16 мам, 2017 сағат 10:14

Асқар Сүлейменов. Шашылып түскен тіркестер

Көрнекті суреткер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменовтің дүние салғанына 25 жыл болды. Осыған орай оқырмандар назарына оның «Шашылып түскен тіркестер» атты көкейкестілігі бүгінгі таңда да анық көрінетін ой-толғамдарының бір парасын ұсынамыз.

Соңғы айларда қазақша басылған екi-үш Құранды қараудың ретi келдi – Халифа Алтай ақсақалдың «Кәләм Шарифi», Өсеров тәржiмәсiнiң алғашқы екi кiрпiшi, Рәтбек пен Қыдырхановтың қотармасы. Алғашқысы «Бәрiмiз де Гогольдiң «Шинелiнен» шықтық»-қа иек артса, соңғы екеуi «Кәләм Шарифтiң» күпiсiнен шыққан. Оңбай шыққан. Алмауыттан жабы боп туған. Бұл тұста, сөз бар ма, «Кәләм Шарифтi» Құранды қазақша сөйлетудiң биiгi деу әбестiк болар едi. Арабшадан мақұрым болған соң салыстыра алмай, шiдерлi ат боп кiбiртiктей бересiң. Дей тұрғанда, қанып iшпесең де қаталап жүрген кездерде шөл қандырған бiр тiл бар. Ертеректе, баларақ кезде оқығандыкi ме, Игнатий Юлианович Крачковскийдiң аудармасы теңдесi жоқ аудармадай елес бередi. Сенбейтiндер түрiкшесiмен салыстырып көрсiн. Үстiрт қарағанда рабайсыздау байқалғанмен, ырғақты ұстау жағынан, әуездiң бояу-реңкiн сақтау жағынан, ой тереңiне бойлау жағынан орысша Құранның жөнi бөлек. Крачковскийдiң 40 жыл аударғанын Рәтбек пен Қыдырханов 2–3 жылда қотарма ғып перiп шықты. Өсеров, Рәтбек пен Қыдырхановтың араб тiлiн қаншалық бiлерiн кiм бiлген, ал қазақша бiлмейтiндерiне кәмiлмiн.

Грамматика ұғымынан келгенде Құран – не ол? Құран зат есiм мен етiстiк. Мұһаммед те сол. Ұлт та солай болса дауа.

***

Зады, бiрегей тұлғаларға, бiрегей кiтаптарға сын есiм жүрмейдi. Мұхаң, Мұхтар Омарханович Әуезов алдымен – Мұхтар Әуезов, сонсоң барып әлем әдебиетiнiң классигi.

«Көксерек» – «Абай жолы» – «Дос – Бедел досты» жазған Әуезов.

***

Жазуға жаңғыз ереже жүредi – грамматиканың ережесi. Ал, қайсыбiр суреткердiң грамматикадан шығып жазуға да правосы бар.

***

Ай айнасын бұлт басса, жан айнасын шаң басқан.

***

Әр сөздiң өз ұяты бар. Жақсы кiтап – ұяттың антологиясы. Жақсы кiтапта ұят сөз де ұятын төкпей көрiнедi.

***

Келер қазақтың да iшетiн уы мен балы – Абай.

***

Жаңа мемлекетке, қатты бұлқы­нып, балтыр қайрат көрсетiп шiдер үзiп көрмеген тай мемлекетке, пси­хо-физикалық астары қат-қабат дип­ло­матияның, табан ағыны дүлей экономиканың тайфунымен осы қазiр кезiккен желкен қайық мемлекетке демократияның ұстыны АҚШ-тың адам правосын ұлт правосынан жоғары қоюы жүрмейдi (Адам правосы дегенде, сөз жоқ, ойда алдымен бәйбiшенiң тәлпiшi орыс азаматы тұрады). Жастығына қоса өз территория­сында өзi тiленiп жүрген елдiң ұстанары: ел азат болмай – мейлi Достоевский боп кетсiн – ер азат емес. Адам правосының приматы таза ұлттық құрылымдарда жүредi.

***

Дiн құрыса тiл сақтайды, тiл құрыса үн сақтайды, бәрi құрыса дiл сақтайды (иаһуди-еврейлер, мысалы). Дiн, тiл, дiл тiзе қосқанда оны оқ қана жеңедi.

