Қарағанды облысында "АрселорМиттал Теміртау" цехында болған апат кезінде зардап шеккен жұмысшының жағдайы тұрақты, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, оң динамика байқалады.
"Пациент жансақтаудан бейінді бөлімшеге ауыстырылды. Науқас есін біледі, гемодинамикалық көрсеткіштер норма шегінде. Ем толық көлемде жасалып жатыр", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
10 маусымда "АрселорМиттал Теміртау" цехында төтенше жағдай болды. Жұмыс істемейтін пешті демонтаждау кезінде бес жұмысшы үйінді астында қалды. Төрт адам оқиға орнында көз жұмды. Тірі қалған жалғыз жұмысшы ауруханаға жеткізілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне қайғылы оқиғаның себебін анықтауды, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды.