01 мау, 2022 сағат 20:00

Әр өңірден келген оқушылар Ақорданы аралады

фото: baigenews.kz


Халықаралық балаларды қорғау күнінде еліміздің әр өңірінен 34 оқушы Президенттің резиденциясына барды. Оларға танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Балалар Қазақстан Республикасы Президентінің кеңсесінде болды. Сондай-ақ елорданың жас қонақтары Мемлекет басшысының атынан естелік сыйлықтар алды, деп хабарлайды БҒМ баспасөз қызметі.

Балалар жылы аясында аз қамтылған, көп балалы отбасы балалары, жетім балалар, оқу озаттары, сондай-ақ 10-14 жас аралығындағы зияткерлік және шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Нұр-Сұлтан қаласын аралауға жолдама алды. Оқушылардың айтуынша, бұл сапар енді олардың есінде мәңгі сақталады.

«Бүгін біз «Ақорда» резиденциясын араладық. Оның сырты қандай әдемі болса, іші де сондай әдемі. Біз көптеген залды араладық, бірақ маған Шығыс залы ерекше ұнады. Ақордада болғанымда, онда жұмыс істейтіндердің біз үшін және «жаңа Қазақстан» үшін бәрін жасап жатқанына көзім жетті», - деп айтты елордаға Талдықорғаннан келген 6-сынып оқушысы Ақбота Болат алған әсері туралы.

«Ақордада өте қызықты және әсерлі экскурсия болды. Мен еліміздің тарихы туралы көптеген қызықты деректі тыңдадым. Соңында бізге дайындалған тосын сый ерекше ұнады. Себебі бізге планшеттер сыйлады», – дейді жас алматылық Ерасыл Серіков.

«Мені экскурсияға жіберген мұғалімдеріме және мектеп директорына алғыс айтқым келеді. Ақорданы аралау өте қызықты болды, көптеген жаңа ақпарат алдым. Мен өз достарымды, балаларды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтағым келеді. Барлық тілек орындала берсін. Сондай-ақ Мемлекет басшысына да керемет сыйлығы үшін алғыс айтқым келеді», – дейді қарағандылық Аружан Ерасынова.

Өңірлерден келген оқушылар елорданың басқа да көрікті жерлерін аралады. Олар Оқушылар сарайында, Ұлттық музейде, астаналық циркте болып, «Бәйтерек» монументі мен «AILAND» отбасылық демалыс орталығында болды.