Балқаш қаласында әріптесіне оқ атты деген күдікпен әскери қызметкер ұсталды. Жараланған офицер хәл үстінде жатыр, деп хабарлайды Бас әскери прокуратураның баспасөз қызметі.
Бұған дейін БАҚ-та Балқаш қаласында әскери қызметкердің оққа ұшқаны туралы хабарлама жарияланған болатын.
Бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. ҚР ІІМ Орталық өңірлік Әскери тергеу басқармасының Қарағанды бөлімімен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.
Әскери прокуратураның ақпаратынша, қорғаныс министрлігіне қарасты 53898 әскери бөлімнің зардап шеккен әскери қызметкеріне ота жасалды. Қазір жағдайы өте ауыр.
"Күдікті – оның әріптесі. Ол 31 мамырда ұсталып, Балқаш қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.
Кешенді жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді.