Байқасаңыз, “аманат” сөзі басқа тілге аударылмайды. Аударылмайтыны, қазаққа ғана тән қасиетті ұғым. Әйел ерге, жер елге, өткен мен болашақ бүгінге, халық басшыға аманат. Кешегі арқырап өткен Абылайлар қазақ деген халықтың тұтасу, бірігу жолындағы сан ғасырлық аманатын арқалады. Күркіреп өткен Кенесарылар Абылайдың аманатына адал болды. Күңіреніп өткен Халелдер Кенесарының, Бекмахановтар Досмұхамедовтердің аманатын арқалады. Және оның бәрі — бір аманат. Оның бәрі — алаштың азаттығы үшін, рухы бостан, басы көтеріңкі, кеудесі биік, ешкімді басындырмайтын, ешкімге кіріптар емес, ауқатты да барақатты ұлт болу жолындағы күрес еді. Сағымға сіңген қасқыр заман болсын, кеңестік түлкі бұлаң, бүгінгі бұлыңғыр дәуір болсын, бұл күрес тоқтаған емес. Тоқтамайды да. Ал біз — мен, сіз — сол аманатқа адалмыз ба? Сатыбалды Нарымбетовтің “Аманат” фильмі естілерді дүр-дүр сілкіндіретін, санасыздардың саңылауына там-тұмдап рух пен намыс сәулесін құятын құнарлы дүние болып шығыпты.
Алғашқы кадрлардан-ақ кинотуындының үлкен дайындықпен, сүйіспеншілікпен, тақырып пен кейіпкерлерге деген ықыласпен түсірілгені сезіледі. Кітапханада ізденіп жүрген Ермұхан Бекмахановты көресіз (Б.Айтжанов). Ол әлдене оқып отырып ұйықтап кеткенде қаһарына мініп, қол жиып жатқан Кенесары (С.Мәдиев) заманына сүңгіп кетесіз. Келесі бір көріністе жас журналист (А.Нұртаев) Ермұхан Бекмаханов туралы очерк жазып жүреді. Ал тағы бір көріністе Халима Бекмаханованың (Қ.Мұхамеджанова) естелігімен 40-жылдарға түсесіз. Демек, негізгі линиялар – 19-ғасырдағы Кенесары қозғалысы, 50-жылдары Кенесарыны зертейтін Бекмахановтың күрескерлігі және 60-жылдары Бекмахановты зерттейтін жас журналистің өмірі. Картинада бірнеше кезең қамтылады және олар тонның ішкі бауындай жымдасқан, «көзге жеңіл», «жүрекке жылы тиеді». Мойындау керек, кейінгі жылдардың мақтаулы фильмдерінен шашыраңқылық, немесе мазмұн мен форманың үйлеспей жатуын жиі аңдайтын едік. Бұл картинаның тігісі жатық шығуына режиссердің әр көріністі, әр детальді ыждаһатты ойластыруы, және монтаж бен музыкасының әсері ерекше болды ғой деп топшылаймыз. Талантты композитор Ақтоты Райымқұлова бірінші кадрдан бастап әсерлі музыкасының қанатына қондырып, сізді бөлек әлемге әкетеді. Француз монтажері Эрве Шнайд кезеңдердің байланысын шебер өреді. Драматургиялық тұрғыда Кенесары, Наурызбай, Бопай, Ермұхан, Бучин, Халима, Хадиша, Жаппар, Сәтбаев, Досмұхамедов, Рамазан, Ермұханның әріптестері… осыншама көп кейіпкердің бірде-бірі адасып кетпеген, тиісінше дамып, өз жүйесін тапқан, соның арқасында фильм оқиғаға бай және аса динамикалы болып шыққан.