***

Некен-саяқ авторларда болмаса, публицистика мен қойын жазба стильдiң жүгiн көтермейдi.

***

Кектiң көзi – Махамбет.

***

Сананың намаздыгер кезi, намазшам кезi, құптан кезi, алакеуiм кезi, сәрi кезi, шапақ кезi, шаңқай кезi, екiндi кезi, бесiн кезi – бiздегi қайсысы? Сонша градацияға бөлетiн қазақта сана қаншалық өзi?

***

Өтiрiктi кешiруге болады – тек ақтауға емес.

***

Ұлы кiтаптың үдесiне шығу беймүмкiн шаруалардан.

***

Құран. Сура № 112 Әль-Ихлас, Меккеде аян болған, төрт аят.

1.Алла жалғыз. 2. Ол – өлмес-дүр. 3. Тумаған да, тудырмаған ешкiмдi. 4. Ешкiм оған тең келмес-дүр.

***

Көшпендi, көшпендi, көшпендi – сонда Сауран, Саудакент, Созақ, Түркiстан, Шымкент, Ташкент, Тараз, Алматыдағы бiздiң дәуiрге дейiн қазылған су жүйелерi қайда қалады? Осы бiз көрген дихандар, бiздiң көкпар тартып жүрiп мираб болған, торлама қауынды құранды ердiң алғы қасына ұрып жеген жетi аталарымыз қайда қалады? Арқа көштi екен деп тозып кетемiз бе?! Оратын жерiн орған, егетiн жерiне еккен, жайлайтын жерiн жайлаған жұрт болмай ма? Бицивилизация дегендi естiп пе едiңiз?

***

Экономикалық қауiпсiздiктiң мәселесi, ең алдымен, ұлттық қауiпсiздiктiң мәселесi.

***

Тәрбиенiң еркiндiгi, еркiндiкпен тәрбиелеу, еркiндiктi тәрбиелеу – бұлар транзистордың антеннасындай бiрiнен бiрi шығатын ұғымдар.

***

Қазақтың екi «жауы» бар. Бiрi, дос-жауы – Абай. Қалғандары – қас жауы.

***

Ұлтжандылықты ауаның деңгейi­не көтерген үш халық болса, екеуi француздар мен поляктар, екi халық болса, тағы сол екеуi. Ұлтшылдықпен тыныс­тау олар үшiн табиғи нәрсе. Парижде қайтқан Шопеннiң жүрегiн Варшавадағы шiркеуге қоюға мирас қылғаны ұмыт қалмайды. Ал, Американың жалауына шырылдауы қалай?

***

Кемталант мүмкiндiгiнше, шын талант қалағанынша жазады.

***

Алған ұмытар, берген – ұмыт­пай­ды. Қазақстанның психологиялық халi: аз да болса алғанын ұмытпайды, мол болса да бергенiн ұмытады. Кең қолтықтың бiр iрiлiгi.

***

Ылғиында Еуропаны көлденең тартады. ЕЭС-ке (Еуропаның Экономикалық Бiрлестiгi) бiрiгiп жатыр, кiрiгiп жатыр. Ну и что? Тойып секiру мен тоңып секiрудiң жөнi басқа. Бiрiгу-кiрiгу қару-жарақ қамалы, дiн қамалы, тiл қамалы берiк ұлттық мемлекеттiң рә-ә-әтiн ұз-а-ақ көрген, планеталық организмнiң күре тамырымен тамырлас елдерге жарасқан. Отау көтерiп оңаша тұрып алмай достастықтың құшағына қойып кету саяси логикаға қиналып сыйысады. Бiр үйiр айғыр үйездеп тұра алмайды.

***

Бiлмеген мiн емес, бiлместiкке көнген мiн.

***

Ең терең идеялар – қиын идеялар.

***

Өнердiң түбiне сорпа бетiндегi майдай қалқыған түсiнiктi идея жетедi. Жазушының бiр мiндетi – ой-идеяны ашу емес, оны мұнартқа көмiп, мұнармен бүркеу. «Шайнап берген ас болмас.» Оқушы шыңғырғандай боп қиналса несi ерсi? Алсын қамау терiн!

***

Гимн: «Елiм-ай», «Кiсен ашқан», не «Қаракесек», «Менiң Қазақстаным». Австрияның гимнi – И.Гайдннiң квартетiнен.

