14 мау, 2022 сағат 13:56

Бастамаларымды жүзеге асыруға өмірімде алғаш рет мүмкіндік берілді – Саясат Нұрбек


Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өмірінде алғаш рет өз бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Нұрбек министр лауазымына өзі сұранбағанын, бұл Президенттің шешімі екенін айтты.

"Мен сұранған жоқпын. Неге десеңіз, мен Мәжіліске депутат болып кірдім. Осы шақырылымның соңына дейін қызмет етуге дайындалдым. Бірақ, Президентіміз, саяси басшылығымыз солай шешті. Осындай өте жауапты, өте қиын учаскені маған бөліп берді", - деді ол Үкімет кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп.

БАҚ өкілдерінің "министр қызметі ұнап жатыр ма, креслосы жұмсақ па екен?" деген сауалға: "Кресло жоқ қой. Менде кабинет те, ғимарат та, адам да жоқ. Креслоны әлі табуым керек", деп күлді Саясат Нұрбек.

"Енді-енді беріп жатыр. Біз әзірге бұрынғы білім және ғылым министрлігінің ғимаратында отырмыз. Сол министрлікті екіге бөлу процесі басталды. Бірақ бұл - сәл күрделі процесс. Бізге қазір үлкен әкімшілік ауыртпашылық түседі. Бірінші мақсатымыз – министрлікті құрып алу", - деді ол.

Әзірге жаңа қызметте жалақысы қанша болатынын да білмейтінін айтты. Ғылым министрі алда өте көп жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті.

"Биыл соңғы 15 жылда жинаған бүкіл ұсынысты жинақтап, жүзеге асыруға мүмкіндік берілді. Сондықтан, бір жағынан, алақаным қышып отыр. Өзімнің бастамаларымды, ойларымды жүзеге асыруға өмірімде бірінші рет мүмкіндік берілді. Іштей қобалжып та тұрмын. Бірақ халқымызға қызмет етуге, Президенттің сенімін ақтауға деген үлкен үміт те бар", - деді Саясат Нұрбек.

Ол сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарын жабу бойынша Асхат Аймағамбетов бастаған жұмысты әрі қарай жалғастыратынын мәлімдеді.

"Міндетті түрде жалғастырамыз. Шын мәнінде, Асхат Қанатұлы үлкен жұмыс атқарды. Ол билік тарапынан жоғары бағаланды. Біз осы принципиалды позициямызды ұстап, жоғары оқу деңгейінде, ең алдымен, сапаны қамтамасыз етуге бүкіл күшімізді жұмсаймыз", - деді Нұрбек.