Картинаның көркемдік тапқырлықтары мен шешімдерін түйсіну ерекше қуаныш сыйлайды. Мысалы, фильм басталар-басталмастан бірін-бірі арқалаған кішкентай балаларды көресіз. Бұл екеуі – бастан бұлт, көңілден мұң арылмаған, қайда барса да қуғын-сүргіннен құтыла алмаған, бірақ әупірімдеп бірін-бірі сүйрелеп, дәуірден дәуірге жеткен біздің халқымыз. Ермұхан талықсып кетіп, Кенесарыны көретін тұсында, өзі топырлаған аттылардың ортасында қалады. Тура сол сияқты, екі жетім де айнала шауып жүрген аттылардың қоршауында. Бұл көріністі – әлі де еш өзгермеген, сол баяғы, балаң жұртымызды қаумалап тұрған қазіргі дәуірдің қатерлері деп ұғындық. Сатыбалды Нарымбетовтің қазақты жетімдермен шендестіруі де тегін емес. Тарихынан айырылған, тамырынан ажыраған жұрт — жетім болмағанда кім болсын? Немесе әлсін-әлсін көрсетілетін қос қыранды алыңыз. Бұл – ұясына қона алмай жүрген еркіндік, тұғырын таба алмаған әділет-шындық. Орыс әскерлері алғаш көрсетілетін кезде қыран ұясына өрмелеп келе жатқан жыланды көресіз. Кенесары соңғы жорығына аттанатын кезінде жыландар ұяны анық жайлап алған… Хан Кене мұны білмей тұрған жоқ, білді. Бірақ «Осынау ұлы дала үшін, бабалар қанымен, арымен қорғап қалған қасиетті мекен үшін, атам Абылайдың аманаты үшін қасық қаным қалғанша соғысам. Менің бар шындығым һәм мақсат-мұратым — осы. Осы жолда жан құрбан» деді. 90-жылдары орыстың рухын бір көтеріп тастаған Балабановтың «Брат» фильмінде Данила Багров сұрайтын еді ғой, «Аға, осы шындық қайда?» деп. Біз үшін, қазақтың әр баласы үшін шындық — ұлттық мұрат жолында қызмет ету. Фильмнің астарында жатқан осы ой бәрінен құнды. Әйтпесе тарих біледі, бізде талай бай манап та, ақын жазушы да, ғалым мен әнші де өтті. Алайда ұлттық мүддені темірқазық ете алмағандардың бәрі – адасқан болып шықты. Олардың өмірі де, өлімі де зая кетті. Демек, азамат үшін түпкі мақсат – туған халқының керегіне «кетігін тауып қалану» болса керек.
“Аманаттан” Кенесары ханның соңғы шайқасын, оның қалай қолға түсіп, басының шабылған сәтін көрем деп барған адам қателеседі. Кенесары ханның Созақты алған айбынды сәтін көреміз. Бірақ соңғы шайқасын көрмейміз. Сарбаздар тұманның ішіне сіңеді. Тарих солай сағымға айналды. Енді бірде сол тұманнан сытылып шыққан құлын шауып барады. Қоңырауы сылдырлап барады. Бұл – сонау ғасырлар қойнауынан үздігіп әзер жеткен, біздің тарихымыздың үні. «Ақиқат пен тарих шындығы қақпамызды қағып тұр» дейді Бекмаханов. Қоңыраулатқан құлын-дауыс шығады. Ал Хан Кене жартас басындағы «Абылайлаған» айбынды кейпімен көз алдымызда қалды. Кенесарының алтын басының қор болғаны – алаштың намысы тапталғаны, туының жығыңқы, рухының сынық жатқаны. Режиссер рухымызды кезекті мәрте төмен қаратқысы келмеген сияқты. Сол үшін де алғыс айтамыз.
