Алматы қалалық полиция департаменті 16 қаңтарда әлеуметтік желілерге жүргізген мониторинг барысында «Hongqi» маркалы көлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзғанын анықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Құқық бұзушыға қауіпсіздік белдіктерін пайдалану және көлік құралын міндетті сақтандыру шартынсыз жүргізу ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Сонымен қатар жүргізушімен алдағы уақытта жол қозғалысы ережелерін бұзбау жөнінде құқықтық-түсіндірме әңгіме жүргізілді" - делінген қалалық ПД хабарламасында.
Ал желі қолданушылары айыппұл арқалаған танымал актриса әрі продюсер Құралай Анарбекова екенін жарыса жазды.
"Бұл оқиғаның болғаны рас. Түсірілімге бола рулге 15 секунд отырдым. Видеоны әлеуметтік желіге салған мен емес едім, қазір бұл видео жоғалып кетті. Мен көлік жүргізбеймін, жүргізушім бар. Рулге отырғаннан кейін қауіпсіздік белдігін тағуды ұмытып кетіппін. Айыппұлды төледім", – деді актриса Tengrinews.kz сайтының тілшісіне.
Сондай-ақ өнер иесі басынан өткен қателік басқаларға сабақ болғанын да айтты.
"Көліктің иесі – өзім. Бірақ оны сирек жүргіземін. Бұл оқиға менің командама сабақ болды. Мен заңды бұзбаймын. Біздің органдардың қалай жұмыс істейтінін көріп, риза болдым. Енді қайталамаймын. Бағдаршамға бағынып, белдікті тағып, жол ережесін сақтап жүріңіздер", – деді ол.