***

Ойлану, ойлана бiлу жанның әрекетi ме, жоқ әлде жанның барқынданғаны ойдың харекетi ме?

***

Өнерi де, өзi де бiртума жiгiт, суретшi Кенжебай Дүйсенбаевтан естiп ем.

Адамның шайтаны атпен келе жатып, «қара қарғаның миы қайнайтын» (Д. Исабеков) аптапта, айдалада шайтанның жылап отырған шайтанын көредi. «Әй, не болды саған?

– Айтпа, ойбай! Осында бiр, екi кемтарды шағыстыра алмай қор болдым

– Қайда оларың?

– Ана жонның астында. Жаңғыз шайлада.

– Кiмдер?

– Екеу. Бiреуiнiң қолы бар да көзi жоқ, бiреуiнiң қос қолы бар да көзi жоқ. Ептесiп-септесiп күн көредi.

– «Әйдә, кеттiк!»

Шайтанның шайтаны мiнгеседi, шайлаға барысады. «Ау, кiм бар?» десiседi. Көзi бар, қолы жоқ шығады. Сәлемнен кейiн адамның шайтаны шолаққа, ат үстiнен екi қамшы жегiзедi, дейдi: «Мынау саған, ал мынаны серiгiңе бер!»

Екi шайтан кетiп қалады.

Шайладан шықпаған әз бiр күн жылап, екiншi күнi сұрайды: – Маған бергенiн қашан бересiң?  – Сорлы-ау, түк те берген жоқ. Екi рет қамшы көтердi.

Қолы бар, көзi жоқ бұған сенбейдi де, екi кемтар кетiскен екен дейдi.

Бұл өзi Черчилльдей психолог-саясаткердiң ұстанған қағидаларынан. Черчилль шайтан болса, шайтанның арманы не? Мемлекет психо-философиялық концепцияға иек артпаса болмайды.

***

Жiгiт ғашығына қалай құласа, адамның атқа солай құлағаны әбден жөн.

***

«Дүние-жаратылыстың екi құпия­сы менi әсiресе тәнтi қылады: жұлдызды аспан төбемде, дiлiмде – адамгершiлiк».

Кант

***

Аристотель бойынша­ тра­ге­дия­ның бiр аты: катарсис – тазару. Тазарған адам тiк қарайды да, қарауылына алғанды қапы жiбермейдi. Ұлтшылдық-ұлтжан­дылықпен ауырып алмай, аялап ауырмай, ұзақ ауырмай, оны тiптi серiк ауру етпей тазару, өзiңе де, өзгелер – иноземцевтерге («Бесатар» повесінің кейіпкері) де таймай қарау мүмкiн емес. Қоғамның кеселiнiң бiр емi – оған тiк қарау. Әр аурудың уақыты бар. Тоқсанға кеп қызылша қарамықтан қайтсаң балдыздарың қолма-қол түлеп шыға келер едi.

***

И.С. Бахтың («Страсти по Матфею»), Моцарттың, Берлиоздың, Вердидiң, Яначектiң реквиемдерiн араға апталар салып, қайта-қайта тыңдаған Мұқағали:

– Бұрын неғып тыңдатпа­ған­сың?

– Классика не жөнiң?

– Не жөнiң дейдi. Өкшемнен шықты. Мен үлпершек, бұлар кездiк болды. Кездiк үлпершекке түспей ме екен?

***

Тағы да Мұқағали:

– Екеумiзге жүз жүрмейдi. Бiзге 99 не 101 жүредi.

– Неге?

– Бiлiп тұрып сұрау Қадырдың еншiсi.

***

Тағы да Мұқағали:

– Асқар екенiң рас болса екi жыл өмiр қосамысың?

– Қосам.

– Қайтiп?

– Бетховеннiң 9-сын тыңдайсың.

– Уақыт ағып барады. Тез тыңдат. Тек осында әкеп тыңдат.

***

Құран. 100-Сураның алғы бес аятының сарынымен:

Таңның салқын шапағатымен,

Қарсы бетке ағызғанда.

Көз қазаны терге толған

Аттарға серт!

Кәфiрлердiң қатар-қатар қатарын

Жас құрманың шыбығындай

Шырпып жонған

Аттарға серт!