Санжар Мәдиевтің Кенесарысы Голливудтан өсіп шыққан образ. Актердің өзі бір сөзінде “Асанәлі мен Тұңғышбай ағаларымызға қарап өстік” деді. Бірақ ойын мәнері жаңаша, кеңес киносы мен Голливуд киносын тел көріп өскені, екі ойын мектебінен де сіңіргені әйгіленіп тұр. Бұл – экрандағы тұңғыш Кенесары. Ел күткендей “гламур” емес. Ақсүйек, асқақ, рухты, айбынды. Прогресшіл, сауатты. Созақты алғандағы мына сөзін қараңыз: «Құдай қаласа, қала салып, бау-бақша өсіретін күн де алыс емес. Ал әзірше мына қасқыр заманның азуын ажырату керек болып тұр ғой”… Осы бір ғана сөйлемнің астарында қаншама ой-шындық жатыр? «Орыстар болмағанда әлі көшпелі болып жүретін едік» дейтін, аға ұлттың шылбырынан ажырағысы келмейтін сыңаржақтарға жауап бұл. Заман ағымы солай еді, қалалық мәдениет онсыз да келер еді, отырықшылыққа да көшер едік. Тек революциядан кейінгі аласапыран шығынмен емес, өз жөнімен, өз ретімен бәрі де болатын еді. «Жабайы қазақты мәдениетке, өркениетке жеткізіп жарылқаған — орыстар» деген пікірді санамызға сыналап сіңірді, ең өкініштісі, осы сөз әлі күнге деін үлкен мінберлерден де айтылып қалып жүр… Қазақтың хандары ақымақ болған жоқ, қазақтың хандары халықты орта ғасырға сүйреген жоқ. Осы ойды тиянақтай білгені үшін режиссер мен сценарий авторына тағы бір алғыс айтамыз.
Фильмде мағынасы жиді, бос көрініс жоқ. Бір ғана суретті алыңыз. Қуыршақты басынан асырып ұстаған бүлдіршін қыз «Атсайшы! Бол!» дейді көзін жұмып. Садақ кезенген тұлымды қуыршақты атып түсіреді. Осы көріністен-ақ «мың баланың», әлемді дүр сілкіндірген жауынгер халықтың қайдан өсіп шыққаны белгілі болады. Киіз үйге қадалған садақты суырып алатын Бопай ханша (Қ.Анарбекова) пайда болғанда, кербездіктің өзі тіріліп келгендей әсерде қаласыз. Атқа отырғаны қандай, садақты кезенгені қандай, Кенесарының оң тізесін алып сөйлегені қандай… Сол сияқты, Хан Кененің інісі Наурызбайды (Н.Сауданбекұлы) алыңыз. Бір ғана көрініс, бірақ көзі қандай жалынды, кеудесі қандай асқақ, сезімі қандай шынайы. Жорыққа аттанғанда суды кешіп келе жатқан жауынгерлерді көрсетеді. Әрқайсысын. Бір-бірден. Жеңілеміз деп келе жатқан жоқ. Ашынып та келе жатқан жоқ. Асықпайды. Саспайды. Өз даламда келемін, жеңемін деп келе жатыр. Әрқайсысы жүз дұшпаннан өктем. Осылайша, режиссер бір-бір көрінгеннің өзінде есте қаларлық образдар тізбегін жасай алған.
Қорыта келгенде, Кенесары дәуірі көріністерінен асқақ поэтика аңғарылса, 40-50-60 жылдарды қамтитын көріністерде психологизм басым. Тұлғааралық қақтығыстар қою, бояуы қанық драманы құрайды. Ермұхан Бекмахановты режиссер Кеңес дәуірінде ұлттық мұрат үшін күрескен, шындық жолында теперіш көрген барша қазақ интеллигенциясының жиынтық образы ретінде көрсете білгенін айта кету керек. Сонымен бірге тарихшы-ғалымның тұлғалық сипаттарын да дөп басқан. Е.Бекмахановты жары Халима апайдың: «Ол мәдениетті, зиялы, сегіз қырлы, бір сырлы нағыз сері болатын» деп сипаттағанын естігеніміз бар. Берік Айтжанов тұп-тура сол, Халима жеңгей сипаттаған Бекмахановты тірілтті. Зиялы азаматты сомдау бақыты — зиялы ойын мәнерін тәуір көретін актерге бұйырғаны қуантты. Халима Бекмаханованың ролі Қ.Мұхамеджановаға тапсырылыпты. Актер дегеніңіз режиссердің қолындағы ермексаз екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Әрине, Қарлығаш мұнда да Фарида Шәріпова емес, бірақ “Весь мир у наших ног” сияқты арзан фильмдердегі Қарлығаш қандай, “Аманаттағы” Қарлығаш қандай — айырмашылық жер мен көктей. ҰҚҚ қызметкері Болат Бучин роліндегі Әзиз Бейшеналиев нағыз кәсіпқой актер, өз ісінің шебері екенін дәлелдеді. Оның кейіпкері құдды бір “Мастер мен Маргаритадан” шыға келген сиқырлы мысық сияқты. Күтпеген жерден пайда болады, дыбыссыз қозғалады, күліп отырып күл-талқаныңды шығарады. “Бесславные ублюдки” фильміндегі Кристоф Вальцпен иық тірестірмесе де, сол ыңғайда шешілген сәтті образ екенін айта кету парызымыз. Тіпті эпизодтық кейіпкерлердің бір ғана сөз, бір ғана қимылынан бүтін мінездемесі айқындалып жататыны ұнамды. Екінші пландағы рөлдерден Гүлшат Тұтова мен Айжұлдыз Адайбекова есте қалды. Сосын, әрине, Хадиша Адамовна роліндегі Шынар Жеңісқызын атап өткен жөн. Оның «Иван Тимофеевич!» деп бір дауыстағаны-ақ жеткілікті. Кейіпкердің кім екені, қандай екені басынан бақайына дейін түсінікті.
