Фото: gov.kz
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Jibek Joly арнасына берген сұхбатында Қазақстандағы интернеттің сапасын судың сапасына теңеді, деп хабарлайды Kazinform.
«Мысалы, қазір Қарағанды қаласында шағын аудандар бар. Су ағызсаң, сапасы нашар. Бірақ тұрғындар сол суға ақша төлеп жатыр ғой. Енді осындай заңсыздық бар», — деді министр.
Оның мәліметінше, соған қарамастан сумен жабдықтаушы ұйымдар тарифті көтерген.
«Соған қарамастан тарифті көтеріп жатыр. Жуырда 1,5 есе көтерді. Ондай заңсыздық бар. Мен келісемін. Былай айтайын. Біздің бірінші сатыдағы мәселеміз — нарықты шынымен нарық ету. Қазір қарасаңыз, «Қазақтелекомның» ішінде екі оператор ғана бар. Толыққанды нарық қалыптасу үшін кемінде бір-бірінен тәуелсіз үш оператор бәсекелесіп жұмыс істеуі керек. Сонда ғана әділ тариф, әділ сапа, әділ қызмет көрсету болады. Сондықтан біз Үкіметтің атынан «Самұрық-Қазынаның» алдына міндеттеме қойдық. «Қазақтелекомға» тиесілі бір операторды сату керек. Бір инвестор таба ма, шетелден біреу келе ме, қазақстандықтардан біреу таба ма, ашық аукционға қоя ма, өзі біледі. Келесі жылдың ортасына дейін осыны орындау керек», — деді ведомство басшысы.