Жанның жаны қан болғанда

Раббасы үшiн

һалал қанын қиятын

Жанарына жарты ғалам сиятын

Аттарға серт!

Тiзгiн тiлеп кемiргенде тiзесiн

Тұяғында өрт ойнаған

Тұяқта өрт ойнағанда

Үстiндегi ғазилердiң

Жүрегiнде серт ойнаған

Аттарға серт!

***

Абайда ашу шақырар орам көп. Кейiс шақырар бiр орамы: «­… қазақ та адам баласы ғой.»

***

Арқизм: қытай қазақтарының бекзадасын – «Аңшының әнiн» Үкiлi Ыбырайға байлапты. «Гәкку» мен «Аңшының әнiнiң» арасы шоқ пен мұздай.

***

Қазақ ұлты, түрiк ұлты, ислам ұлты, әлем ұлты – бiрi кем болса басқалары да шала.

***

Текстiң дәмiн алудың төте жолы – талмай оқу.

***

Оқушыны қасқыр көрген тазыдай қалтырат.

***

Өнерде кемталант болғаннан бейталант болған артық. Бейталант – бейтарап, ал, кемталанттың – тiлден бастап дiлге дейiн сұғынбайтын жерi жоқ.

***

Сөйлемнiң жазатын өмiрi бар да, сөйлемнiң өз өмiрi бар. Жазарман сөйлемдi тiрi шөптi таптағандай таптайды. Сөйлемнiң тән екенi, оның сан тарау тамырлары, капилляр-тамыршалары бары ұмыт қалады. Абзацқа, тарауға, бүкiл кiтапқа қызмет ететiн сөйлемнiң автономды өмiр кешерiн ұмытады. Шығарманың бiр аты – ырғағы ыңқылдаған, бояуы кемпiрқосақ боп көрiнер, күмiс ойы түпке тартар сөйлем ғана. Жазарман емес жазушы үшiн қиынға түсерi: сөйлемдегi өмiр мен сөйлемнiң өмiрiн жымын бiлдiрмей өру. Сөйлемдегi өмiр мен сөйлемнiң өмiрi бiрiкпегесiн тiрi тiркес тумайды. Өмiрдiң тамыр солқылы мен сөйлемнiң тамыр солқылын лингвистикалық проза ғана қоса алады.

***

Проза жазбаған ұлы ақын кем де кем. Ақынды прозамен тексерiп алса терiс емес. Ал драматургияға бүгiнгi ақындардың бәрiнiң тiсi батпайды. Тiстейдi – азуға сала алмайды.

***

Қазақтай психофизикалық типтiң азасын «Жiгердей» кемерлейтiн күй, ашуын «Қаракесектей» шыңғыртар ән жоқ.

***

«Стиль – ол, адам» (Бюффон). Стилi жоқтың жазғанын оқу арпа талқанды құрғақ асағандай. Стильсiз жазушы, өз стилiн таба алмаған жазушы iрiге елiктеп көлеңке-калькаға барады да сорпаның сорпасының сорпасы болады. Калька түпнұсқаның – қазан сорпаның, сорына жаралады… Елiктеме. Елiктеп-солықтадың ба – мазаққа өзiң қалмау үшiн – бойлап, барар жерiңдi бiл. Сен түгiл балықтың өзiн жаңқадай ойнатар қара иiрiмiне жолама. Мұқаңдар почерк-графиканың өзiн қисайтып жiбередi.

***

Уақыт – енедi. Адамға да, қоғамға да, мемлекетке де енедi. Енедi де ұя салады, түп-түйәнәңдi жайлайды, бiрақ кетедi бiр күнi – бiр сәтте кетедi, ұшады, құриды. Ал, адам мен қоғам қалады. Адам қалды – бiрақ уақыт өттi. Қайда кеттi ол уақыт? Адамың мiнi, ал оның өзi иемденген, өзi ен салған, оның өзiмен тiл табысқан өз уақыт-мерзiмi оқпан-құрдымға құрыды. Дәл осы жерден адамның екi ұдай тiрлiгi басталады; жаңа уақыт түсi суық басқа уақыт боп келедi де адам онымен қабақ астынан ұғыса алмайды. Бұл – драма. Керек десеңiз идеяның драмасы. Ал шын шығарма – драма. Фельетон да драма.