Сол сияқты, бірнеше штрихтан кеңестік дәуірдегі типтік бейнелер тұлғаланып шыға келді. Ол — ұстазын сатып, үйіне кіріп алатын Жаппар, ол -социализмді қызғыштай қорыса да, түбінде итжеккенге айдалған профессор, ол Батыр бала Болатбек туралы поэма жазуды дүниедегі ең үлкен ерлік санайтын ақын, немесе тарихшыларды қызылкеңірдек қылып қойып, миығынан күлетін мысықмұрт чекист… Кімнің сойылын соғып жатқанын өздері білмейтін, арыз жазғыш көрсоқырлар… Сол кейіпкерлер арқылы режиссер дәуір шындығын аяусыз да барынша әділ көрсетті ғой деп ойлаймыз. «Желпілдеген түңлігімді кесіп-кесіп ұлтарақ етті. Елпілдеген көңілімді көсіп-көсіп күлпара етті» деуші еді Темірхан Медетбек, “Көк түріктер сарынында”. Орыс басқыншылығының, орыс отаршылдығының ең үлкен зардабы – көзге көрінетін, сыртқы мәдениетті жойғаны емес, көзге көрінбейтін, ішкі мәдениетті жойғаны. Сатыбалды Нарымбетовтің фильмі, аласапыран дәуірде бұзылған халықтың ниет сапасы, жүрек сапасы туралы.
Айтпақшы, Ермұханның үйіне заттарын көшіріп жатқан Жаппардың айнасын көрсетеді. Және сол айнағана қараған қанденнің үріп тұратын көрінісі бар. «Айнадағы өз бейнесін танымаған ит — үреді. Біз де өз-өзімізді жатсынып келе жатқан сормаңдай халықпыз». Бастан-аяқ фильмнің лейтомтиві болған бұл аллегорияның қазіргі күнге де қатысы жоқ емес. «Өзбек, тәжік, түрікмен, немесе кавказдықтардың хандары мен бектері қашан да жасампаз, ілгершіл, халық қамқоршысы боп келеді. Ал сендердің хандарың шетінен қанды қол қарақшы, бектерің бастан аяқ баскесер. Өздерің осы масқараны қызылкеңірдек болып дәлелдейсіңдер» дейді Бекмахановтың Петербургтегі әріптесі. Неге біз бүгінге дейін Шоқайды, Құнанбайды ақтап алуға мәжбүрміз? Өйткені мәселе өзгеде ғана емес, өзімізде. Бізге тарихымызды бөтендерден емес, өзімізден қорғауға тура келіп жатады. Сатыбалды Нарымбетов жүректі қозғай отырып, өзі де азаптана отырып біздің біраз жарақатымыздың бетін тырнаған. Бастысы, біз үшін ең маңызды идеяны жеткізді. Кім екенімізді еске түсірді, ұлттық сана үшін күрестің әлі де жүріп жатқанын есімізге салды, және болашақты көргіміз келсе, тұтасу керектігін айтты. Біздіңше, бұдан асқан ұстанымның да, идеологияның да керегі жоқ.
