Еліміздегі көптеген өңір атаулары ертеден аталып, сақталып, жатталып қалғандығы жасырын емес. Қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өзге ұлттың батырлары, көсемдері мен тұлғаларының есімін дәріптеп, санамызға құйып алғанымыз соншалық, тіпті өзгертсек, өзіміз де өзгеріп кететіндей жүрексінеміз. Туған топырағымызға жаттың атын лайық көріп жүре беруге бір түрлі құлықтымыз. Бұрындары қыстау, жайлау, күзеулер сол жерді мекендеген ерлердің аттарымен аталған. Алайда арнайы атауы бар жердің өзін белгілі бір себептерге байланысты өзгертіп жіберіп отырған. Ол үшін ешкімнен рұқсат та сұрамаған, арнайы келісімге де ешкім мұқтаждық танытпапты. Осылайша, ешкім сараптап жатпай-ақ, көпшіліктің дегеніне көнген.
Жалпы Ақмола өңірінің жер-су атауларының қалыптасу заңдылықтарын қарастырғанда, біріншіден, ландшафт ерекшелігін ескерген жөн. Екіншіден, қазақтардың көшпелі мал шаруашылығымен байланысты өмір салттары да аймақ топонимдерінде көрініс табады. Топоним (грек. topos – орын, мекен, onyma – атау) – мәдени-тарихи маңызы бар географиялық атау. Облыс топонимиясында әр түрлі табиғат ерекшеліктерін білдіретін атаулар, нысандардың сипаты, олардың орналасқан жері, флора, фауна және көшпелі қазақтардың өмір салтын бейнелейтін атаулармен қатар, көшпенділердің ру-тайпа атауы, сондай-ақ жер иесінің аттары да кездеседі. Бұған А.М. Селищевтың «Қазақстанда топонимдердің қалыптасуының негізгі екі көзі болды: жер иесінің аты немесе ландшафт» - деп айтқан тұжырымы да мысал бола алады.
Жергілікті атаулардың бірқатар бөлігі ретінде этнонимдер (ел, халық, ұлт атаулары) мен антропонимдерді (кісі есімінен қойылған атаулар) атауға болады. Географиялық атауларды зерттейтін мамандар «ру-тайпа» аттарын «генонимдер» дейді. Ежелгі көшпенділер санатындағы халықтардың бәрінде де жайлаулар мен қыстаулар белгілі рулар, оның ішінде рубасылар иелігінде болған. Сол себепті де ру-тайпалар мен кісі аттары елді-мекен, географиялық нысандар, таулар, өзен-көл атауларымен тығыз байланысты. Сондай-ақ беделді, елге жақсылығы тиген кісілердің есімдерін ұмытылмасын деген мақсатта жер-су атауларына беріп отырған. Осының бір дәлелі ретінде ертеден белгілі Атбасар өзенінің неліктен «Жабай» атанғанын осы өңірден шыққан өлкетанушы Клара Әмірқызының жазбаларына сүйене отырып, саралап көрейік.
19 ғасырдан бері Атбасар өңірі – дерегі мол тарихи мекен. Жартылай көшпелі ел қоныстанған бұл аймақтың еш уақытта қаңырап бос жатпағанын тарих қойнауына тереңдей түскен адамның байқауына мол мүмкіндік бар. 18 ғасырда бұл аймақты Абылай ауылдары қыстағаны белгілі. Архив құжаттары бойынша Троицк бекінісінің коменданты П. Роденге 1761 жылы 3 шілдеде Орта жүз қазақтарының қытаймен қарым-қатынасының жайын білу үшін Абылай сұлтанның (Ол кез Абылайдың хандық титулын Россия патшасының қолдамаған кезі) тұрағына (ставкасына) барып қайтқан тілмашы Ф. Гордеевтің хабарламасында былай дейді: «...Абылай солтан кочует при речке Атбасар и урочище Колутон при горе Зиланды тав, то есть при Змеиной горе»...Осы деректің өзі Атбасар атауының қашаннан бастап аталатынын көрсетеді.