***

Тағы да стиль туралы. Мемлекетке тақырыппен, концепциямен қарсы шығар мүмкiндiк қалмағанда көмекке стиль келедi. Мемлекет оны бiлмей қоймайды. Түрмеде ол сенi тәндей езсе, стильдi, стильдi қару қылғандарды қуғындау арқылы, ол қоғамды рухани езедi. Жаңа форма, жаңа стилистика iздеу, таза эстетиканың иiрiмiне сүңгу, рухани пластиканы меңгеру – бұлар өзi бағынбаудың энергиясы.

***

Мұһаммед: «Мен әйелдi, мiнә­жат­ты, жұпар иiстi, жылқыны құлап сүйдiм. Бiрақ, жанның шөлiн мiнә­жаттай қандырған ешбiрi жоқ».

***

Библияның күй басы: Алдымен туған Сөз едi, сол Сөз Құдай болатын.

***

Айша Бибiнiң сағанасындағы жазуды аударса: «Сүмбiле. Су суыды. Өмiр – сұмдық.»

***

Пьеса – құндақтаулы сәби, оның қандай азамат болып өсiп шығары режиссерге байланысты.

***

Шын режиссура – жүрек сияқты. Соққаны бiлiнбейдi.

***

Суреткердiң қалтқысыз атқаратын бiр мiндетi – әрдайым сотталармен бiрге сотқа қарсы, ашпен бiрге тоққа қарсы болу.

***

Қазанғап пен Сүгiрден кейiн ұлы күйшi шықса, шертер саусақты кесiп беруге де болар едi.

***

Есесiн жiберген ел – ел емес.

***

Саясаттың жаңғыз альтернативасы – жанның дауысы. Ол дауыс: әуез-әуен боп естiле ме, сөз боп оқыла ма, бояу боп көрiне ме – бәрiбiр.

***

Философияның айтпасқа болмас­ты айтқаннан басқа мақсаты жоқ. Мiндетi де.

***

Құраннан. Сура № 12, 19-аят: «Қай жақ бетке қарама – Алланың жүзi сол жақта»

***

Ажал келмейдi. Ажалға барасың. Барған бетте аудиенция бередi.

***

Қыдыр адамға үш рет жолығады. Оң қолының бармағында сүйек болмайды. Ол: «Дәулеттен берейiн бе, перзенттен берейiн бе?» – дейдi. Тiлегiңдi естидi де, ғайып болады.

***

Абайдың қазағынан қара үзiп кеткен қазақ жоқтың қасы.

***

Өнердiң өмiрден айырмашы­лығы – өнер өмiрден үйренбейдi. Оның жаратылыстан болмаса, өмiрден алар дәрiсi жоқ. Өнердiң өз өткенi, өз бүгiнi, өз логикасы мен динамикасы бар.

***

Байронға қосымша: әйелдiң бiр аты – жәннат, бiр аты – ақырет. Әйелмен тұруға да болмайды, әйелсiз тұруға да болмайды.

***

Әйел дәлелдермен емес, сенiммен тiрлiк кешедi.

***

Адамның жүрегiнде құштарлық ауысып тұрады Бiрiнiң өшкенi – бiрiнiң өскенi.

Ларошфуко.

***

Ел дерттi – зар шықпаса, тән дерттi – зәр шықпаса.

***

Бабы мен бағы бұққан тұяқ та бiр, ойға суарылмаған әуен мен әуез де бiр; ненi айту бiр пара, қалай айту бiр пара, кiмге айту бiр пара, кiмге айту, қашан айту бiр пара…

***

Өмiр – өнер болғанда, өнер – өлшем. Өнер – өлшем болғанда, өлшем – үнем. Ал, үнем – тiрлiктiң күре тiнi.

***

Байлық – барлық болғанда, өнер – мұрат. Байлықтан мұрат шықпаған. Ал, мұрат – тiрлiк.

***

Ән – зар. Зар һәм мiнәжат.

***

Жалғанның жалғандығын жылқы­ның жанарынан асырып көрсетер айна қане?

***

Билiк түбi – зорлық. Қай елде де солай. Қашаннан солай болды.

***

Дарынды iздемейдi кiсi – дарын да жатырда жатқанда қаныңа құйылатын нәрсе.