60-жылдарда үшінші кейіпкердің линиясы өрбиді. Бұл – Бекмахановты зерттеп жүрген жас журналист Рамазан Думан (А.Нұртаев). Сталин өлген, Бекмаханов ақталған, бірақ ол туралы әлі де айтуға болмайды. «Ленин жолы» газеті редакторының орынбасары Ғафеке (Д.Ақмолда) мен Шәкенің (С.Әбдіхалықов) арасындағы әңгіменің ауанын қараңыз. Оны бір бөлмеге қамап алып сөйлесетін ҰҚК қызметкері мен кабинет иесін (А.Наймантаев) қараңыз. Әлі де екі шоқып бір қарайтын заман, әлі де Рамазанның қыр соңынан қалмайтын үш әріп бар. Рамазан да жалқы кейіпкер емес, орыстың жертөлесін жағалай жүріп жетілген бір буынның ортақ тағдырын анық көрсетіп берді. Даусы тым оғаштау естілген келіншегі екеуі велосипедке мінгесіп алып, бағдары белгісіз болашаққа зулап барады…
Фильмде бірнеше образдар қайталанады. Қыран, жылан, алма. Қыран мен жылан туралы айттық, бірақ алманы інжілдік мағынасына тереңдемей, алпысыншы жылдардағы Алматыға деген сағыныш деп түсіндік. Кенесары, Бекмаханов, Рамазан – үшеуін біріктіретін бір қасиет бар. Ол — жүйемен күресу, ақиқат үшін, ұлттық мұрат үшін басын бәйгеге тігу. Аманат үшін құрбандыққа бару оңай болмаған. Оны Кенесарының да, Ермұханның да мысалы көрсетті. Ол жолда мақта төселіп жатпайды, бірақ түптеп келгенде әзиз өміріңді арнауға тұратын жалғыз нәрсе ұлттық мұрат қана болып шығады. Басқаның бәрі баянсыз.
Сосын, бұл өте объективті фильм. Өйткені патшалық Ресейдікі отаршылдық саясат болғанымен, орыстың бәрі дұшпан емес. Есіңізге түсірсеңіз, өз қандастары талқыға салып жатқанда Ермұханды ақтайтын да, жақтайтын да – орыс ғалымдар. Олардың арасында да әділетсүйгіш, тарих пен шындыққа жанашыр жандар болған. Мұны біз Бекмахановтың Ленинградтағы әріптесі мен жетекшісі образдарынан көреміз. Ал енді С.Погосян сомдайтын генерал-губернаторға қараңыз. Бір ғана деталь. Темекісінің тұқылын бассүйек сипатты күлсалғышқа қағады. Осыған қарап-ақ оның өктемдігі мен шовинистік болмысын байқайсыз. Беріге дейін еуропалықтар қара нәсілді халықтарды адам емес, жануардың бір түрі деп қабылдаса, бұларда да сондай өктем пиғыл басым болды. Пілдің сүйегінен орындық жасап отыру, қолтырауынның тісінен моншақ жасап тағу қандай жарасымды болса, аборигендердің бассүйегіне темекі тұқылын салу да сондай табиғи нәрсе еді. Пілдің, не қолтырауынның аруағынан қорқатындай не көрініпті? Дәл солай, “ең дамыған” халықтарда аборигеннің де жан-дүниесі болуы мүмкін емес, оның обал-сауабы жоқ деген жабайы түсінік болды. Генерал-губернатордың алдында муляж жатуы да мүмкін, бірақ соны бір сәтке көрсетудің өзі арманда кеткен Кенесары бабамызды еске түсіреді.
Және жоғарыда айтқандай, бұл – нағыз интеллектуалды фильм. “Аманатты” өз деңгейінде түсіну үшін қазақ болу аздық етеді, білімді қазақ болуың керек. Шоқан мен Достоевскийдің достығы туралы білу керек, Досмұхамедов пен Алаш идеясын сіңіру керек, Есениннің өмірі мен өлеңінен хабардар болу керек, Роббентроп пен Гитлер телеграммаларының қаншалықты маңызды екенін, ең азы шырамыту керек.
«Аманат» — «Көшпенділер» мен «Мың бала» сияқты жаһанға жар салынып түсірілген жоқ. Бірақ біздің пайымдауымызша, ұлттық рухты көтеруде, намысты оятып, бағдарды байыптауда бұл туынды ең масштабты жобалардан артық болмаса, бір мысқал кем емес. Нарымбетовке жалтылдаған жарнаманың да, баспасөздің зейіні де, «қазақты әлемге танытам» деген амбицияның да керегі болған жоқ. Тып-тыныш қана ізденді, байыппен киносын түсірді және мақсатына жетті. «Аманат» — нағыз біз шөлдеп, сусап отырған, біз сағынып, аңсап күткен кино болып шықты. Кейде ойлаймын, “Аманаттың” көрермен көңіліне қона кетуі – (көркемдік табыстарын былай қойғанда) түйсігімізді қозғайтын тақырыпты көтеріп, арымыз ұнатқан кейіпкерлермен кездестіруінен шығар? Болмашы кемшіліктеріне қарамастан, жалпы алғанда шығарма көзіңізді аймалайды, режиссерлік шешімдерден эстетикалық ләззат аласыз. Демек, нені түсіруде де, қалай түсіруде де Нарымбетов қателеспеді. «Аманат» — идеялық құндылығы мен көркемдік құндылығы астасқан, хас шебердің қолынан шыққан зергерлік жұмыс іспетті: интеллектуалды, шыншыл, әдiл, кәсiби және де көркем орындалған туынды болып шықты. Мұнда режиссерлік шешімдер, операторлық өнер, суретшінің жұмысы, монтажы мен музыкасы, актерлердің ойыны, қысқасы (гримнен басқасының) бәрі (берілген мүмкіндіктер шеңберінде) ең жоғары деңгейде орындалған.
Біз жастар не береді деп елеңдеп жүргенде, Нарымбетов тәжірибе мен нағыз киногерлік мәдениеттің не екенін көрсетіп кетті. Әдетте кинодағы идеология туралы көп айтамыз, және көпшілік оны «Көшбасшы жолы» мен «Ради будущего» деп қабылдайтын сияқты. Жоқ. Идеология деген – кәсіби деңгейде түсірілген «Аманат» және сол деңгейге жете алмағанымен, қалғып бара жатқан рухты бір серпілткен «Мың бала». Бізге қақ шекеден ұратын «нұротаншыл» киноның қаншалықты керек екенін білмеймін. Ойсыз, эстетикасыз, талғамсыз, талантсыз жасалып жатқан “коммерциялық” кинолардың да қаншалықты керектігін айта алмаймын. Бірақ бір керек болса, осындай ұлттық идеяны сіңіретін туындылар керек. Журналист Мәди Манатбек фильмнің премьерасынан кейін: “Бұл фильмді барлық мектептерде, университтерде, мекемелерде, министрліктер мен ведомстволарда, қысқасы көрсете алатын жеріміздің бәрінде көрсету керек. Кинотеатрда прокат бір апта болса, бұл фильмге екі апта беру керек, киноның билеттері мың теңге болса, бұл фильмге бес жүз теңге қою керек, бірақ барынша, неғұрлым көп қазақтың көруіне жағдай жасау керек” деген болатын. Біз бұл сөздермен толықтай келісеміз. Сатыбалды Нарымбетов фильмнің премьерасында: «Бұрын мен тарих деген – мектептегі пән деп қарайтын едім, «Бекмаханов ісімен» танысқаннан кейін тарих деген – біздің өзегіміз, болмысымыздың негізі екеніне көзім жетті» деді. «Аманат» қарапайым көрерменнің көзқарасын да дәл солай өзгертуге қауқарлы фильм. Және солай болады ғой деп үміттенеміз. Себебі масштабы жағынан, тақырыбы, көтерген идеялық жүгі жағынан “Аманат” Нарымбетовтің фильмографиясына ғана емес, күллі қазақ киносының қорына қосылған үлкен олжа деп қабылдадық.
Әсия Бағдәулетқызы
adebiportal.kz