Парламент Сенатында заң шығарушылық процесті жетілдіру тақырыбына арналған парламенттік тыңдауда депутаттар саладағы кемшіліктерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Парламент депутаттарының басты міндеті – елге де, ел азаматтарына да пайдалы, сапалы заң актілерін даярлау, жетілдіру және қабылдау. Ал олардың тиімділігін анықтаудың басты критерийі – қоғамдық мониторинг жүргізу. Біз қабылдаған заңдарды қоғам, БАҚ, әлеуметтік желі, жалпы халық қалай қабылдады? Жетістігі неде? Кемшілігі қандай? Оның бәрін «Әділет» құқықтық жүйесі, Парламентаризм Институты арқылы қадағалап, қоғамдық пікірді ұдайы басшылыққа алып отыруымыз керек» - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сенатор Мұрат Бақтиярұлы Парламентке ратификациялауға келіп жатқан заң жобаларының, олардың қосымшаларындағы халықаралық құжаттардың мемлекеттік тілдегі нұсқаларындағы сапасыздықты атап өтті. Министрліктер мен ведомстволар қызметкерлері пысықталмаған әрі тексерілмеген материлдарды жібереді.
«Осы уақыт ішінде мемлекеттік органдар мамандары терминдік қолданыстар мен стильді меңгеретіндей болды. Бірақ меморгандар қызметкерлерінің қазақ тіліндегі халықаралық құжаттарды Парламентке қатесіз жіберуге шамасы әрі ынтасы жоқ сияқты. Тіпті, кейбір жағдайларда құжат жобаларының қазақ тіліндегі мәтіні мен орыс тіліндегі мәтіні мазмұны жағын бір-біріне сәйкес келмей жатады. Мемлекеттік заңдар алдымен сол елдің өз тілінде дайындалып, содан кейін ғана қажет болса, орыс тіліне аударылуы тиісті», - деді М. Бақтиярұлы.
Өз кезегінде Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп сенаторлардың ескертуімен толықтай келісетінін жеткізді.
«Еліміздегі кез келген заңның сапасы бірінші кезекте дұрыс болуы керек. Қабылданған заң жұмыс істеуі тиіс, ол үшін заңның тілі жұмыс істеуі керек. Аударма арқылы қабылданған заңның жүзеге асуы, өмірде қолданылуы өте қиын. Сондықтан кез келген заңды қабылдау кезінде мемлекеттік тілді құрметтеуді өтінер едім», - деді Н. Жүсіп.