Балалар қатысатын кез келген іс-шараны ұйымдастыру олардың қауіпсіздігіне кепілдік беруі тиіс. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Балалардың білім алып, жан-жақты дамуына, демалысы мен медициналық қызмет алуына жағдай жасау – мемлекеттің маңызды міндеті. Біз жүздеген мектеп, бала-бақша мен мәдени және спорт нысандарын салып жатырмыз. Мұның барлығы балалардың толыққанды дамуы үшін қажет.
Сондай-ақ Балалар жылы аясында биыл көптеген кешенді іс-шара жоспарланып отыр. Бүгін Алматыда Мемлекет басшысы Балалар жылының құрметіне шығармашылық, зияткерлік және спорттық байқаулардың жеңімпаздары мен лауреаттары 30 мың оқушының қатысуымен «Алматы – фест» фестивалін ашады. Барлық өңірде балаларға арналған мерекелік іс-шаралар басталады», - деді Үкімет басшысы.
Әлихан Смайылов Балалар жылының барлық іс-шаралары нақты орындалуы тиістігін баса айтты.
«Балаларды қорғау күні қашан да жазғы сауықтыру науқанының бастамасы болған. Ол үшін Денсаулық сақтау министрлігі қолайлы жаз мезгілін барынша тиімді пайдаланып, кешенді шараларды қабылдау керек. Балалардың жазғы демалысы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру кезінде көптеген маңызды және негізгі жайттарды ескеру қажет. Ең бастысы – көшеде, суда демалу кезінде, түрлі экскурсияларда балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет», - деді ол.
Премьер-Министрдің атап өтуінше, балалар қатысатын кез келген іс-шараны ұйымдастыру, ең алдымен, олардың қауіпсіздігіне кепілдік беруі тиіс.
«Ішкі істер, Білім және Денсаулық сақтау министрліктері, өңір әкімдері тиісті қызметтердің жұмысын осыған жұмылдыруы керек. Сонымен бірге оқу орындарын қауіпсіздік жүйесімен жарақтандыру және жаңғырту жұмыстарын жандандыру қажет», - деді Әлихан Смайылов.