***

Сөз – құлын да, ой – жылқы.

***

Тәннiң маңдайына айғайды жазған. Жан бұқпаса болғаны.

***

Бұл ғаламда тұзақты да, тұсау-тұсамысты да туабiттi танымасқа жаралған бiреу бар, ол – адам.

***

Есектің бағы – жылқымен аталас­тығы.

***

Мас адам – мемуарист.

***

Ашық айту – анық айту болғанмен, ақиқатты айту емес.

***

Тәңiрiнiң бiр аты – шындық.

***

Радловтың: «қазақтар – Шығыстың француздары» дегенін «француздар – Еуропаның қазақтары» деп қисындауға болады.

***

Мiнсiз шығарма жазу оңай. Қиыны – ғұмырыңды мiнсiз шығармаға айналдыру.

***

Миледи!

Мен Сізді жүрегімде ұзақ уақыт аялап қалай күткенімді елестете де алмайсыз… Жылқыға қалай құлай берілген болсам, Сізді де тап солай жақсы көремін!

(кенже қызы Әсмәға жазған хатынан)

***

Бисмилләһ! раһманрахим!

Меле

… Уақыт адамға ене ме әлде адам уақыттан өте ме? Жуырда Қарагөзге (үлкен қызы – ред.) жазған хатымда да осыны айттым. Және бұл уақыт – мәңгілік, ал, адам – сәттік екеніне қарамастан ойландыратын сауал. Айтпақшы, бұл кез келген шығармашылықтың, қолдан жасалмаған, конъюнктурадан ада тартыстың өзегі…

(ұлы Әлішерге жазған хатынан)

***

Адамның рухани iзденiс-сiлкiнiстерi үш-ақ сауалдың аясына сыяды:

а) не бiле аламын?

б) не iстеуiм керек?

в) үмiт артарым не?

***

Бұл – үркердей ғаналардың кiтабы. Олардың, бәлкiм, дүниежарықты әлi көрмеуi де мүмкiн. Олар, бәлкiм, менiң Заратустрамды да түсiнер…

***

Жақсыдан сөз шығады жан секілді,

Тамырдан атқылаған қан секілді…

***

Өмiр – тән, өнер – жан, тән тұншыққанда – жан шыңғырады.

***

Өлiмге берер жаным бар, пендеге берер арым жоқ.

***

Ажал айдан аумаған, кiм көрген оның арқасын.

***

Юбка киген Махамбет!

(Фариза туралы)

***

Сiлтесең – семсер, қорғансаң – қалқан орнына жүрген қайран, Әнуар!

(актер Ә.Молдабеков туралы)

***

Талант – тұяқ, Абай – жол. Сол жолмен анау Жидебайға, мынау Қарауылға кемеңгер де келедi, кеще де келедi. Мұнда «үйренемiн» деп, «үйретемiн» деп келмеу керек… Мұнда тазарамын, арыламын деп келу керек. Елдiң неге келгенiн бiлмеймiн. Мен өзiм арыламын деп келдiм…

Абайдың 140 жылдығында, 1985 жылы Семейдегі салтанатты жиында сөйлеген сөзінен

***

Елдiң, жұрттың, ұлттың құруы, алдымен, интеллигенцияның иттiгiнен, сатымпаздығынан бас­талады.

«Ерулiк» пьесасына алғысөзден.

 ***

Кәмiл болуы қиын, бiрақ ой қашады: халық – екi ұғымның құлы – кеткен мен келердiң. Бүгiнгiнiң, қазiргiнiң, осы сәттiң емес – не кеткеннiң, не келердiң. Неге?

Халық бiледi: егер онда, халықта, жауапқа жүре аларлық сана болса – айтқанына жауап беру керек. Ал, бүгiнгi өмiрде кепiлдiкке бару – егер, осы нұсқаның бiрiне ғана ат басын тiреу шарт болса, әрине, келердiң құны – возможность отказаться всегда.

***

Цивилизация сияқты мың сан үйiрден тұратын ұлы ұғымның iшiндегi алмауыты – ойлана бiлу, оның мәдениетi. Бұл болмайынша ұлттық сананың iлгерiлеуi қиын…

1978–1992 жж.

Дайындаған Әлия БӨПЕЖАНОВА

"Түркістан" газеті