20 мау, 2022 сағат 17:08

"АрселорМиттал Теміртаудағы" жұмысшылар өлімінен кейін екі басшы ұсталды

Иллюстрациялық фото:elements.envato.com

"АрселорМиттал Теміртау" цехындағы төрт жұмысшының өліміне қатысты жұмыстарды қауіпсіз жүргізуге жауапты екі басшы қамауға алынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Қарағанды ​​облысының Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Тергеу үшін арнайы комиссия құрылды, ол да өндірістегі өлім дерегімен айналысады. Қылмыстық істі тергеу барысында кәсіпорын қызметкерлерінен, оның ішінде өндірістегі қауіпсіздікке жауапты тұлғалардан жауап алынды.

Қылмыстық Кодекстің 277-бабында ("Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу") көзделген қылмысты жасады деген күдікпен жиналған материалдарды ескере отырып, жұмыстарды қауіпсіз жүргізуге жауапты екі басшы ұсталды", - деді ПД өкілдері.

19 маусымда Теміртау қаласының тергеу соты осы тұлғаларға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берген. Бап санкциясында 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске салайық, 10 маусымда "АрселорМиттал Теміртау" цехында төрт жұмысшы қаза тапқан болатын. Бір адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген еді.