«Атбасар» атауы қайдан шықты, қандай мағынаны білдіреді деген сұрақтардың да ойландыратыны рас. Осыған орай көпшілік жұрт ертеден белгілі атақты Атбасар базарымен байланыстырып, «Ат базары» деген сөзден шыққан деп жорамалдайды. 1880 жылдан бері ғана белгілі болған Атбасар жәрмеңкесінде жылқыдан бастап төрт түлік малдың бәрі де сатылған. Сонда жоғарыдағы дерек Атбасар аты жәрмеңкеден, яғни «Ат базарынан» 120 жыл бұрын бар болғандығын көрсетеді.
Атбасар атауы жөнінде ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер де аз емес. Соның бірін осы өңірден шыққан жазушы Сейітжан Омаров атақты Асан қайғы бабамыз желмаясымен жортып, ұрпағына жерұйық іздеп жүргенде Есілдің бір саласы осы өзенді көріп: «Шіркін, сен де ат тұяғы басуға жарар жер екенсің, сенің атың Атбасар болсыншы», - деп ат қойып кеткендігі туралы айтқан. Әрине, бұл тек аңыз ғана.
Тағы бір аңыз-әңгімеде шамамен 18 ғасырдың аяғы, 19 ғасырдың бас кезінде осы Атбасар өзенінің жағасында Жабай ауылының қыстауы болыпты. Бұл ауыл жайлауға да өзен бойын жағалай көшіп-қонып жүрген екен. Ауыл ағасы Жабай деген кісіде бала болмапты. Ол жылқышыларының бетін қақпай, айтқандарын істеп, өзінің баласындай ұстаған. Малшыларын үйлендіргенде өзі құда түсіп, қалыңмал беріп, әйел алып береді екен. Олардың балаларына да шілдехана жасап, көрші ауылдарының жастарын жинаған. Ал малшылар болса, Жабайдың жомарттығына құрмет көрсетіп, сыйлап, құрмет тұтыпты. Кешкілік мал күзетіне шыққан жастар алтыбақанға жиналған құрбыларына Жабайдың рұқсатынсыз-ақ мал сойып, қонақасы бере берген екен. Сөйтіп Жабайдың жақсы аты көпшілікке, көрші ауылдарға да көп тарайды. Жұрт: «Жабайға барамыз», «Жабай» ауылына барып, суға түсеміз» деген сөздерді көп айтатын болған. Жабай дүниеден өткен соң, малына жігіттері ие болыпты. Бірақ Жабайдың есімі көпке дейін ел аузынан түспеген. Уақыт өте өңір Атбасар атауымен қатар Жабай ауылы деп те аталып, тіпті өзен де Атбасар емес, Жабай деп аталып кеткен екен.
Атбасар қаласы арқылы ағып өтетін Жабай өзені жайында сақталған деректер қорындағы мәліметтер бойынша ертеде жағасына ел қоныстанған өзеннің нақты атауы Жабай емес, Атбасар болғаны жайлы 1779 жылы 27 маусымда Абылайханның ордасына келіп, сапарнама жазған капитан Г. Лилигрейннің күнделігінде жазылыпты. Сондай-ақ Ф. Брокгауз бен Ефронның энциклопедиясында да осы дерек нақты көрсетілгені туралы айтылады.
Атының ұмытылмағанына қарағанда, Жабай жақсылардың қатарынан. Батырлық көрсетіп, ерлік жасап, ерекше іс тындырмай-ақ, өзгелерге жасаған жақсылығы үшін ғана халықтың жадында қалып, тұтас бір аймақ сол кісінің есімін арқалап келеді. Бүгінде көше, мекен, ауыл, қала, тіпті аудан аттары қазаққа түк қатысы жоқ қалмақ батырлары, белгісіз біреудің тегі, елімізге кейіннен қоныстанған ұлт атауларымен, т.б. аталып жүр. Ал үлкендердің сөзіне құлақ түрсем, аталарымыз мұндай ресми атауларға мән де бермей, әлі күнге дейін мекендерді ру, жүз аттарымен атайды. Анықтап сұрай қалсаң, сол жерге қатысты тарихты да баяндап беруге бар.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасы киелі мекеніміздің тарихын таныта түсері сөзсіз. Осы жоба бойынша, мүмкін, бүгінде ұмыт болып, бірақ жергілікті халықтың жадында, ел аузында аңыз болып сақталған тарихи атауларымыз анықталса, халық болып қастерлеуге мүмкіндік туар.
Ирина БЕКЗАТҚЫЗЫ
ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты