оқиға тіркелген. 

Францияның денсаулық сақтау министрі Брижит Бургиньон Луи Пастер институтына барып, қалыптасқан жағдайды төтенше биологиялық зерттеулер департаментінің ғалымдарымен талқылады. 

«Бұл ауру көп жағдайда жеңіл түрде өтетінін, ал вирус жұқтырғандар үйде оқшауланатынын ескерген жөн. Екі-үш аптада жазылып кететін ауру тарамас үшін өзін-өзі оқшаулау қажет», - деді Бургиньон. 

Аурудың инкубациялық кезеңі бір аптадан үш аптаға дейін созылады. Оның белгілері – қызудың көтерілуі, бас, бұлшықет ауыруы, шаршау және бүкіл денеге таралуы мүмкін бөртпе. 

Кейбір ғалымдардың пікірінше, шешек ауруына қарсы вакцинация маймыл ауруынан тиімді қорғаныс болуы мүмкін.